МЕККЕДЕГІ ЕКІНШІ КҮН
Тағы бір күлкілі әрі моральға толы оқиғаны айтып берейінші. Әңгіменің әлқиссасы былай ғой; Әл Харам мешітінің ішіне кірген кезде, өзімнің қайда екенімді ұмытып, эйфорияға түскенім бар. Мың сан, жо-жоқ миллиондаған адам. Иық тіресіп, тізе түйістіріп намаз оқып жатыр. Одан қалды, анау ортада қараңдап “қағба” көрінеді. Барлық мүмин соны айналып жүр. Соған қарай ал кеп ұмтылайын. Адам ығы-жығы. Жете алар емеспін. Сытылып, суырылып әрең іліндім-ау. Сөйтіп жүріп, беліме байлаған әмиянымды түсіріп алғаным бар. Оны Қағбаны 7-рет айналу керек. Ал мен 17 рет айналған шығармын?! Жылап жүрмін. Әл-Харамға кірген бойда еден мәр-мәр. Тәпішкемен басуға арым бармай, аяқ киімді досымның дорбасына сүңгіте салғам. Енді елестетіңізші. Жалаңаяқ. Үстімде ақ кебінге ұқсас киім ғана. Ақшам жоқ. Қарным аш. Құжатым жоқ. Нағыз мүсәпірдің күйі. Біттің Нұрбек,-деп қоям. Бір арабтың үйінде құл болатын шығарсың,-деп қоям. Сол ой басыма келсе, көзімнен ыршып жас келеді. Біттің Нұрбек, қор болдың. Осы ой басымды ісітіп жіберген шығар?! Қанша уақыт аласұрып жүргенімді білмеймін. Бір уақытта; – ау, ақшасына мың нәлет. Құжаттың да қажеті жоқ. Сен қажылық жасауға келдің емес пе? Бәлкім бұл сынақ шығар деген ой келді. Жоқ іздеуімді бірден тидым. Сол кезде Шам намазына жамағат қатар-қатар тұра бастады. Менде тұра қойдым. Жалаңаяқ. көз ісінген. Мұңлы мақаммен фатиха басталды. Жылап тұрмын. Екі дүние кеудемде таласып жатыр. Бірі – “Нұрбек, біттің. Енді қазақтарды көрмейсің”,- деген үрей. Екіншісі – Уа АЛЛА, Меккені, мынау қағбаны көру бақытын бұйыратындай мен пақыр кімге қандай жақсылық жасап қойып ем?-деген қуаныш… Аңырап жылап тұрмын. Тістенем. Ернімді жымқырам… Болмайды. Еңкейсем, еңкілдеп жылап жіберем… Кеудемде екі дүние таласып жатыр. Намаз аяқталды. Жанымда иық тірестіріп (меніңше тобық тірестірді-ау деймін 😉 әзіл) қатарлас тұрған қара араб қайта-қайта басу айтып құшақтай береді. МашаАЛЛАҺ,-деп разы кейіп танытып қояды. Ол ойлап тұр ғой: Мынау жігіттің тақуалығы нендей керемет еді,- деп. ))) Қайдан білсін… Сонымен намаз соңынан сүйретіліп шықтым да, қаба сақалды күзетшілерге жақындадым. Бар білетін арабшамды қосып сөйлеп жатырмын. Түсіндіріп жатырмын. “Ассалаумағалейкум. Кайфа хәлука?” Біреуі бұрылды да: “Уалейкум сәлам. Альхамдулиллах. Уа әнтә?”,- деп іле жауап қатты. Сосын. Сосын тілімнің ұшында тұрған бүкіл жаттанды сөзімді ұмыттым да қалдым. “Адасып қалып ем. Жол көрсете аласыңдар ма”,-дегенді аудара алмай қиналғаным-ай. Содан есіме оралғаны, Фатиха сүресіндегі “ихдинос сиротол мустақим” дейтін жолдар. Алдым да, айтып кеп жібердім. Шамалап тұрмын. Жол көрсет,-дегенге келу керек. Анау арабтың көзі аларып кетті. Төбені нұсқайды. Бұл сөзді АЛЛАға арнайсың, маған емес дегені… Ол түсіндіре алмай әуре. Мен түсіне алмай әуре. Жарты сағат тұрған шығармыз? Ағылшынша айтам ұқпайды. Арабшам жетпейді. Алдым да, орысша сайрап жібердім. Анау араб аң-таң. Құлдық сана деген осы шығар. Қожайынның тілінде сөйлеп жібердім… Сөйтіп, орысша шүлдірлеп тұрғанда, бір бұрыштан шешендер өтіп барады екен. Орысшалап тұрған маған қарап: – Брат ты из Казахстана,-дейді. Әй, орысша сөйлеген кісім, туғанымдай көрінді. Тұра жүгірдім. Құшақтай алдым. Тағы да құлдық сана. Содан әлгі шешендер, қазақтардың жиналатын жерін көрсетті. Ілестім. Таптым. Қуандым. Артынан апатияға ұқсас өкініш бойымды биледі. Ақшам жоқ. Құжатым жоқ. Енді қайттім деп тұрғам. Жаныма Ахмед деген (қазір Параментте мәжіліс депутаты) шешен ағам келді. Не болды Нұрбек,-дейді. Түсіндірдім. Арқамнан қағып: – Нұрбек, қанша ақшаңды жоғалттың дейді? – 2 мың доллар болуы керек,-дедім.
– Ееее деп алды да, сөзін жалғады: – Нұрбек сен біреуге 2 мың долларды садаға деп тастай алар ма ең?
– Ыыыыыыы-і-і-і-і. (Жоқ дегенім ғой. Енді бай емеспін ғой ;-).)
– Көрдің бе? Сен 2 мың долларды садаға еттің. Басқа жерде емес, Меккеде, қағбаның жанында. Басқаға емес, АЛЛАның өзіне,-деді. Күпті көңілім көтеріліп қалды. Ағам ары қарай айтып жатыр:
– Көресің. Алла екі есе етіп қайтарады. Тек өкінбе.
Осы сөздерден соң, өзімнен өзім ұялып кеттім. Алдымда, екі бас намаз оқып алдым. Ертесіне расымен, бірге барған бауырлар бәрі қосылып, маған жылу жинапты. Расымен 2 есе. Альхамдулиллах айттым да, садаға еттім тең жартысын.
PS: Ертеңгі күннің қызығынан қалыс қалмағайсыз…
Құрметпен, Нұрбек Бекбау