1 – Мал-мүлікпен жасалатын құлшылық. Бұған зекет, кәффарат төлеу және құрбандық шалып тарату секілді құлшылықтар жатады. Мұндай құлшылықтарды біреу арқылы барлық жағдайларда атқаруға болады.
2 – Дене мүшелерімен жасалатын құлшылық. Бұған намаз және ораза секілді құлшылықтар жатады. Мұндай құлшылықтар біреудің орнына атқарылмайды.
3 – Дене мүшелерімен және мал-мүлікпен жасалатын құлшылық. Бұған қажылық секілді құлшылықтар жатады. Ханафи, шафиғи және ханбали мәзһабтарында мұндай құлшылықты біреу арқылы тек мәжбүрлі жағдайларда ғана атқаруға болады.
Енді сіздің сұрағыңыздың жауабына келетін болсақ, төрт мәзһабтың да көзқарасы бойынша марқұм үшін біреудің қажылық жасауына болады. Егер марқұм қажылық парызын өзі атқара алмай, қайтыс болардан бұрын орнына біреудің қажылық жасауы туралы өсиет қалдырса, артында қалған дүние-мүлкінің үште бірін мұрагерлері қажылыққа баратын адамның жол шығыны мен азығы үшін беруі қажет.
Жуһайна руынан бір әйел Пайғамбарымызға(с.а.с.) келіп: «Менің анам көзі тірісінде қажылық жасауға серт берген еді. Бірақ оны орындамастан дүниеден озды. Оның орнына қажылық жасайын ба?» деп сұрайды. Алла елшісі(с.а.с.): «Әрине, оның орнына қажылық жаса! Қалай ойлайсың, егер анаң біреуге қарыз болса, оны өтер ме едің? Алланың қарызын өтеңдер! Алла – уәдесінің өтелуіне ең лайықтысы» деді. (Бұхари, әл-Жамиус-сахих)
Сондай-ақ, егер өсиет еткенімен, артында қалған мал-мүлкі қажылық шығынын көтеруге жетпесе, онда артында қалғандары қаласа өздері барлық шығынды көтеріп, ата-анасының атынан біреуді қажылыққа жіберуіне немесе өздері де баруына болады. Бірақ бұл оларға міндет емес. Дегенмен ата-ананың орнына қажылық өтеулері жақсы амалдардан болып саналады. Себебі Пайғамбарымыздан (с.а.с.) бір әйел қажылығын атқармастан қайтыс болған әкесінің орнына қажылық атқаруға бола ма деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әкеңнің орнына қажылық жаса» деген.(Бұһари, әл-Жамиус-сахих)
Бірақ қажылық уақытында бір адам екі кісінің атынан қажылық өтей алмайды. Басқа біреудің атынан қажылық өтейтін адам қажылық кезінде бір адамның атынан ғана қажылыққа ниет ете алады. Басқа адамдардың да атынан қажылық өтегісі келсе, оны келесі жылдарға қалдыру керек. Сондай-ақ, қайтыс болған кісілердің атынан умра да атқаруға болады.