Сенімге қатысты: Олар Алланың бар әрі жалғыз-даралығы, періштелер, кітаптар, пайғамбарлар, тағдыр, ақыретке иман келтіру секілді қажет негіздер.
Мінез-құлық, адамгершілік нормаларға (ахлақ) қатысты: Олар діни тұрғыдан жауапкерлердің ұмтылуы тиіс ізгіліктер мен бойын алшақ салуы қажет жамандықтарды қамтиды.
Іс-әрекеттер: Олар діни тұрғыдан жауапкер тұлғалардың сөздері, іс-әрекеттері, келісімдер мен қабылдаған шешімдері. Құранның фиқһы, міне, осылар. Құран Кәрім бұл үкімдерді баяндау барысында құлшылықтар, отбасы мен мұрагерлікке қатысты үкімдердің біршамасын тәптіштеп, егжей-тегжейлі тоқталғандығы байқалады. Өйткені, ол үкімдер тааббуди, (құлшылыққа қатысты) яғни, ақылмен ойлап табылатын жайттар емес. Ал адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін құқықтарға келсек, олар ақыл-ойға, ғалымдардың ижтихадына ашық күйінде жалпылама түрде берілген. У. әз-Зухәйли, 31-32-б.
Құранда адамзатқа қатысты барлық үкімнің кілті қамтылған, алайда, көп жағдайда кең мағынада, жалпылама айтылады. Мәселен, Құранда намаз, зекет, оразаның, қажылықтың парыздығы айтылғанымен, намаздың қанша рәкәғат екендігі, намазда қырағаттың (Құран оқу) қалай болу керектігі, зекетке берілетін мал-мүліктің түрі мен өлшемі, қажылықты орындауға қатысты егжей-тегжейлі түсіндіріп беретін үкімдерді таба алмаймыз. Бұларға қатысты кеңірек мәлімет Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетінде келтірілген. Пайғамбарымыздың сүннеттері де Құранды кеңінен тарқатады. Құранда жалпы айтылғандарды сүннет, яғни, хадис егжей-тегжейлі түсіндіреді.
Құранда бар үкімдерді басшылыққа алу – әрбір мұсылман үшін парыз. Құранда үкімі бола тұра, басқа дәлелге жүгіну – исламға қайшы.
Күллі мұсылман жұртшылығы арасында Құрандағы бар үкімге мойынсұнудың міндет екендігі бесенеден белгілі. Қандай да бір мәселеге қатысты Құранда нақты үкімі тұрған кезде басқа дәлел іздеуге жол жоқ. Бірақ, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Құранда барлық нәрсенің үкімі егжей-тегжейлі қамтылмай, әуелі пайғамбарымыз (с.а.с) бен қияметке дейін келетін адамзаттың ойлау кеңістігін де шектемей, үлкен алаң қалдырған. Сол тұрғыдан алғанда, Құранның кейбір үкімдері кейде нақты, кесімді түрде келсе, кейбір үкімдер ықтималдылықты білдіреді.
Кесімділікті білдіретін үкімдерге келер болсақ, мәселен, «Ниса» сүресінде:
«Алла тағала балаларыңның (мұрагерлік пайы) жайында былай бұйырады: Ер балаға екі әйелдің пайындай мөлшер тиесілі. Егер (өлген кісінің) екі не одан көп қызы болса, оларға мирастың үштен екісі тиесілі. Егер (мұрагер) жалғыз қыз болса, оған мирастың тең жарымы тиеді. Егер өлген кісінің артында қалған баласы болса, онда оның әке-шешесіне мирастың алтыдан бірі беріледі. Ал егер оның баласы болмай, мирасқа әке-шешесі ғана мұрагерлік етсе, онда анасына үштен бірі беріледі», («Ниса» сүресі, 11-аят) «Зина (ойнастық) жасаған әйел мен зина жасаған ер адамның әрқайсысына жүз дүре соғыңдар», («Нұр» сүресі, 2-аят) «Арлы әйелдерге (зина жасады деп) жала жауып әрі (сөзін растайтын) төрт куә келтіре алмаған жалақорларға сексен дүре соғыңдар». («Нұр» сүресі, 4-аят)
Осы аяттардағы «жарты», «үштен бір», «жүз» және «сексен» және осы секілді кесімді нақты мағыналарды білдіретін сөздер түсіндіруді қажет етпейді. Нақтылықты білдіретін осы секілді үкімдерге қатысты қандай да бір ижтихад жасалмайды әрі мүжтәхидтердің мұндай үкімдерге қатысты түрлі жорамал жасауына орын жоқ. Мұндай үкімдерге қарсы шығып, өзгертуге болмайды. Мәселен, «Арлы әйелдерге (зина жасады деп) жала жауып әрі (сөзін растайтын) төрт куә келтіре алмаған жалақорларға сексен дүре соғыңдар» деген аятта күнәсіз адамға жала жабудың жазасы нақты әрі түсінікті. Жала жапқандар төрт куәгер келтіре алмаса, олардың әрқайсысына сексен дүре соғылатыны және аяттың жалғасында ешқайсысының куәгерліктері қабыл болмайтыны анық айтылған. Бұл аят басқа бір аятпен немесе хадиспен түсіндіруді қажет етпейді. Міне, Құран Кәрімде осы секілді анық әрі түсінікті аяттар басқа бір сөзге мұқтаж емес.
Дәлелдігі ықтималдылықты білдіретін аяттар.
Мұндай аяттарға көп түрлі мағынаны білдіретін Құран сөздері жатады. Мысалы «Ажырасқан әйелдер өздігінен үш құръ күтеді» («Бақара» сүресі, 2/228) деген аяттағы «құръ» сөзі – әрі тазалық әрі етеккір кезеңіне ортақ қолданылатын омоним сөз. Сондықтан, осы сөздің екі мағынаның біріне келуі кесімділікті емес ықтималдылықты білдіреді. Түсініктірек болу үшін осы мәселеден туындаған практикалық нәтижеге қатысты бір мысал бере кетейік.
Мужтахид ғалымдар бұл сөздің мақсатының осы екі мағынаның біріне қатысты қолданылғандығына бірауыздан келскенімен, аятта қай мағынасы меңзелгеніне қатысты әр түрлі көзқарас білдірген.
Шафиғилер мен кейбір басқа мәзһаб имамдарының көзқарасы бойынша, бұл жерде (екі етеккір арасындағы) тазалық мағынасында қолданылған. Өйткені, мұны көрсететін нұсқаушы сөздер мен дәлелдер бар. Осы нұсқаушы сөздердің бірі «қуръ» сөзінің сан есімі муаннас (женский род) түрінде ثَلاَثَةَ деп қолданылған. Бұл өз кезегінде саналатын зат есімнің музәккар (мужской род) екенін көрсетеді. Тухр мен хайыз сөздерінің арасында музаккар сөз туһр деп уәж келтіреді.
Ханафилер мен басқа да кейбір ғалымдар өз көзқарастарын былай білдірген: Бұл жердегі мағынасы – етеккір кезеңі. Өйткені, бұны білдіретін нұсқаушы сөздер бар. Олардың бірі «үш» деген сөздің хасс (жалқылаушы) түрінде келуі. Бұл күту мерзімінің (иддә) артық кем емес тура үш «қуръ» кезеңі екендігін кесімді түрде білдіруі. Ал бұл мағына өз кезегінде тек қана «қуръ» сөзі арқылы тазалық емес, етеккір (хайыз) меңзелген кезде ғана мүмкін болмақ. (Шағбан,)
Сонымен қатар, «Күңнің иддәсы (күту мерзімі) екі хайыз (етеккір)» деген хадиске де сүйене отырып, етеккір деген мағынаны таңдаған. Өйткені, иддә келген жағдайда күң мен азат әйелдің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Бұған «Истихада (әйелдің босанғаннан кейінгі жағдайы) кезінде әйел намазын оқымайды» деген хадис те дәлел болады. Асылында иддә әйелдің жүкті болып болмағандығын анықтау үшін белгіленген. Ал, бұл өз кезегінде етеккір арқылы ғана анықталады, т.б. деген секілді көптеген дәлелдер келтіреді. (У. әз-Зухәйли; М. Әбу Зәхра,)
Сол секілді: «Сендерге өлексе (арам өлген мал), қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан сойылған малдың еті харам қылынды. Сондай-ақ жаны шықпай жатып (шариғат шарттарына сай) бауыздап үлгергендеріңді қоспағанда, қылғынып (тұншығып), соққы жеп, биіктен құлап, сүзіліп немесе жыртқыш аңға таланып өлген малдың еті… харам қылынды» («Мәида» сүресі, 3) деген аяттағы «өлексе мен қан харам етілді» деген сөздерден өлексенің кез келген түрінің харам етілгендігін түсінумен қатар «теңіз өлекселерінің» тысындағыларының да харам екенін пайымдауға жол ашық. Өйткені, өлексе сөзі жалпылықты білдіреді. Аятта айтылған «қан» деген сөз де сондай. Бұл ұйыған қан мен қатар ағып тұрған қанды да білдіргені секілді, малды сойған кездегі сыртқа аққан қанды да білдіруі мүмкін. Сондықтан, омоним немесе жалпылықты, кеңдікті білдіретін сөздер әр түрлі мағынаға келуі ықтимал болғандықтан, олар «дәлелдігі ықтималды» (занни) сөздер болып табылады. Бұдан бөлек «амм-хасс», «мутлақ-муқайяд», «мәжәз», киная секілді т.б. мәселелерге қатысты мысалдар ислам фиқһындағы әдебиеттерде көптеп кездесетіндіктен бәріне тоқатылп жатпай-ақ қояйық.
Құрандағы осындай күрделі әрі кең мағыналарды қамтитын сөздер мен ұғымдардың қай мағынада қолданылғанын анықтау үшін әр нәрсенің парқын білетін фиқһ мамандарына деген қажеттілік бар. Құранның бір сөзінің өзі түрлі мағынада қолданылғандықтан, тарихта дінді қате түсіну, бұра тарту кең етек жайғаны белгілі. (Түрлі саяси және діни мәзһабтар пайда болып, ислам дінінің бірлігіне сызат түсіріп, түрлі бүліктер белең алды. Мәселен, харижилер «әл-Хукму лилләһ», яғни, үкім беру бір Аллаға ғана тән деп, Әлидің өзін кәпірге санады. Шиға тармағы да өз сенімдерінің дұрыстығына аят-хадистерден дәлелдер келтірді. Құранның кейбір аяттарын жалаң түсініп, жіберген қателіктерін Аллаға арта салатын, жәбрия, қадария секілді топтармен қатар муғтәзилә, мүржиә секілді түрлі ағымдар пайда бола бастады.) Бұларды бір жүйеге салатын, мәселенің байыбына барып, шешім табатын діннің принциптерін толық меңгерген фиқһ һәм ақида (сенім) негіздерін исламның рухына сай түсініп, түсіндіре алатын имамдарға қажеттілік туындады.
Құран ислам дінінде негізгі дәлел болғандықтан, оның әрбір иләһи бұйрықтары, сөздік құрылымдары, үкім алынатын аяттардың дәлелдік деңгейлері мұсылман үмбетінің дүние мен ақыреті үшін аса маңызды. Құран араб тілінде болғанымен, Құранның әрбір сөзі мен сөйлем құрылымының ерекшелігін біліп, дұрыс шешім шығара алу үшін араб болып туылу, тіпті, араб әдебиеті мен тарихын толық оқып шығып, араб тілінің маманы болу да жеткіліксіз. Бұларды білумен қатар Құранмен тығыз байланысы бар хадис ілімі мен ислам дінінің тарихын, сол кездегі халықтың хал-жағдайын және т.б. ислам ілімдерін терең білу қажет. Ал мұндай ілімдерді қарапайым адамның білуі мүмкін емес болғандықтан, мұсылман үмбеті дінді терең білген мужтаһид имамдардың артынан еріп, мәзһабтарын ұстануға мәжбүр.
Осы жерден байқағанымыздай, келіп жету тұрғысынан дұрыстығына қатысты ешқандай күмән жоқ Құран аяттарының өзін түсінуге қатысты ижтихад жасауға жол ашық болса, онда сахих деген хадистердің өзін түсінуде қаншалықты айырмашылықтың боларын бағамдай беруге болады. Қорыта айтарымыз, ислам дінінде ижтихадқа кең орын бар және сол орынды толтыру дінді терең меңгерген мужтаһид имамдарға тиесілі. Көрінген көк атты бұл мәселелерді талқылай алмайды.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы