– Ата, мен сіз секілді Құран оқуды әдетке айналдырғым келеді. Бірақ, оқығанмен ештеңе түсінбеймін және сол үшін сүрелерді жаттау қиынға соғады. Құранды оқығанда ондағы мазмұнды түсінбесек онда оны оқудың біздерге не пайдасы бар?
Ақсақал сол уақытта пешке отын салып жатқан еді. Ол пештің жанында көмір салынған түбі тесік шелекті алып немересіне:
– Мына шелекті алып төменге түс те маған өзеннің бойынан су алып келіп берші, – дейді. Бала дереу шелекті алып, өзеннен су алып үйге келемін дегенше су шелектің түбінен төгіліп, бос келеді. Сонда атасы күлімсіреп:
– Сен тезірек қимылдасаң мүмкін суды төкпей алып келерсің, – деп немересін қайта өзенге жібереді. Бұл жолы да баланың шелегі бос келеді. Осылайша әбден әбігерге түсіп өзенге тағы бес рет барып келеді. Қанша шапшаң қимылдаса да шелек бос келіп жатты. Сонда немере атасына:
– Ата, шелектің түбі тесік болғандықтан су ағып кетіп жатыр. Мен қанша тырыссам да шелегім бос келеді. Бұлай су алып келудің не пайдасы бар? – дейді. Атасы:
– Қолыңдағы көмір салған шелекке қарашы. Қазір қандай болып тұр? – дейді. Бала шелекке қараса, әбден суға шайылған, қара көмірдің ізі қалмаған тап-таза шелекті көреді. Сол сәтте ақсақал:
– Міне, балам, Құран оқудың да сыры осында. Сен оны оқып жатқанда түсінбесең де оқи бер. Себебі, Құран оқушының жүрегін тазалайды және адамның ішкі әрі сыртқы дүниесінің жақсы жаққа өзгеруіне алып келеді, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ