– Аға, сұхбатымызды жаңадан құрылған «Уақып» қорының атауынан бастасақ. «Уақып» деген қандай мағна береді?
– «Уақып» деген сөз мұсылман елдерінде қайырымдылық ретінде берілген салық салынбайтын мүлік, яғни орыс тіліне аударғанда ВАКФ сөзін білдіреді.
ВАКФ (вакуф) – мұсылман құқығында мемлекетпен немесе жеке тұлғалармен қайырымдылық немесе діни мақсаттарға берілген мүлік. ВАКФ-қа инвестициялық кіріс әкелетін, қайырымдылыққа бағытталған, алайда мүлік шығыстауға және бөлінуге жатпайтын жылжымайтын, сонымен қатар, жылжымалы мүлік жатады.
– Енді осы қор туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– «УАҚЫП» қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қоры ағымдағы жылғы 1 шілдеде әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті.
Қор коммерциялық емес ұйым және оның құрылтайшылары «Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы», «Діни мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу және талдау орталығы», сондай-ақ, «Қазақстан дінтанушыларының конгрессі» және «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Зекет қоры» корпоративтік қоры» болып табылады.
Қордың негізгі қызметі дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға, мемлекеттің зайырлы негіздерін нығайтуға және діндерді деструктивті мақсаттарда қолдануға жол бермеуге бағытталады; діни ғимараттар мен әлеуметтік объектілердің құрылысын жүргізуге және қызмет көрсетуге көмектесу; діни бірлестіктер қызметкерлеріне қолдау көрсету және олардың біліктілігін арттыру; табысы төмен, жұмыссыз және мүгедектерге қаржылай (қайырымдылық) көмек көрсету.
– Бұл қорды құруға не себеп болды?
Қордың жұмысы Жарғылық мақсатқа қол жеткізу және 2017 жылдың 20 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған қарастырылған тапсырмалардың орындалуына мүмкіндігінше қолдау көрсету болып табылады, атап айтқанда.
– мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу;
– дін саласында мемлекеттік саясаттың тиімділігін жоғарылату;
– мемлекеттік-конфессионалдық және конфессияаралық қарым қатынастың қазақстандық моделін одан әрі жетілдіру;
– Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ерекшеліктеріне негізделген, дін саласында мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру;
– азаматтарды қорғауға және қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларына, жетімдерге, зейнеткерлерге және әлеуметтік қорғалмаған басқа да тұлғалардың ұлтына, азаматтығына, дінге деген сеніміне қарамастан материалдық көмек көрсету;
– тарихи ғимараттардың қалыпты жағдайда қызмет етуін ықпал етуге, діни білім беру ұйымдарына, әлеуметтік объектілерге қолдау көрсету;
– діни ұйым қызметкерлеріне және ұйымдарға, діни білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне біліктіліктерін көтеруге қолдау жасау және қоғамның әртүрлі топтарының арасында діни экстремизмнің алдын-алуға белсенді қатысуына алғышарт жасау болып табылады.
Осылайша, Қордың құрылуы уақыттың тура қазіргі талабына сай және Қазақстан тұрғындарының бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау қажеттігін қанағаттандыруға бағытталған мемлекет пен қоғамның өзара оңды да тығыз қарым-қатынасының дұрыс көрінісі болып табылады деп ойлаймыз.
Қордың қайырымдылық қызметі жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрде аударған қаражаттары есебінен жүргізілетін болады. Қордың Жарғысына сәйкес, ерікті аударылған қаражаттар қайырымдылық мақсатта тікелей және мақсатты капитал арқылы пайдаланылатын болады.
Қордың бюджеттен қаржыландырылмайтынын ерекше атап өткіміз келеді. Мемлекеттік бюджетті қайырымдылық мақсатта пайдалануға Қазақстан Республикасы «Қайырымдылық туралы» Заңының 25 бабына сәйкес тыйым салынған.
Мұсылман құқығында ерікті түрде аударылған мұндай қаражатты басқару Вакф институты қалыптасқан. Бұл Ислам қайырымдылығы мен қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының құралы болып табылады. Бұл ретте, мүлікті иелену және пайдалану құқығы бенефициарларға ауысып, қаржыны басқару құрылтайшы вакфтың еркімен жүзеге асырылады.
Вакфтарға эндаументтер сияқты салынған активтердің мерзімсіздігі, кірісті үздіксіз қайта қайта генерирациялау қабілеті тән. Вакф-фондтардың көлемі азаймай, тиімді инвестициялар арқылы ұзақ мерзімді пайда әкелуі тиіс. Турасы қағида қазақстандық қайрымдылық үлгісін дамыту жағдайында қолдануды көздеп отырмыз.
– Қор өзіне нені міндетке алады?
– Қордың міндеті – ерікті аударылған қаражат есебінен мақсатты капитал (эндаумент) қалыптастыру болып табылады. Ол нарық арқылы әлеуметті коммерциялы жобаларға инвестицияланады. Қорға түскен кірістер тек қайырымдылық жобаларына бағытталады. Қорға берілген қаражаттар мен мүліктен түскен кірістер мен табыстар ғана қайырымдылыққа жұмсалады, ал, берілген қаражаттың негізгі сомасы сол қалпында сақталып, әрі қарай да табыс көзі ретінде айналымда бола береді.
– Қордың атқарар қызметінің бір бағыты діни мекемелердің қызметін қолдау. Бұл барлық діни мекемелерді қамтиды ма, әлде ислам дініне ғана қатысты ма?
– Жоғарыда атап өткендей, Қор өз қызметінде халықтың әлеуметтік-осал бөлімдеріне көмек көрсетеді. Басты мақсат – маңызды әлеуметтік жобаларды қолдау. Бүгінгі күнде, жергілікті ауыл және аудан көлеміндегі мешіт имамдары өткір қаржылай қиындықтарға кезігуде. Осы ретте, мешіт қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттыруды қажет етеді.
Дегенімен, Қор өз қызметінде діни экстремизмнің алдын алу бағытында тек қана мешіт қызметкерлеріне ғана емес, заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеуден өткен өзге де діни бірлестіктерге көмек көрсетеді.
– Еліміздегі 2500-дей мешіттің 500-ге жуығы ғана өз шығынын өзі жабуға қауқарлы екен. Енді қалған екі мыңға жуық мешіттің шығынын төлеп, имамдарды жалақымен қамтамасыз етуге жаңадан құрылған Қордың қауқары жетеді ме?
– Жаңа айтқандай, Қор жұмысының басты бағыттарының бірі бүкіл қоғамға әлеуметік маңызды жобаларды қолдау болып табылады. Мәселен, көп балалы жанұяларға көмектесу, балаларға арналған спорттық секцияларды ұйымдастыру, бала-бақша құрылысы, аурухана және өзге де әлеуметтік жобалар. Қор әдебиеттерді (оқу және әдістемелік құралдар, және т.б.) шығаруға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, дінбасылары өкілдеріне мемлекеттік саясат, экономика, философия, әлеуметтік ғылымдар негіздерін оқытуға, түрлі семинарлар, конференциялар, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған деректі және көркем фильмдерді шығаруға ықпал ету Қордың жоспарында бар.
Ал, имамдардың жалақы көлемін белгілеу және оны уақтылы беру тікелей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзырында. Сол себепті имамдардың жалақысын төлеу Қордың құзырына жатпайтынын айтқым келеді.
Дегенімен, Қор өз тарапынан имамдардың біліктілігін көтеруге бағытталған іс-шараларын қаржыландыруға, негізінде аудан және ауыл имамдарына стипендиялық қолдау көрсетеді.
– Қорға ақша аударғысы келген кісілерге не айтасыз? Оларға қойылар талап бар ма?
– Қаржы түріндегі қайырымдылық Қазақстанның банктерінде ашылған Қордың есеп шотына әдеттегі банктік аудармасы арқылы салуға болады. Банктік шоттардың реквизиттері кез келген әлеуетті қайырымдылық жасайтындар үшін Қордың веб-сайтында қол жетімді болады. Сондай-ақ, қайырымдылық қаржыны Қордың офистегі кассасына қолма-қол салуға болады. Бұл ретте, Қор, қолданыстағы заңнамаға сай қайырымдылық қаражатын алғанын растайтын қатаң есептегі құжатын қайырымдылық жасаған тұлғаға ұсынады.
Келешекте қайырымдылық қаржыларды Қордың шотына банктік төлем кәртішкелері арқылы, кез келген банктің интернет-банкинг жүйесі арқылы, смартфондар үшін мобильді қосымша арқылы, электронды төлем жүйесі, төлем терминалдары және SMS-хабарлама арқылы аударуға қол жетімді болу үшін, қазіргі уақытта белсенді жұмыс жүргізілуде.
Сонымен бірге, қайырымдылық Қордың меншігіне ақысыз (тегін) кез келген мүліктер берілуі мүмкін, олар: жылжымалы және жылжымайтын мүліктер, бағалы қағаздар, мүліктік құқықтар және т.б. Бұл мүліктік қайырымдылықтары кәсіби басқаратын компанияларға басқаруға берілуі мүмкін, ал одан түскен табыстар қайырымдылық мақсаттарға жолданатын болады.
Сондай-ақ, біздің азаматтарға тек қана қаражат пен мүліктік қайырымдылық емес, өз уақытын (волонтерлік) құрбандық етуге болады. Ерікті қайырымдылық азаматтардың ақысыз жеке еңбегінде көрсетілуі мүмкін. Мәселен, әлеуметтік іс-шараларды өткізуге көмектесу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, бөлмелерді жинастыру, қайырымдылық концерттерді өткізу, мастер-класстар, біліктілікті арттыру курстарын жүргізу және т.с.с.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен
Олжас СӘНДІБЕК