Құрбан айт пен ораза айтты тойлау ислам тарихында һижраның бірінші жылында басталған. Анастың айтуынша, Алланың елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде мәдиналықтар тойлайтын екі күн болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұлар не қылған екі күн?» деп сұрайды. Олар: «Исламнан бұрын осы екі күнде ойнап, көңіл көтеретінбіз» дейді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, Аллаһ ол екеуін одан да жақсырақ мерекелерге: Құрбан айты мен Ораза айтына айырбастады» дейді. Құрбан айт күні жасалатын амалдарға келетін болсақ:
1 – Құрбан айттың алдындағы күнді арапа күні дейміз. Бұлай аталуының себебі осы күні қажылықтағы кісілер Арафат тауына жиналады. Сондықтан да осы күннің құрметіне халықтың арасында да бұл күн арапа күні деп аталып кеткен. Міне, осы күні таң намазынан бастап балиғатқа толған мұсылмандардың бәрі ташриқ тәкбірін айта бастайды. Себебі Құрандағы Бақара сүресі, 203-аятындағы: «Санаулы (ташриқ) күндері Алланы еске алыңдар!» бұйрыққа байланысты ташриқ тәкбірін айту уәжіп болып бекітілген. Арапа күні таң намазынан басталған ташриқ тәкбірін айту құрбан айттың үшінші күні екінді намазына дейін жалғасып, екінді намазынан кейін тоқтатылады. Сонда осы төрт күннің ішінде жиырма үш намазда айтылуы уәжіп болады. Ташриқ тәкбірі парыз намаздардан кейін бір мәрте айтылады. Айтылуы ер кісіге де, әйелге де уәжіп. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп болады. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Намаз аяқталғанда кімнің дәреті бұзылса, ташриқ тәкбірлерін дәретсіз айтуына болады.
Ташриқ тәкбірі:«Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил-хамд» деген сөздермен айтылады. Демек Құрбан айт күндері атқарылатын амалдардың бірі ташриқ тәкбірін айту болып табылады.
2 – Айт түнін құлшылықпен өткізу. Әбу Үмама, Алла Тағала оған разы болсын, пайғамбардың былай дегенін айтты: «Кім Алла Тағаладан сауап тілеп, айт түндерін намазда тұрса, жүректер өлетін күні оның жүрегі өлмейді».(Ибн Мажә, Сүнен)
3 – Құрбан айттың бірінші күні жамағатпен айт намазын оқу.
4 – Құрбан айттың бірінші күні айт намазға барарда үйден дәм татпай шығып, намаздан кейін үйге қайтып келгенде шалынатын құрбандық етінен піскен тағамнан жеу сүннет. Барида (р.а.) былай деді: «Пайғамбар (с.ғ.с.) Ораза айтына тамақтанбай шықпайтын. Ал Құрбан айтында намаз оқымайынша тамақтанбайтын». (Тирмизи, Сүнән)
5 – Ғұсыл құйыну. Айт намазына барушыға да, бара алмаушыға да ғұсыл құйыну сүннет болып табылады.
6 – Әтір себініп, киімнің ең жақсысын кию. Жәбир(р.а.) былай дейді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) екі айтқа және жұмаға қызыл шапанын киіп шығатын».
7 – Қуанышты болу және мұсылман бауырларын айтымен құттықтау.
8 – Айт күндері өзі және басқалары үшін дұға-тілектер айтып, сауапты амалдарын одан сайын арттыру.
Міне, құрбан айт күні құрбандық шалу және оның еттерін мұқтаж жандарға үлестіруден басқа осындай амалдарды да орындауды естен шығармай, айт күндерін берекелі өткізуге тырысуымыз қажет.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы