– Уағалейкумсалам, Кендебай мырза! Құрбан айт барлық мұсылмандарға құтты болсын! Құрбан шалу жалпыға бірдей міндет емес. Ислам діні ондай күштеу мен зорлықтан мүлдем ада. Олай болса, Құрбан шалу – ең бірінші балиғат жасқа толған, дәулеті асып-тасымаса да негізгі қажеттерден тыс, нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болған мұсылманға міндет (уәжіп). Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін ақшамен есептеледі. Яғни, 85 грамм алтын сатып алуға қаражаты жететін кісілер ғана құрбан шалуы тиіс. Ендеше, тапқаны күнделікті қажеттерінен артылмайтын, сапарда жүрген кісіге құрбан шалу шарт емес.
Осы ретте біз құрбандыққа шалуға болатын және болмайтын мал түрлерін атап өтуге тиіспіз. Қой, ешкі, сиыр және түйе малдары құрбандыққа жарайды. Алайда, олардың жасында да белгілі бір өлшем бар. Нақты айтсақ, қой және ешкі – кем дегенде бір жасар, сиыр – екі жасар, түйе – бес жасар болуы керек. Егер алты-жеті айлық марқа қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Ескерте кету керек, елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбандыққа жарамайды.
Қадап айтар ең негізгі шарт, Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, құрбандық малы тек қана етін пайдалану үшін емес, ең бастысы Құрбандық ғибадат үшін, Алла разылығын көздеп шалынады.
Ниетіңз қабыл болсын!