Сұрақ: Халқымыз «Көрші ақысы – тәңір ақысы» – дейді. Көршіге көмектесудің сауабы қандай?
Жауап: Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла Тағала оған «Фирдаус» жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады», деп айтады.
Осы хадиске сүйенер болсақ, дүние-мүлкі жетіп артылатын ауқатты адамдардың тек мешіт салумен ғана шектелместен қоғамның басқа да әлеуметтік мәселелеріне белсене араласуы сауапты істерден болып табылатыны сөзсіз.
Жақсылық жасауға ең жақын көрші лайықты. Себебі, қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан көршіге жақсылық жасау сауапты істен. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек.
Асыл дініміз көрші ақысына құндылық ретінде қарайды. Халқымызда «туыс – атадан, көрші – Алладан», «құдайы көршім» дейтін сөздер мәдениетімізде, салт-дәстүрімізде көрші ақысының қаншалықты маңызды орын алатынын аңғартса керек.
Көршіге қайырымды, қонақжай, жәрдемшіл, кешірімді болу осы өмірде де, ақыретте де пайдалы болары сөзсіз.