Хадистерде «Көршісі аш бола тұра өзі тоқ болған адам – бізден емес» делінеді. Ал әйгілі ғұлама Әбу Ханифа өзіне пайдасынан зияны көп тиген, үнемі мас күйде жүріп, мазасын алатын көршісін түрмеден босатып алған. Көрші ақысына аса мән берген ғалымның бұл жақсылығына разы болған әлгі кісі Әбу Ханифаның үлгілі шәкірттерінің бірі болған деседі.
Тұтас мұсылман әлемінен бөлек, қазақ даласында да көршіге қатысты аңызға бергісіз хикая көп-ақ. Ыдыс-аяқ, табағы араласып жататын көршісі жайында қазақ халқы «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық», «Көршіні Құдай, досты Пайғамбар қосады» немесе «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп Пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен хадисті бір-ақ ауыз сөзбен ұрпағына ұғындырған.
Қазір кейбір ауыл, елдімекендерде болмаса, қалаларда көршілердің қарым-қатынасы жақсы деп айта алмаймыз. Өйткені, бүгінгі зәулім үйлер мен осы заманғы тұрмыс-тіршілік көршілердің қоян-қолтық араласуына мейлінше кедергі болып тұр. Есесіне дін ғұламалары көрші тек үйіңнің маңайында тұратын адамдар ғана емес, күнделікті жұмыстағы әріптесіңіз, бір-екі минут болса да қоғамдық көлікте немесе жолаушылап жүрген кездегі сапарласыңыз, мектеп-университеттегі парталас көршіңіз, тіпті, бір жерде (мәселен, банкте) кезек күтіп тұрған кезде жаныңызда болған адам да сіздің көршіңіз саналады дейді. Яғни, қазақ дүниетанымындағы көрші ақысы жоғарыда аталған адамдарға да қатысты деген сөз. Демек, олармен көркем мәміледе болу, қуанышына ортақтасып, қиындық-қайғысын бөлісуді естен шығармаған жөн. Тіпті, пайдаңыз тимесе де, зияныңыздың тимеуіне қатты көңіл бөлу керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, көрші – тек үйі жақын көрші ғана емес, күнделікті жолығып қалатын маңайымыздағы барлық адам. Көрші – дінге, ұлтқа, жасқа, жынысқа бөлінбейді. Яғни, Алла Тағала сізбен кездестірген әрбір пенде – сіздің көршіңіз, сіздің ода, оның сізде көршілік ақысы бар. «Өмірдің адамға ең жақын сыйы – сыйласқан сіз бен біз» деп Төле би бабамыз айтпақшы, көршінің үкіміне кіретін барлық адаммен сыйласып өту – Құдай бұйырған міндет әрі өмірдің мәні.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ