Алғаш Абдулла ибн Хузафа деген саңлақ сахабаның осы мерекеде Минада қажылық жасап жүргендердің арасын аралап жүріп: «Бүгін жейтін, ішетін және Алланы еске алатын күндер» деп жар салуы тегін емес. Алла еске алынған жерде арақ ішу, құмар ойнау, мәнсіз, мағынасыз істер жасау секілді тәртіпсіздіктер атымен болмайды. Жұрттың бәрі ақыл-есі сау, күнәлі істерден ада күйде бір-бірінің үйлерін аралап, марқұм болған ата-бабаларына құран бағыштап, ренжіскен жандар кешірім сұрасып, арқа-жарқа күй кешеді.
Екіншіден, мұсылмандар қонақтарға арнап дастархан жайғанда, бәрінен бұрын ішіп-жемнің адалдығына мән береді. «Бісмилләһи Аллаһу әкбар» деп Алланың атымен сойылған еттер, ұннан жасалған бауырсақ, шелпектер, қымыз, қымыран, құрт-май секілді ағарғанның түр-түрі қонақ алдына қойылады. Жеміс-жидек, көкөністердің де алуан түрі айттыққа әзірленеді. «Бүгін мереке ғой» деген сылтаумен жасалатын шектен шығушылықтардың ешбірі Құрбан айтында рұқсат берілмейді.
Үшіншіден, бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы бір малды құрбан етіп, өз Жаратушы Иесіне жақындай түсуге мүмкіндік алады. «Құрбан» сөзінің араб тілінде «жақын болу», «жақындау» мағынасында келуі де осыны аңғартпай ма? Олай болса, құрбандық шалуды мал сою, қан шығарудан бұрын тап осы Аллаға жақындау тұрғысынан түсінген абзал.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді», – деген аят бар («Хаж» сүресі, 37-аят)».
Міне, бұл аятта құлшылық ретінде сойылған құрбанның маңызды бір шарты шынайылық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, құрбандықтың мәні Алла жолына аталған малдың етінде де, қанында да, қалтамыздан шыққан ақшада да емес, оны шалушының тақуалық көрсетуінде. Тақуалық деген не? Тақуалық деп Алла Тағаланың әрбір бұйрығын шын ықыласпен орындап, ал тыйым салынған күнәлі істерден сақтанып жүруді айтамыз. Мысалы, оқу, білу, ғылым іздеу, намаз оқу, зекет беру, ата-анаға, туған-туыс, көрші-қолаңға жақсылық жасау, арлы, намысты болу, қайда жүрсек те Алланы еске алып жүру секілді Құранда айтылған барлық бұйрықтарды орындап жүру тақуалыққа жатады. Сол секілді ұрлық, зорлық, қиянаттың түр-түрі, жетімді жылату, кісінің көңілін қалдыру, адам өміріне қол сұғу секілді түрлі-түрлі жамандық әдеттерді жасау түгіл, маңайына жоламау тақуалыққа жатады. Міне, осы тақуалық пендені Аллаға жақындатады. Аллаға құрбандықтың еті де, қаны да емес, адамның тақуалық жететіні аталмыш аятта келтірілді.
Сондықтан құрбандық ісінде бәрінен бұрын Алла разылығы деген ниет маңызды. «Раббың үшін намаз оқы, Құрбан шал!» деген аятта да құрбандықты өзге ниетпен емес, Раббымыздың разылығы үшін шалу бұйырылған. Ендеше, қалтамыздан ақша шығарып, мал шалсақ болды, сонымыз құрбандық болады деген ниет жеткіліксіз. «Құлшылықтың аздығын немесе көптігін емес, қабыл болуын ойла» деген нақыл сөздің бір мәні, міне осында.
Құрбан шалынып жатқанда көбірек айтылатын дұғаның бірі «Аллаһумма минкә уә ләке» – (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) болуы тегін емес. Сондықтан бүкіл мал атаулыны толығымен Адам еркіне жығып берген Алла Тағалаға шүкіршілік жасауды осы күндерде әдеттегіден де көбейткен дұрыс.
Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) “Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұрып, құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!”, – деген хадисі құрбан шалу мерзімін бейқамдықпен өткізіп алмауға үндейді, һәм сараңдық танытып, бұйрықты орындаудан бас тартудың күнә екенін білдіреді.
Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) осы сүннетіне ұқыптылықпен қарап, шын ризашылықпен дұрыс шалынған мал Алла Тағала назарына ілігуге, Оның разылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Құран Кәрімде Адам (а.с.) атамыздың дәуірінде де құрбандықтың тек Алла разылығын іздейтін ықыласқа қарай қабыл болатыны туралы хабар бар. «Маида» сүресінде: «Оларға Адамның (а.с.) екі ұлының әңгімесін оқып бер: «Сол уақытта екеуі Аллаға жақындауға құрбан шалған еді. Сонда (ол) бірінен қабылданып, ал екіншісінен қабылданбады.» (Құрбаны қабыл болмағаны): «Әлбетте, мен сенді өлтіремін,» – деді. (Екіншісі): «Алла сөзсіз тақуалардың құрбанын қабыл етеді,» – деді. «Сен мені шын өлтіруге қол созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол созбаспын. Күдіксіз, мен әлемдердің Раббы Алладан қорқамын!» делінген («Маида» сүресі, 27-28-аяттар). Раббымыз Құрбандықтың сонау ықылым заманнан келе жатқан құлшылық екендігін және оның қабыл болуы үшін тақуалық керектігін көрсетіп берді. Демек құрбандықты, ең алдымен, тақуалық пен ықыласпен безендіруіміз керек. Оны Алла тағаланың бізді көріп тұрғанын сезе отырып атқаруымыз ләзім.
Асылбек Әуезханұлы