Құрбан мал шалынар кезде жүзі құбылаға қаратылып: «Аллаһүме һаза минка уам илайка: Аллаһым бұл сенен және саған арналады дегеннен кейін, «Инни уажаһтү уажһиа лилази фатарассамавати уал арда ханифан уама анае минал мүшрикин»: «Күмәнсіз мен муваһид (Алланың бір екендігін мойындаған) ретінде жүзімді көктер мен жерді жаратқан Аллаһқа бұрдым. Мен мүшірік емеспін» және «Инна салати уа нүсүки уа маһиаиа уа мамати лиллаһи Раббил аламин ла шарика лаһ: «Намазым, ғибадаттарым, өмірім мен өлімім, әлемдердің Раббысы болған Аллаһ үшін» деген аяттар оқылып, «Биссмиллаһ Аллаһү Акбар» деп құрбан шалынады. Басқа бір мұсылман адамға құрбанды шалдыратын болса, екеуі бірге «Биссмиллаһ Аллаһү Акбарды» бірге айтады. Жоғарыдағы аяттарды білмегендер жүрекпен шын ниетімен «Биссмиллаһ Аллаһү Акбар» деп, құрбанды шалуы керек.
Құрбан шалу барысында құрбан малдың алдында пышақ қайрауға, құрбан малға езгі көрсетуге болмайды. Құрбан шалынар жердің таза болғаны жөн. Құрбан шалар адамның бұл шарттардан хабары болуы керек. Құрбан шалынып болғаннан кейін, мал сойған жер тазалануы тиіс.
Хз. Жабир Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның құрбан айт кезінде құрбан малды қалай шалғандығын бізге былай жеткізеді:«Пайғамбарымыз (с.а.у) құрбан айт күні мүйізді, семіз екі қошқарды құрбандыққа шалды. Құрбанды шалар сәтте: Мен жүзімді көктер мен жерді Жаратушыға бұрдым. Мен Аллаһқа серік қосқандардан емеспін. Намазым, өзгеде ғибадаттарым, саулығым және өлімімді бүкіл әлемнің Раббысы болған Аллаһқа арнаймын. Оның серігі жоқ. Және мен мұсылманмын. Ей Раббым құрбан Сенен, Сен үшін шалынады. Мұхаммед (с.а.у) және үмбетінің атынан Биссмиллаһ Аллаһү Акбар» деп құрбанды шалды.
Пайғамбарымыз (с.а.у) «Құрбандарыңыздан жеңіз, садақа беріңіз және өзіңізге алыңыз» деп бұйырады. Бұл хадис шарифтен ұғатынымыз, мұсылман адам құрбан малдың етінің бір бөлігін қонақ болып келгендерге арнап, бір бөлігін жоқ жітік пен ғарып міскінге таратып, бір бөлігін отбасыға алып қалуына болады.
Құрбан малдың терісін мұсылмандар илетіп намаз оқитын жайнамаз ретінде қолдануына немесе сатып ақшасын ғарып міскінге садақа етіп бере алады. Құрбан малдың терісін сатып ақшасын өзіне жұмсауына болмайды.
Құрбан шалған мұсылман екі бас намаз оқып Ұлы Жаратушыға мадақ айтып, дұға жасап, құрбан құлшылығының қабыл болуына жалбарынған болса, құба-құп саналады.
Бір мұсылман адам шын ниетімен құрбан шалған болса, қиямет күні оның бірнеше есе сауабын алады. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жөнінде: «Адамзат баласы Аллаһ алдында құрбан айт күнінде құрбан шалудан асқан сүйікті іс істеген емес. Ол құрбан қияметте мүйізімен, терісімен, тырнағымен келеді. Құрбан қаны Хақ құзырында үлкен мәртебеге ие. Қан ағып жерге түспестен құрбан қабыл болады. Құрбанды таза және саф жүрекпен Алла Тағалаға арнаңдар» деп бұйырады.
Имам Ғазали өз шығармаларының бірінде сахабалардың жеткізуімен, «Ұлы Жаратушыға жасалған тілектің қабыл болатын төрт күні бар. Олар: Жұма күні, Арафа күні, Құрбан айттың бірінші күні және Пітір-садақа таратылған күн» (Имам Ғазали. Калплерін Кешфи) дейді. Иншалла алдымыздағы Арафа және Құрбан айттың алғашқы күні Хақ-Тағаланың назарындағы барша мұсылман қауымының тілегі қабыл болып, Құрбан айт мерекесінің сауабын иеленіп, бұл дүниеде һәм ақырет күні иманы берік, жүзі жарық бола берсін деп тілейміз.
Ермек МҰҚАТАЙ,
«Әлжан ана» мешітінің бас имамы