– Бірге болсын, Самат! Құрбан айт барлық мұсылмандарға құтты болсын! Исі мұсылман жаппай асыға күтетін осы бір қасиетті мейрам, бұйырса, қазанның 4-і күнінен бастау алмақ. Осы күні таң ата еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.
Негізі Айт мейрамын тойлауды, Бәрә ибн А’зибтің риуаят еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу..»,-деп баяндағандай Айт намазынан бастаған жөн. Ал, намазға дейін жақсылап ғұсыл құйыну (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барудың сауапты іс екенін мұсылман бауырларымыз білетін болар. Содан кейін Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Мереке күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Араздасып қалған кісілер болса, қайта табысып, мұсылман бауырлар бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан кісілердің арнайы көңілін сұрап, бару, жетім-жесір, мұң-мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қолдан келген көмекті аямау өте сауапты істерге жатады. Сонда-ақ, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізгеніміз абзал.