Негізінде Құранның сөз құрылысы, аяттардың бір-бірімен байланысы, ондағы қолданылған сөйлемдердің барлығы сол кездегі арабтардың тілдерімен толықтай дерлік сәйкес келген. Бұл жайында Ибн Халдун былай деген: «Расында Құран араб тілінде тілге шешен арабтарға түсті. Олардың барлығы Құранның негізгі мағынасын, сөйлемдердің құрылысы мен байланыстырын жетік білетін». Әйтсе де, кейбір аяттағы сөздердің әр тайпадағы қолданыстары әр түрлі мағына берген. Мысалы, Құрандағы «كفلين» – «кифлайн» сөзі Құрайш тайпасында «бақыт, сәттілік» мағынасын берсе, Хабаш тайпасында бұл сөз «екі есе сауапты іс» деген мағынаны берген. Осындай Құран аяттарының негізгі мағыналарынан ауытқымай оны мұсылмандарға дұрыс түсіндіріп, тәпсірлеп беруші әуелі Алланың елшісі (с.ғ.с.) болса одан кейін оның ізгі сахабалары мен табиғиндер болып табылады. Ендеше, бұл мақалада «Құран аяттарын қалай тәпсірлеу керек» деген мәселені барынша ашуға тырысып көреміз. Ол үшін біз ертедегі тәпсір саласында беделді ғалымдардың көзқарастарына жүгінетін боламыз.
«Тәпсір» сөзінің мағынасы
«Тәпсір» сөзі тілдік мағынада «ашықтау», «баяндау» деген мағынаға саяды. Сөздікте «тәпсір» сөзі жабылған нәрсенің бетін ашу, түсініксіз болған сөздің мағынасын ашу дегенге де келеді.
«Тәпсір» сөзі терминдік мағынада: Алланың сөзін баяндаушы, Құранның мағынасын түсіндіруші, дегенге келеді. Имам аз-Заркаши өз сөзінде: « Тәпсір – Мұхаммедке с.ғ.с. Алла тарапынан түскен кітаптың мағынасын, баяндаушы, түсіндіруші және үкім аяттарын ажыратып беруші», деген.
Сахабалар заманында тәпсір арнайы қазіргідей ілім болып қалыптасқан емес еді. Олар Құранды жаттап оның мағынасын терең түсіну көп уақыттарын өткізетін. Жаттаған әр бір аятқа амал етуді әдетке айналдыратын. Білмегендерін пайғамбардан (с.ғ.с.) сұрап, оны ардақты ұстаз тұтатын. Сахабалар Құранды тәпсірлеуде алдымен мыналарға сүйенетін:
1) Құран Кәрім
Құран аяттары әр жағдайға байланысты әр түрлі уақытта түсіп отырғаны белгілі. Кейбір аят бөлек түссе, ал кейбірі толық сүре болып түсіп жатты. Құранның осындай алғаш түскен аяттарын кеш түскен басқа бір аяттар ашықтап, түсіндіріп отырған. Осыған байланысты ардақты сахабалар Құранды тәпсірлеуде ең алдымен Құран аяттарын бір-бірімен байланыстырып тәпсірлеуді негізге алған. Мәселен, «Ан’ам» сүресінің 64-ші аятында «Ғайыптың сырларын Ол (Алла) ғана біледі», делінген. Ал, «Лұқман» сүресінде осы Алланың білетін ғайып сырлары қандай екені айтылып кеткен: «Қиямет уақытын тек Алла біледі. Жаңбырды Ол жаудырады, Ол құрсақтағы (шарананы) біледі. Ешбір адам ертең не істейтінін білмейді, әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Алла толық білуші».
Сондай-ақ, «Инфитар» сүресінде «Қиямет күнінің не екенін білесің ба?» деген аяттағы сұраққа келесі аят былай: «Ол (қиямет) күні біреуге біреу қарайласуға шамалары келмейді. Ол күні әмір тек Аллаға тән», деп аяттар бір-біріне жауап беріп отырады. Демек, Құран аяттарын аятпен тәпсірлеу ол ең сенімді әрі нақты тәпсір болып саналады.
2) Мұхаммед (с.ғ.с.)
Ардақты сахабалар бір аяттың тәпсірін толық түсіну үшін қашанда Алланың елшісін (с.ғ.с.) ұстаз тұтатын. Себебі, Құранды түсіндіру пайғамбарға (с.ғ.с.) толық міндет етілген еді. Бұл жайында: «(Мұхаммед с.ғ.с.) саған Құранды олардың (мұсылмандардың) қайшылыққа түскен нәрселерін анықтап беру үшін және иман келтіргенге тура жол көрсету үшін әрі игілік түрінде ғана түсірдік». Аяттардан бөлек пайғамбар с.ғ.с. исламның өзге де қағидаларын, адамдар арасында қарым-қатынас, ғибадат, сауда-саттық, әлеуметтік жағдайларға байланысты барлық мәселелердің шешімін Құраннан тауып түсіндіріп отырған.
3) Ыждақат
Адамзаттың ұстазы болған Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін артында қалған сахабалар кейбір аяттардың мағынасын Құраннан не хадистен таба алмаған жағдайда өздерінің ыждахаттарымен тәпсірлейтін болған. Себебі, олар пайғамбардың (с.ғ.с.) тікелей шәкірттері және ой-өрісі кең дамыған дінді, тілді ең жақсы білетін адамдар еді. Олардың арасында Құранды жақсы түсінген озаттары болған. Мәселен, қандай да бір Құранда мәселе туындаса мұсылмандар әділетті төрт халифаға, Ибн Масуд, Ибн Аббас, Әнас ибн Мәлик, Убай ибн Кааб, Зайд ибн Сәбит секілді ғалымдардың көзқарастарына жүгінетін болған.
Кейінгі тәпсірші ғалымдардың жазып қалдырған еңбектерінің көбісі жоғарыда аты аталған сахабалардың көзқарастарына сүйенген. Ислам ғұламаларының айтуынша сахабалардан жеткен тәпсірлер дәлелге лайықты әрі жүрекке қонымды ең сенімді қайнар болып саналады. Себебі, олар пайғамбардың (с.ғ.с.) тікелей шәкірттері және мирасқорлары. Бұған байланысты Ибн Кәсир өз сөзінде: «Егер, бір аяттың тәпсірін Құраннан не хадистен таба алмасақ ондай сахабалардың сөзіне жүгінеміз. Өйткені, олар Құран түскен уақытта болған, пайғамбардан с.ғ.с. сабақ алған және осы саланың білікті мамандары атанған. Сондықтан олардың сөзі қашанда алдыңғы қатарда тұрады» деген.
Осындай ардақты сахабалардан тәлім алған кейінгі буын ғалымдарын исламда табиғиндер деп атаған. Сахабалар ислам дінінің кең тарағанынын кейін жан-жақты елдерге қоныс аударып сол жергілікті мұсылмандарға исламды үйретумен айналысқан. Осы уақытта сахабалардан білім алған табиғиндер нәтижесінде көптеген мұсылман жерлерінде медреселер ашып ислам дәрістерін тез таратты. Мәселен, Мекке қаласында Ибн Аббас медресесі болған. Ол жерден есімдері тәпсір саласында танымал Мужахид, Сайд ибн Жубейр, Акрама Маула ибн Аббас т.б. табиғиндер шыққан. Сонымен қатар, Мәдина қаласында Убай ибн Кааб медресесі болған. Иракта Ибн Масуд медресесі жұмыс жасаған. Мұндай медреселерден шыққан табиғиндер тәпсірлері кейін «Аһли рай» деп танылып кеткен. Олар: Алқама ибн Қайс, Асуад ибн Язид, Хасан Басри секілді тәпсірші табиғин ғалымдардың арқасында бүгінде біз қолымыздағы тәпсір еңбектеріне қол жеткізіп отырмыз.
Тәпсір жасаудың шарттары
Кез-келген жазушы кітап немесе баяндама жазар болса, алдымен оның өзіндік шарттарымен байланыстырып жазатыны анық. Себебі, жазудың шарттары оны бірізді жүйеге салып ойын түіндеуге көмек теседі. Осындай жүйеге салынған адамдардың шығармалары, еңбектері әпсәтте жемісін береді. Ал, енді әлемдердің раббысы болған Алла Тағаланың кәләмін тәпсірлеп оны кітап бетіне түсіру қандай да бір шарттың тыс қалмауын, аса тиянақтылықты қажет етері сөзсіз. Тәпсір ғалымдар Құранды тәпсірлеуде төмендегідей шарттарды білуді міндет етеді:
1. Сенімнің дұрыс болуы: Кез келген адамның табиғаты оның сеніміне байланысты қалыптасады. Сенімі дұрыс болған адамның өмірлік бағыты да дұрыс болады. Сол үшін Алланың Кітабын тәпсірлеу үшін ең алдымен бағыты дұрыс қалыптасқан тұлға болуы өте маңызды. Ал, сенімін бұзық адам Құранды тәпсірлеу кезінде қашанда ондағы негізгі мағынаны бұрмалап, қиянат жасауға бейім тұрады. Бұл өз кезегінде Құранда кешірілмейтін қателік болып саналады.
2. Тәуелсіз болу: Егер де тәпсірші белгілі бір мәзхабқа, ұйымға, топқа тәуелді болса онда сол қауымның игілігін көздейтін көзқарасты алға тартуы мүмкін. Осыған байланысты бүгінде 12 имамдық таптан тұратын шииттік бағыт осындай көзқараста тәпсір жазып Құранның кей аяттарын өздеріне бұрмалап алғаны белгілі. Сондықтан Құранды тәпсірлеуде тәуелді көзқарастар қабылданбайды.
3. Құранды Құранмен тәпсірлеу: Бұл жайында жоғарыда айтып кеткен болатынбыз.
4. Құранды сүннетпен тәпсірлеу: Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті ол Құранның ең сенімді түсіндірмесі. Пайғамбар (с.ғ.с.) өз заманында қашанда Құранның үкімдерін мұсылмандарға үйретіп аяттардың мағынасын түсіндіріп отырған. Бұл жайында Алла Тағала былай деген: «(Ей, Мұхаммед с.а.у) Шын мәнінде Біз Кітапты Алланың саған көрсеткен бағыты бойынша адамдардың арасына үкім қылуың үшін түсірдік». Осыған байланысты пайғамбар (с.ғ.с.) өз сөзінде: «Маған Құранмен бірге тағы ұлы ілім (сүннет) берілді», деген. Имам Шафиғи бұл жайында: «Алла елшісі с.ғ.с. қандай бір мәселеде үкім шығарса демек, Құранда солай келгені», деген.
5. Құранды сахабалардың түсінігінде тәпсірлеу: Сахабалар пайғамбардың (с.ғ.с.) шәкірттері және Құран түскен заманда өмір сүргендіктен кейінгі дәуірде олардан артық Құран мағынасын жақсы білетін адамның жоқ екенін ескерсек сахабалардың сөздері кейінгі мұсылмандардың барлығынан жоғары тұрады.
6. Құранды табиғиндер түсінігінде тәпсірлеу: Көптеген тәпсір ғалымдардың айтуынша егер бір аяттың тәпсірін пайғамбар (с.ғ.с.) немесе сахабалардан таба алмаса онда сенімді табиғиндердің сөздеріне жүгінсе болады деп тұжырым жасаған.
7. Араб тілін жақсы меңгеру: Құран араб тілінде түскен және оны араб тілін жетік білмей тәпсірлеу мүмкін емес. Араб тілі сөздікке бай өте көне тілдердің бірі болып саналады. Сондықтан тәпсірші Құрандағы әрбір сөздің мағынасы әр түрлі келгендіктен олардың мағынасын ажырату арқылы көне терминдік сөздерді де білу қажет болады. Тәпсірші ғалым Мужаһид бұл жайында: «Аллаға және қиямен күніне иман келтірген адам егер араб тілін білмесе Құран жайлы сөйлемесін», деген.
Айта кететін жайт, бұр жерде тілмен қатар грамматика және риторикалық ілімдерді де жетік меңгеру өте қажет. Себебі, Құранның әр сөзі грамматикасына қарай өзгеріп отырады. Және риторикалық стиліндегі аяттар да өте көп. Ал, риторикалық аяттар өз кезегінде Құранның мұғжизаларын ашуға көмек теседі. Осындай аяттарды бір-бірінен ажыратып, барлығын жеке-жеке талдай алу тәпсір ілімінде аса қажет.
8. Құран ілімімен байланысты басқа да ілімдерді меңгеру: Теңіздей ауқымды Құран өзінің аясында көптеген ілімдерді қамтиды. Солардың бірі «қырағат» ілімдері, «асбаб нузул» (аяттардың түсу себептері), «таухид» ілімі, «насх-мансух», «мунасабат» ілімдері және т.б. ілімдерге толы. Кез келген аяттың мағынасын толыққанды ашықтау үшін бұл ілімдерді білу аса қажет. Себебі, әр аят әр жағдайға байланысты түсіп отырғанын ескерсек оларды анықтап қашан және не үшін түскенін білу үшін «асбаб нузул» ілімі керек болады. Бұдан басқа Құранның дұрыс оқылуын білу үшін қырағатты жақсы меңгеру керек. Сонымен қатар, әр аяттардың бір бірімен байланысын біліп оларды дұрыс тәпсірлеу үшін «мунасабат» ілімі қажет.
9. Түсіну, ойлау қабілетінің дәл әрі нақты болуы: Бұл қабілет әр аятты бір бірімен салыстырып орын-орнына қою үшін және шариғи үкімдерден жаңылмай ажырату үшін аса қажет. Себебі, адамның түсінігі не ойлауы тұрақсыз әрі нақты болмаса онда тәпсірдің де ақаулы болып шығуы әбден мүмкін.
Тәпсір жасаушының әдебі
1. Шынайы ниет пен тура мақсат: «Расында, кез-келген амал ниетке байланысты», деп Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар айтып кеткендей, Алланың кітабын тәпсірлеуде дұрыс мақсат пен ниеттің таза болуы басты мәселе.
2. Көркем мінез: Тәпсірші адамның бойында көркем мінезі болу тиіс. Көркем мінезділік қашанда адамды әдепті етіп көрсетеді. Себебі, тұла бойы көркем мінезге толы әрі әдепті адамның қолынан шыққан кез-келген шығарма терең ой, парасатты ақыл және пайдалы мәліметтерге толы болады.
3. Сөз бен амал қатар жүру: Расында, шариғат кез-келген ілім ізденген адамнан оны амалмен көрсетуді талап етеді. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. (2) Істемейтін нәрсені сөйлеу Алланың алдында үлкен ашу шақырады». Сондықтан, тәпсірші Құран ілімін оқып оны іс жүзінде көрсетсе ғана оның қалдырған еңбегі жемісті болмақ. Себебі, ислам діні адамды бір амалға бағыттау үшін алдымен сол амал өзінің бойында болуды талап етеді.
4. Сенімді қайнар: Адам не жазса да сенімді қайнарларға сүйене отырып жазуы керек. Ал, илаһи Кітап Құранның мағынасын баяндауда сенімді қайнарлардың болуы екі есе талап етіледі.
5. Мақтаншақтық пен риягершіліктен арылу: Мақтану мен рия – кез-келген амалды нәтижесіз етеді. Тәпсірші адамның бойында осы екі қасиет болса онда оның тапқан не жазған ілімінен еш пайда болмайды.
6. Өзін-өзі бақылау: Тәпсірші қашанда өзінің дәреже шеңберін нақты бақылап отыруы керек. Ол бос сөзден, уақыттың пайдасыз өтуінен, өтірік, ғайбат сөздерден аулақ болуы тиіс.
7. Ақиқатты сөйлеуші және ақиқатқа тоқтаушы: Қандай мәселе болмасын бұрмаламай тек ақиқатты айту міндет болады. Сонымен қатар, тәпсірші адамның ең жақсы қасиеітінің бірі ол ақиқатты естігенде қарсылықсыз мүлтіксіз тоқтауы. Бұл сахабалардан қалған қасиет. Өкінішке қарай, мұндай қасиет қазіргі таңда кейбір ғалымдардың бойынан түсіп жатыр.
8. Сөзінде нақтылық болу: Тәпсірші кез-келген еңбегін адамның санасына жететіндей етіп нақты әрі тұрақты сөйлемдер қолдану арқылы жазу керек. Ешқандай айналып өтпе немесе мәнсіз-мағынасыз сөздер тәпсір ілімінде қажет етілмейді.
9. Ғалымдарды құрметтеу: Тәпсірші қашанда өзінен бұрын өткен ұлы ғалымдарға құрмет көрсетіп, олардың еңбектеріне жол сілтеп отыруы керек. Тәпсірші өзінің еңбегін басқалардан жоғары қойып асыра сілтеуге жол бермеуі тиіс.
10. Методологиялық шеберлік: Тәпсірші еңбегін бастамас бұрын оны нақтылап, жүйелеп ретке келтіріп алуы тиіс. Мысалы, бір аятта тәпсірлеуде алдымен оның түсу себебін анықтап, кейін сол аяттың сөздік мағыналарын ашып оны риторикалық стилге салып сондай-ақ, сол аяттың екіншісімен байланысын анықтап осы сияқты жүйелі жолдармен тәпсірлесе бұқара халықтың көңіліне қонымды болмақ.
Осы секілді шарттар мен әдептерді ескерген кез келген ғалым тәпсір ғылымын одан әрі жандандырып, әуелі Алланың ризашылығына кенелсе, сосын халықтың көкейіндегі Құранға байланысты азықтарын жеткізіп туралыққа жол ашады.
Өкінішке қарай, бүгінде қазақ қоғамында Алланың Кітабын тәпсірлеуге байланысты жазылған көрнекті, ауқымды ешбір еңбек жоқ. Сондықтан осы мәселеде біз өзге тілді еңбектерге жүгінуге мәжбүр болып отырамыз. Әйтсе де, А. Құнанбаев, Ш. Құдайберді, Ы. Алтынсарин секілді ағартушы ұлы тұлғалар шыққан қазақ даласынан әлі де болса беделді тәпсірші ғалымдар шығатынына жеке басым кәміл сенемін. Ол үшін елімізде ислам дінінің кеңінен қанат жаюына барынша жағдайлар жасауды жалғастырып, халықтың дінге деген сұранысын одан әрі арттыра беру аса маңызды іс. Өйткені, дербестікке қол жеткізгеннен бері бүгінге дейін, әсіресе, жастар арасында Құран ғылымына деген қызығушылық артып жатқанын көз көруде. Егер, осылай жалғаса берсе, қоғамның сұранысы ретінде тәпсір ілімі де жіті зерттелетін ғылым болып қалыптасатын уақыт туады. Сондықтан осы кезден қоғамның діни сұранысына аз да болса түрткі болатын қадам жасап, Құран саласында мейлінше жастарды қызықтыратын еңбектер жазуды жалғастыра беру керек деп санаймын.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы