Кәдірбек Сегізбай – көптеген әңгіме-хикаяттардың және «Біз қалада тұрамыз» повесть-хамсасының, «Жол», «Беласқан» секілді романдардың авторы. Биыл 2020 жылы жарық көрген «Тағдыр толқыны» романы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Осыған орай қазіргі қазақ әдебиетінің аға буын өкілімен кездесіп, қаламгердің шығармашылық жолы жайында әңгімелескен едік.
– Кәдірбек Сегізбайұлы, біз білетін қазақ қаламгерлерінің бәрі де бала кезінен жазуға деген қабілетін байқатқан. Сізде жазуға деген ынта қай кезден басталды?
– Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында дүниеге келдім, сол жерде орта мектепті бітірдім. Сосын екі жыл жұмыс істедім. Ол кезде КСРО-ны билеп тұрған Хрущевтің заңы бар, орта мектепті бітірген бала міндетті түрде ауыл шаруашылығында жұмыс істеу керек деген. Немесе армияға бару керек, әйтпесе жоғары оқу орнына оқуға түсе алмайсың. Содан соң екі жыл үкіметтің қойын бағып келіп, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне түстік.
Қазақтың бәрі жазуды өлеңнен бастайды ғой, ауылда жүргенде аздап қабырға газетіне өлең жазып, сосын аудандық газетке шығарып жүрдім. Журналистикаға түссем, ақын болатын шығармын деп ойлайтын едім. Оқуға түскенде байқадым, бір курстағы 25 студенттің бәрі дүрілдеген ақын. Кейбірінің өлеңдері республикалық газеттерге шыққан. Ал курстасым Елеусіз Кенебавтың «Арал вальсі» деген әні сол кезде халыққа белгілі еді. Олардың қасында біз түкке тұрмайтын сияқты едік. Соларды көріп «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, журналистиканы айналдырып көрейін деген ойға бекігем. Солай өлеңмен қоштасқанбыз.
– Сөйтіп, журналистиканың сіз ойлағаннан мүлде басқа нәрсе екенін білдіңіз?
– Иә, журналистиканың газет қызметкерлерін даярлайтын оқу екенін ұқтым. Менен газет қызметкері шығар ма екен деген қобалжу да болды. Оқуда жүріп өндірістік практикаға барамыз, зауыт-фабрикаға жібереді, сол жақтан материал жазып келеміз. Сөйтіп, мақала жаза алады екенбіз деген сенім пайда болды.
3-4-курста жүргенде Өскеменнің облыстық газетке өндірістік тәжірибеге барып, сол кезде ғана журналист бола алатыныма көзім жетті. Анда-мында іссапарға жібереді, материал жазып қайтасың. Ел қалай жазып жатыр деп қарайсың, олардан өзгеше жазуға тырысасың. Жазғандарым ұнаған болуы керек, өндірістік практика біткен соң облыстық газеттің басшылығы оқу біткен соң осында келемін дегізіп, қолхат жаздырып алды. Дегенмен облыстық газетке бара алмадым…
– Бара алмай қалуыңызға не себеп?
– Өскеменге бармай, Алматыда қалуыма марқұм Кәкімжан Қазыбаев ағамыздың маған деген ықыласы себеп болды. Ол кезде ағамыз «Жетісу» газетінің редакторы еді, бізге университетте очерк жанрынан сабақ берген. Сол кісі курсы біткен кезде бәрімізге «сендерден емтихан алмаймын, ойдан очерк жазыңдар, бағаларыңды жазғандарыңа қарап қоямын» деді. Мен үш бөлімнен тұратын очерк жаздым. Сосын Кәкең мені «Жетісуға» тартты, мақала, очерктерімді шығарып тұрды. 4-курста оқып жүргенде ол кісі «айналайын, сені газетке жұмысқа алар едім, бірақ өрісіміз тарлау. Мұнда істесең, бар болғаны Алматы облысы көлемінде ғана жүресің. «Лениншіл жас» газетіне барасың ба?» деп сұрады. Мен «аға, оған жүрек дауаламайды ғой» дедім. «Мен «Лениншіл жастың» редакторы Шерхан деген ағаңмен сөйлесіп қойғам, жүрегіңді дауалат та соған бар» деді. Сол кездегі ағаларымыздың жүрегі қандай кең, әйтпесе мен Кәкімжан ағамен не жерлес, не рулас емеспін. Ағалық қамқорлық деген керемет қасиет бар еді ол кезде. Сөйтіп, ұстазымның айтуымен «Лениншіл жасқа» барып, бір ай сынақ мерзімімен жұмысқа алындым. Содан соң екі-үш ай әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып журналистикаға солай кірдік.
Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов ағаларымыз басқарған кезде «Лениншіл жаста» «чемпион мақала» деген болды. Аптасына арнайы ұшпа (летучка) жасап, чемпион мақаланы анықтайды. Оған қаламақыдан тыс 20 сом сыйақы бергізеді. 20 сом – ол кезде әжептәуір ақша. Мысалы, жылқы етінің килосы – 1 сом 20 тиын. Жұрт үйір «ащы судың» бір шынысы 1 сом 70 тиын дегендей. Сонда бізді «чемпион мақаланың» сыйақысы емес, ерекше бірдеңе жазу арманы құлшындыратын. Ол кезде газетте Оралхан Бөкей, Кәрібай Ахметбеков, Қуанышбай Құрманғалиев бәріміз қатар істедік, шығармашылық бәсекеміз күшті, бәріміз ерекше бірдеңе жазуға талпынатынбыз.
– Жазушылығыңыз да сол журналист кезіңізде басталған болар?
– Сол тұста Әнес Сараев, Оразбек Сәрсенбаев, Ахат Жақсыбаев, Оралхан Бөкей – бәрі баспасөзде істей жүріп, әдебиетке қадам басты, әрқайсысының әңгімесі әр жерден көріне бастады. Біздің қатарластарымыздан тек Қалдарбек Найманбаев қана повесть жазып жариялаған. Міне, осыларды көріп, қатарластарыңнан қалып қойғандай сезінесің.
Мен алғашқы «Ашылмаған сыр» деген көлемі 6-7 беттей әңгімемді «Лениншіл жаста» жүріп жазып, Қалдарбекке көрсеттім. Шерханға апаруға жүрегім дауаламады. Қалдарбек оқып шығып, 20 минуттан кейін шақырып алды. Әңгімемді қызылмен біраз шимайлап тастапты. Ол тура, әңгімемнің емес, өзімнің бетімді сызғандай әсер етті. Біртүрлі болып қалдым.
Ол «Сенен жазушы шығады екен» деді, «шықса мынау қалай» деймін. «Асықпа, тұра тұр, сенде әлі журналистиканың салқыны бар, көпірме, лепірме сөздерің көп. Сен мынаны қайтадан көр» деді. Расында, журналистикада бос сөз, артық суреттеу көп қой, ол көркем шығармаға келмейді. Сосын қайта қарап, жазып шыққан соң (ұмытпасам 1969 жыл болар) «Лениншіл жаста» жарық көрді.
Менің алғашқы әңгімелерімнің біріне қатысты тағы бір қызық бар, Оралханмен бір тойда отырып, ауылда болған бір оқиғаны айтқам. Хрущевтің заманында түйе түлігіне жаудай тиген кез болды. Ауылда қалған 20 шақты түйенің бәрін жұртқа таратып берді. Жалғыз бураны түйеші шалдың өзі алып қалған. Сол бура көктемде су тасып жатқан кезде, жалғыз түйені түз артып келе жатқанда жүрмеген соң басынан қамшымен ұрып қалып, ол тулап, тұзды аударып тастап, сол жердегі күркіреп ағып жатқан өзенге қойып кетті. Ағысы қатты өзен бала бураны жаңқа құрлы көрген жоқ, ағызып ала жөнелді. Сөйтіп, тасыған су төрт метрге дейін көтеріліп, екі таудың арасынан ағатын жерге апарып, тар қысаңға түйені апарып тығып тастаған ғой. Оны іздегендер 52 күннен кейін ғана тапты. Түйенің құр сүйегі қалған. Жатқан жерінде бір терек бар екен, соны мүжіп жеп тауысыпты. Арып қалғаны сонша, кемедей бураны төрт жігіт жоғарыда тұрып арқанмен тартып алды.
Осы оқиғаны естіген Оралхан «Менің «Ақбота» деген әңгімем бар еді, соны диптих қылайын, мынауыңды маған бер» деді. Мен оған «кешігіп қалдың, мен мұны жазғанмын, бірақ әлі жөндеп жатырмын» дедім. Әрине, әлі жазған жоқ едім, бірақ бергім келмей тұр, өйткені жазушы адам өзіне керек материалды біреуге бере қоя ма? Тойдан шыққан соң үйге барып түнімен ұйықтамай, «Бала бура» деген әңгімені жазып шықтым. Редакцияға келсем, Оралханның даусы саңқылдап, «бураны зерттеген қазақбай» деп сөйлеп отыр екен. «Ойбу, кешегі оқиғаны жазып қойған екен ғой» деп, бірінші қабаттағы «Қазақстан пионері» газетінде істейтін өзі редактор, өзі машинка басатын келіншекке барып «мынаны басып берші» деп өтініп, ол машинкасын сартылдатып қолма-қол басып берді.
Мен қағазға басылған әңгімемді алып, үстінен қарап, оны-мұнысын түзеп редакцияға кірсем, Оралхан жатыр шалқайып, бірдеңені бітіріп тастағандай әңгіме соғып. Не болса да көрейін деп Шерханға кірдім, «әңгіме жазып едім» деп. «Бергін» деді Шерағаң. Қағазға көз салды да, адырайып бетіме қарады: «Ай, бәрің неғып түйешіл болып кеттіңдер? Менің басым кетсін деп жүрсіңдер ме?».
Әңгімені алып қалды, біраздан Оралхан екеумізді шақырып алды. «Екеуі де ұнады, егер екеуін газеттің екі бетіне берсек қандай жарасар еді, қазір үкімет түйеге жаудай тиіп жатқанда екі әңгімені қатар бергеніміз жараспас, онда мені құртады» деді. «Оралханның «Бурасын» «нөмірге» деп жазып қойып едім, сен әңгімеңді «Жұлдызға» апарасың, журналдың редакторы Бекежан Тілегеновке айтып, келесі нөмірге басуға уәдесін алып қойдым» деді маған қарап.
Қуанып кеттім, «Жұлдызға» шығу деген ол кезде жазушы болдың деген сөз ғой. Сөйтіп, «Бала бура» атты әңгімем айтқан уақытында «Жұлдызға» шықты. Жұрт қарап жүре ме, осыдан кейін «Оралхан Кәдірбектің әңгімесін ұрлап апты» деген сөз шықты. Оралхан менен ұрлайтын адам емес қой. Шындығына келгенде, екеуміздің әңгімеміздің кейіпкері бура болғанымен әңгімелердің шешімі мүлде басқа. Солай басталған жазушылық жолымыз.
– «Лениншіл жастан» кейін қызметіңіз қайда жалғасты?
– Одан кейін «Білім және еңбекке» бардым жауапты хатшы болып, сосын «Қазақ кеңес энциклопедиясында» 4 жылдай істедім. Оның бәрі адамға сабақ. Білмеген көп нәрсемізді энциклопедияда жүріп білдік. Сонсоң «Жалын» журналында Тұманбай Молдағалиевтің орынбасары болып қызмет атқардым. Сол кезде таза прозамен айналыстым. Сол тұста Қазақстан ЛКСМ орталық комитеті мен «Жалын» баспасы бірігіп ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық әдеби бәйгесінің жауапты хатшысы болдым. «Атамұра» баспасында 12 жыл еңбек еттім.
– Көлемді шығармаларыңызды қай кезден жаза бастадыңыз?
– Ең алғашқы көлемді шығармам – «Біз қалада тұрамыз» деген повесть-хамсам (алғаш рет 1983 жылы жарық көрді). Онда қазақ интеллигенциясының қалыптасуы туралы жаздым, қазақ оқығандарының ел астанасында қалуының қиыншылығын жаздым. Ол кезде Алматыда қалып шығармашылықпен шұғылданғысы келетіндерге үй жоқ, үй болмаған соң күй қайдан болсын? Жұмысқа тұру үшін міндетті түрде қалада тіркеуің болуы керек. Ол өте бір қиын шаруа. Біреудің үйіне тіркелу үшін жалынып-жалпайып, сұраған ақшасын бересің. Сондайда Шерхан ағамыз талай қазақ жастарына көмектесті. Шерағаң милицияның бастығына хат жазып береді: «мынау осындай үлкен газетте істейтін талантты қаламгер еді, сол мынадай мекенжай тауыпты, соған тіркеп беруіңізді өтінеміз» деп. Пәтерде бір жерде көп тұра алмайсың, қазақ болған келімді-кетімді адамың болады, ол пәтер иесіне ұнамай, үйден қуып шығады. Ол кезде тіркелу үшін қазақтың үйін табу қиын. Міне, осылардың бәрін өз басымнан өткен, өзіме таныс басқа да адамдардың тағдырын өзек қылған «Біз қалада тұрамыз» атты повесть-хамса (өзім оны роман деп атап жүрмін) мені прозашы ретінде танытқан шығармам болды. Сол кезде кеңес армиясында әскери борышын өтеп жүрген қазақ жастары кітап оқитын, олар қызмет етіп жатқан әскери бөлімдерге қазақ кітаптары барып тұратын. Маған әлгі шығармам туралы әскери борышын өтеп жатқан жастардан көп хат келетін.
– Жазушының шығармашылық ерекшелігі туралы, әрине, өзгелердің айтқаны дұрыс. Дегенмен өзіңізден сұрағымыз келеді: туындыларыңыздың сюжеті ойдан шығарыла ма немесе оларға болған оқиғаларды арқау етесіз бе?
– Менің шығармашылық ерекшелігім – негізінен болған оқиғалар туралы жазамын. Менің көлемді шығармаларымды былай қойғанда, әңгімелеріме дейін өзім білетін жайларды өзек етемін, көрген-естіген оқиғалар негізінде жазамын. Түгелге жуығының өмірде прототипі бар. Мәселен, «Арқарқара» деген әңгімеме ауылда ерекше туған құлын туралы. Өзім көзіммен көрдім, жалы ұзын, тура тұяғына түсіп тұратын. Қап-қара бұйра жалды. Жаратылысы бөлек жануар. «Правда» деген колхоздың малы. Үкіметтің малына таңба басады ғой, әлгі ерекше жылқыға да төрт аяғын байлап қойып, сауырына «П» деген таңбаны қыздырып басқанда аяғындағы жіпті бырт-бырт үзіп, атып тұрып беталды қаша жөнелді.
Сол кетісткен адамға жоламай, жабайы болып кетті. Жылқыға қосылмайды. Қолға үйренбеді. Айғыр еді, түн ішінде келіп биелерді сауырлап кететін. Иесіз таудың арасында жүрді. Кейін оны үйірге икемдеп жүріп, ұстап алып Семейге етке өткізетін малдың қатарына қосып жіберген. Сонда әлгі жылқы ет комбинатының қоршауынан секіріп шығып қашып, Семейден бес жүз шақырымдай жырақтағы Зайсанға қайта келген ғой. Сол туралы әңгіме жаздым. Болған оқиғалар негізінде. Сол сияқты «Қара қасқыр» деген әңгімем бар. Қазақ төрт көз итті жек көреді ғой, біздің ауылда да біреулер сондай бір төрт көз қаншық итті атып, оның бір аяғы сынып ауылдан безіп кетіп, қасқырларға қосылып кеткен. Содан қасқырдың арланымен шағылысқан болуы керек, біздің жақта малға шабатын қасқырлардың арасында қара сұр қасқыр пайда болды. Бойында қасқырдың да, иттің де қаны бар әлі ерекше қасқыр ауылға еркін кіріп кете беретін. Сырттай қарасаң, итке ұқсайтын ол ауылға еш кедергісіз кірген соң қасқырлығы оянып, малға шауып, тамағын тойдырып қайта беретін. Өзі сондай ақылды аң. Сол туралы да жаздым.
Әңгімелер ғана емес, көлемді шығармаларымды да дерегі бар, өмірде болған жайттар негізінде зерттеп жазамын. Мәселен, биыл Мемлекеттік сыйлық алған романым да өмірде болған оқиғалар туралы жазылған.
1916 жылы Қазақстанда болған ұлт-азаттық көтерілістері туралы білесің ғой, бірақ соның ішінде Торғайда болған Аманкелді басқарған көтерілісті ғана айтқызды кеңестік кезде. Ал ол тұста ондай қозғалыс бүкіл қазақ даласында ен жайған. Патшалық Ресейдің бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтан адам алуына қарсы көтеріліс деп саяси астар беріп, бір жағы алашордашыларды қаралау мақсатында Аманкелді көтерілісін насихаттады кеңестік кезде. Басқа оқиғалар туралы айтылмады. Тіпті, Ұзақ, Жәмеңке бастаған Албан көтеріліс туралы жазған Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесінің өзі орысша шыққаннан кейін ғана қазақша басылды. Шын мәнінде, Кеңес өкіметі айтуды қажет деп таппағанымен, өзге жерлерде де қазақтың Патша өкіметіне, кейін Кеңес өкіметіне қарсы қару алып шыққаны тарихтан белгілі. Мәселен, біздің Зайсан өңірінде де ондай оқиғалар болған. Мен «Тарих толқыны» деген соңғы шыққан романымда өзім туып-өскен елде болған оқиғалар, солардың басында тұрған адамдар жайында жаздым.
Зайсан – Қытаймен шекарадағы аудан. Ол аймақтағы кеңестік өкіметтің қысымынан қашқандардың бәрі Қытайға сол жер арқылы өткен. Ал шекарадағы солдаттар оларды жібермеуге тырысады. Оның соңы атыс-шабыс, кісі өлімі… Кейін соны зерттеп көрдім.
Зайсан қаласында полковник Колпаков дегеннің ескерткіші тұратын. Соны сұрастырдым, «бұл кім, қандай ерлік жасаған?» деп. Сөйтсем, ол қашып шекарадан өтпекші болған жұртты қырып-жойған кеңестің офицері екен. Зайсанда Әлібай деген атақты мерген болған. Мергендігі аңызға бергісіз. Меркіт руының жиырма шақты адамы Қытайға қарай қашып бара жатып, шекараға бір шақырымдай қалғанда (Сасықбұғы деген жерде) солардың Тұрғанбай деген басшысы (кезінде би, болыс болған) жараланып, жүре алмай қансырап, «кішкене отырып ес жинайық, жарамды таңдырайын» деп, Әлібайдың «бір шақырымдай-ақ жер қалды, Қытайға өтіп бір-ақ демалайық» дегенін тыңдамайды. Сасықбұғы қалың қарағайлы, шатқалы көп, адам аяғы сирек басатын жер ғой, сондықтан Тұрғанбай бізді бұл жерден ешкім таппайды деп ойласа керек.
Сол кезде артынан өзінің руласы, НКВД-ның тыңшысы әскерді бастап келіп, сайда дөңгелене отырған қарусыз жұртты (жалғыз Әлібайда ғана ұзын қара аңшы мылтығы болған) қырып салған. Содан әбжіл Әлібай мерген ғана қалың қарда аунап барып, бір тастың қалқасына тығылып, солдаттармен атысады. Сөйтіп, басы қылтиғанды қағып түсіріп, он шақты солдатты о дүниеге аттандырады. Оғы аздау болса керек, ең соңында қалған екі оқты атпай, оны соңғы сәтке дейін сақтауды ойлайды. Оның біреуін әскерді бастап келген сатқынға, екіншісін өзін атуға жұмсағысы келеді. Сонда ішіндегі командирі (әлгі ескерткіші Зайсанда тұрған полковник) батырсынып биікке шығып қарайды. Әлібай өлген адам секілді қимылдамай жатады. Сол кезде әлгі офицер мерген жатқан тастың үстіне келіп, төменге үңіле бергенде Әлібай атып жіберіп, тура маңдайдан тигізеді. Офицер Әлібай жатқан жерге қолындағы винтовкасымен бірге келіп құлайды.
Құдай беріп, мол оғы бар мылтық қолына тиген соң Әлібай асықпай жатып, басы қылтиғанды қағып түсіре береді. Кейін солдаттар кеткен соң байқаса – олар қарусыз 19 қазақты өлтірген, бұл бір өзі қарулы 21 әскерді өлтіріпті. Мерген қазақты аңдығанымен, ештеңе шығара алмасын білген қалған солдаттар әлгі офицердің ғана денесін алып, қалған жиырмасының басын кесіп әкеткен көрінеді. Өйткені қайтар жол ауыр болған соң бәрін алып жүруге шамасы келмеген. Осының бәрін болған оқиға негізінде жаздым.
Ал одан бұрынырақта жарық көрген «Беласқан» деген романымда да өмірде болған жайттан ауытқыған жоқпын. Кеңестік кезеңде шығарманың кейіпкері не жағымды, не жағымсыз болатын. Ақ, қара деген екі ғана бояу болды. Ал мен өз романымда бұл жағдайға сәл басқаша қырынан келіп, бір кезде ел билеген Қамбар төре деген кісінің образын жасадым. Бертінде болған оқиға. Қамбар төре Қытайдағы жоңғарлармен атысып-шабыспай-ақ қарым-қатынас жасаған. Оның бейнесінің жақсы жағы да бар, кейде халықты бірлікте ұстап тұру үшін жасаған қаталдығы бар. Ал оның Шотан деген баласы, ақылмен іс істемейтін ноқайлау болған. Сол өзінің қызын ұзатқанда кедей біреудің бір ұл, бір қызын соларға құл мен күң ретінде қосып жібермекші болады. Содан дау туып, елдегі Сегізбай деген бай барып, билердің кеңесіне салып әділетсіздік жасаған төрелердің билігін тоқтатады. Міне, сол шығармам шыққаннан кейін төрелер келіп мені сотқа береміз деп шу шығарғаны бар. Мен «беретін соттарыңа бере беріңдер, мұның бәрі құжаттарда дәлелі бар нәрсе, елдегі ақсақалдар да осыны айтады» дегенмін.
«Жол» деген романым да дерекке құрылған. Бес бала Аягөзден шығып Мәскеуге жаяу барған ғой. Содан келе жатқанда мына Талдықорғанда тоқтайды, Сейдахмет деген кісінің үйінде тұрған. Роман шыққаннан кейін Сейдахметтің ұрпақтары мені тауып алып, «атамызды тірілткендей болдыңыз» деп ризашылықтарын білдірді. Ал жоғарыдағы «Тағдыр толқыны» романым шыққаннан кейін облыстық газетке мақала жаздым, осындай батырлық жасаған кісілер болған, соның ұрпақтары бар ма деп. Бірақ хабарласқан бір адам болған жоқ.
– Қаламгерге еткен еңбегінің бағаланғанын көру де бір ғанибет қой, сіз де Мемлекеттік сыйлықтың иегері атандыңыз…
– Жас келді. «Қартайғанда кәрі боз жорға шықты» дегендей, менде бір атақ ала қояйын деген ниет те, ұмтылыс та болған жоқ осы кезге дейін, бірақ Мемлекеттік сыйлық алғанда қуанғаным рас. Одақтағы жігіттер бір-екі рет «Кәдеке, сіздің замандастарыңыздың көбі алды, алмай кетіп қалғандары бар… Сіз енді қарап жүре бересіз бе, романыңызды оқып едік, жақсы екен, ұсынайық» дегенде, «балдар, мен екі жастың біріне келгенде жолда қалсам ұят болар. Ұсынып еді, өтпей қалды деген жасы келген адамға ыңғайсыз болар. Тауым шағылып жүрер» деп едім, сонда да қоймай ұсынып, құдайға тәуба, бұйырған екен. Үш турда да жақсы дауыс алды. Бұл бір атақ алдым деген мақтаныш емес, әйтеуір қарап жүрмеген екем ғой, еңбегім бар екен ғой дегендей көңілге жұбаныш болар нәрсе. Басқаны қойғанда, бала-шағаңның алдында да бедел. Әйтпесе, жақсы жазушының шығармасы Мемлекеттік сыйлық алмаса да оқыла береді ғой.
– Бұрынғы кезде қазақ жазушыларында романтизм күшті еді. Қазір реализм басым сияқты. Тіпті «романтизмнің дәуірі өтті» деп жатқан сыншылар бар. Қаламгердің қиялы құрғақ деректердің аясынан шыға алмай қалса, туындының әсері әлсіремей ме?
– Қазір мондернизм дейді, постмодернизм дейді… лағып кетіп жатыр жұрт. Мен оны мойындамаймын. Ондай бағыт басқа өнер түрлерінде де бар.
Мен студент кезімде Америка суретшілерінің бір көрмесі өтті осында. Сондағы бір картина әлі есімде. Аппақ полотно, ортасында кішкен ғана қара нүкте тұр. Астына «Мир и я» («Әлем және мен») деп жазып қойыпты. Ал осыны түсініп көр! Ол не айтқысы келді сонда? Ол бір елден ерек тапқырлық па? Маған Қастеевтің қара тырнағы одан мың есе артық. Оның суреттері сөйлеп тұрады. Мәселен, бір ғана «Түрксиб» деген картинасы… Қазақ даласына келген жаңалықты жұрт қалай қарсы алып жатыр, сол кездегі қазақ өмірі қалай, бәрін көз алдыңа әкеледі.
Мен ақиқатшыл өнерді жақсы көрем. Ал қазіргі әдебиетте де сондай бұлың-бұлың бірдеңелер пайда болды. Габриел Гарсия Маркестің атақты «Жүз жылдық жалғыздық» деген кітабын баяғыда марқұм Кеңес Юсупов аударды. Екеуміз кей мәселеде келісе алмай қалатын едік. Әлгі романда сиыр келе жатып, адамдардың қылығын көріп аспанға ұшып кетеді. Онымен жазушы не айтқысы келді? Жарайды, адамдар ақымақ болсын, сиыр-ақ ақылды бола қойсын. Содан не шықты?
Жалпы, әдебиет болсын, музыка болсын, сурет болсын, ондағы өнер туындылары ақиқатшыл болуы керек, шығармада өмірдің елесі болуға тиіс!
Қазіргі жастардың шығарып жатқан әндерін тыңдасам, төбе шашым тік тұрады. Әнін де, сөзін де өзі жазады және өзі орындайды. Кілең бір жатқан Ақан сері, Біржан сал… Шындығында, бұлар олардың тырнағына тати ма екен?
Жақында бір қуанышымды тойладым. Тамадасына, музыка қоятынына айттым, «айналайын, менің ақшамды алдың ба, тойымды менің айтқаныммен жасайсың. Ана хит-миттарыңның керегі жоқ. Қазақтың дәстүрді ән-күйлерін қойыңдар, билесек, вальс билейік, болды. Артық ештеңенің керегі жоқ» деп. Тойға жиналған халық берген тамағыма, шарабыма көңілі толды ма, толмады ма білмеймін, бірақ тойда шырқалған әнге, тартылған күйге риза болып, «тойыңыз керемет өтті» деп рақметін айтып кетті. Бұл не? Шын мәнінде, қазақ қай жерде өзінің ұлттық болмысын іздейді. Біз соған мән бере бермейміз. Қазақ өзін таппаған жерде ғана өзгенің …изміне еліктеп, біреудің қаңсығын таңсық көреді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ахмет Өмірзақ