Құранның әрбір аятын оқып оған ой жүгірту арқылы алдымызда көптеген илаһи мұғжизалар ашылады. Бүгінде осындай мұғжизаның бірі Құранда ескерілген құмырсқа мысалына тоқталғалы отырмын.
Алла Тағала Құранда «وَحُشِرَ لِسُلَيْمَانَ جُنُودُهُ مِنَ الْجِنِّ وَالْإِنسِ وَالطَّيْرِ فَهُمْ يُوزَعُونَ ﴿١٧﴾ حَتَّىٰ إِذَا أَتَوْا عَلَىٰ وَادِ النَّمْلِ قَالَتْ نَمْلَةٌ يَا أَيُّهَا النَّمْلُ ادْخُلُوا مَسَاكِنَكُمْ لَا يَحْطِمَنَّكُمْ سُلَيْمَانُ وَجُنُودُهُ وَهُمْ لَا يَشْعُرُونَ ﴿١٨﴾ فَتَبَسَّمَ ضَاحِكًا مِّن قَوْلِهَا وَقَالَ رَبِّ أَوْزِعْنِي أَنْ أَشْكُرَ نِعْمَتَكَ الَّتِي أَنْعَمْتَ عَلَيَّ وَعَلَىٰ وَالِدَيَّ وَأَنْ أَعْمَلَ صَالِحًا تَرْضَاهُ وَأَدْخِلْنِي بِرَحْمَتِكَ فِي عِبَادِكَ الصَّالِحِينَ ﴿١٩﴾» – «Сүлейменнің (ғ.с.) жыннан, адамдардан, құстардан болған әскері жиналды. Олардың барлығы бір сапта (келе жатыр) еді (17). Олар құмырсқаның ойпатына (ұясына) келген сәтте бір құмырсқа шығып: «Әй, құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер. Сүлеймен және оның әскерлері сендерді білместіктен (сезбей) жаншып кетпесін», деді (18) деді», деген. (Нәмл – 17/18).
Алла Тағала бұл аятта біздерге Сүлеймен пайғамбар заманында құмырсқа даласында болған оқиғаны баяндап түр. Бұл аятта «құмырсқа» сөзі үш рет ескерілген және аятқа байланысты негізгі деген мынадай мәселені қарастыруға болады.
Жер бетінде құмырсқаның 20 мыңнан астам түрі тіршілік етеді екен. Олардың түрлері мен дене-пішімдері де бір-біріне ұқсас болады. Құмырсқалар өз ішінде төрт топқа бөлінеді. 1) – басқарушы (ұрғашы- патшайым), 2) – жұмысшы топ, 3) – (сыртқы қауіптен) қорғаушы әскери топ, 4) – ұрықтандырушы топ.
Құмырсқа жер бетінде 92 миллион жылдан бері өмір сүріп келе жатыр және ол әлем жаратылысының 20% құрайды екен. Құмырсқаны басқарушы арнайы жұмыртқалайтын ұрғашысы болады және ол 20 жылға дейін өмір сүреді. Олар бір-бірімен өзара сөйлесіп жеке қарым-қатынас жасай алады. Сонымен қатар, құмырсқалардың өзіндік иістері болады. Олар бір-бірінің әлеуметтік дәрежесін осы иісі арқылы таниды екен.
Бірінші – құмырсқаның ұрғашысы.
Жоғарыда құмырсқаларды басқарушысы ұрғашы құмырсқа екенін айттық. Себебі, берілген аяттағы: «Бір құмырсқа шығып: «Әй, құмырсқалар!» деп сөйлеген құмырсқа араб тілінде «نَمْلَةٌ» – «нәмләтун» деп қыз тек формасында келіп тұр. Ал, араб тілінің грамматикалық қағидасы бойынша зат есім қай текте тұрса сәйкесінше етістікте сол формада тұруы шарт болады. Осыған байланысты «نَمْلَةٌ» – «нәмләтун – құмырсқа» сөзі қыз тек формасында келген және бұған сәйкес «قَالَتْ» – «айтты» сөзі де қыз тек формасында ескерілген.
Бұған қоса, кезінде Әбу Ханифа жас шағында Куфа қаласына бір білгір келіп халыққа дін тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап беретінін айтады. Сонда Әбу Ханифа оған:
– Құранда ескерілген құмырсқаның жынысы қандай? Ұрғашы ма еркек пе? – деп сұрайды. Жас жігіттен мұндай сауалды күтпеген әлгі білгір сұраққа жауап бере алмай тілі күрмеліп қалады. Сонда Әбу Ханифа:
– Аяттағы «نَمْلَةٌ» – «құмырсқа» сөзі және оған жалғанған «قَالَتْ» – «айтты» етістігі қыз тегінде тұрғаны үшін біз ол құмырсқаның ұрғашы болғанын айта аламыз, – деген (Фахриддин ар-Рази тәпсірі).
Осыдан шығатын тұжырым берілген аяттағы сөйлеуші құмырсқа – ұрғашы құмырсқа деп айтуға толық негіз бар.
Екінші – құмырсқаның сөйлеуі
Сөйлеуші құмырсқа – құмырсқаларды басқарушы «патшайым». Бұған мынадай дәлелдерді келтіруге болады:
– Кез келгенпатша халық басына қандай да бір күн туса халықтың жауапкершілігі сол патшаның мойнында болатыны секілді аяттағы құмырсқа да өз жауапкершілігін сезініп Сүлеймен мен оның әскерінен қол астындағы құмырсқаларды сақтандыру үшін оларға дереу жасырынуға бұйрық берді. Демек, бұл жердегі сөйлеуші құмырсқа – патшайым. Ал, көпшілікке бұйрықты сөзі өтетін адам яғни, қолбасшы ғана береді.
– Әсілінде, құмырсқаның патшайымы жер астында өзінің арнайы мекенінде құмырсқаларды басқарып отырады. Егер солай болса онда қалайша жер астындағы патшайым жер бетінде келе жатқан Сүлеймен пайғамбар мен оның әскері келе жатқанын сезіп қойды? Бұл сұраққа ғылыми тұрғыда былай жауап беруге болады.
– Алла Тағала даналығымен әрбір жәндікті өзінің тіршілік ететін ортасына лайықты әрі қорегін тауып, түрлі қатерлерден сақтану үшін арнайы оған бір сезім мүшесін жаратқаны секілді құмырсқаныңда басында арнайы сезім талшықшалары орналасқан. Өйткені, көпшілік құмырсқа жаратылыс табиғатына байланысты көздері көрмейді немесе өте әлсіз көреді. Сол үшін олардың басында азықты, қатерді сезетін секілді өмірлік маңызды фунцияларды атқаратын ерекше сезімтал талшықшалар орналасқан. Осындай талшықтардың арқасында Сүлеймен пайғамбар мен оның әскері жақындағанда қауіп-қатерді сезген патшайым құмырсқа дереу басқаларға жасырынуды бұйырды. Сондықтан, Алла Тағала құмырсқа патшайымын жер астында жатып сырттағы қауіп-қатерді сезетіндей етіп жаратқан.
– «Нәмл» сүресінің жалпы мазмұнында патшалалық туралы бірнеше рет айтылған. Мәселен, Сүлеймен пайғамбардың патшалығы мен оның сөздері. Сонымен қатар, Саба патшаймы мен оның сөйлеген сөздері ескерілген. Осындай сүренің мазмұнында патшалық туралы айтылған болса онда неге құмырсқаның патшайымы және оның сөйлеген сөзі жайлы айтылмасқа?
Ескеретін жайт, берілген аятта құмырсқаның сөйлеуі арқылы біз оның «үндеуін», «ескертуін», «атауын» (ұяларыңа – деп айтуы), «бұйыруын», «нұсқауын», «аңдаусыз жаншу (құмырсқа адамдар оны байқаусызда жиі жаншып кететінін біліп отыр), «жанашырлығын»» байқауға болады.
Үшінші – араб тіліндегі «يَحْطِمَنَّكُمْ» яғни, «жаншу» етістігін талдау.
Адамның қанқасы сүйек пен еттен құрылғаны белгілі және де қол мен аяқ адамның ажырамас бөлігі болып жаратылған. Егер адамның бір сүйегі сынатын болса ол денедегі бүкіл еттің не сүйектің сынуына алып келмейді. Сондай-ақ, сынған сүйек адамның басқа мүшесінің жұмыс жасауына кедергі келтірмеуі мүмкін. Ал, құмырсқаның денесі, керісінше, адамдыкінен басқаша жаратылған. Құмырсқаның денесі бір қаңқа, ал аяғы мен қолдары денесінен бөлек болып жаратылған. Сонымен қатар, құмырсқаның денесі шөл, жауын, жел, ыстықтық секілді түрлі табиғи құбылыстарғы төтеп беретіндей қапшықтармен қапталған. Бұған қоса осындай қапшықтар арқылы құмырсқалар шөл мен аштыққа шыдамды келеді. Бір сөзбен айтқанда құмырсқаның денесі оның өмір тіршілігінің көзі болып саналады. Сондықтан егер құмырсқаның денесінің бір бөлігі захымданатын болса онда ол бүкіл денесінің істен шығып өмір-тіршілікті жалғастыра алмайтындай дәрежеге жетеді. Құмырсқаның осындай кішкентай ғана денесі майда шыныдан құрылғандығы туралы ғылыми тұрғыда бүгінде дәлелін тапқаны белгілі. Сол үшін Алла Тағала аятта құмырсқаны ескергенде оған «يَحْطِمَنَّكُمْ» – «жаншу» етістігін қолданған. Себебі, араб тіліндегі «يَحْطِمَنَّكُمْ» – «жаншу» етістігінің «حَطَمَ» – «хатама» деген түбірі «сындыру» мағынасын береді. Сол үшін құмырсқаны жаншығанда оның денесі мыжылмайды бәлки, шыны секілді сынады екен.
Құмырсқа Сүлеймен пайғамбарды және оның әскерін қалай таныды?
Патшайым құмырсқаға Сүлеймен пайғамбарды және оның әскері келе жатқанын Алладан басқа ешкім білдірген жоқ. Себебі, мұндай Алланың құдіретіне ұқсас жағдайлар Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың көзі тірісінде де орын алған болатын. Мәселен, Мүслим риуаятында келгендей, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, мен елші болып жіберілмей тұрып Меккеде маған салауат айтқан тасты білемін және оны мен дәл қазір қайда екенін де білемін» деген.
Сонымен қатар, Ибн Мажа риуаятында келгендей Әнәс ибн Мәлик айтады: «Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.) ислам дінін насихаттау барысында Құрайш тайпасынан опық жеген еді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) бір тастың басында қайғырып отырған болатын. Сол сәтте Жәбрейл періште жанына келіп не болғанын сұрайды. Алланың елшісі с.ғ.с. мән жайды айтқанда Жәбрейл періште оған:
– Саған бір белгі көрсетейін бе? – дейді.
– Көрсет қанекей.
– Анау талды өзіңе шақыршы, – дейді Жәбрейл періште. Пайғамбар (с.ғ.с.) талды шақырғанда әп-сәтте жанына жақындап келеді. Содан періште пайғамбарға (с.ғ.с.):
– Енді «кері қайт» де. Мұхаммед (с.ғ.с.) бұйрығымен тал кері қайтады».
Осы секілді Алланың қалауымен болатын кереметтер ислам тарихында өте көп. Сондықтан Құрандағы: «Егер (Алла) бір істің болуын қаласа, сонда тек қана оған «бол» дейді. Ол, бола қалады» деген аятты негізге ала отырып, Алла Тағала құмырсқаларға Сүлеймен пайғамбарды және оның әскері жақындап келе жатқанын алдын ала білдіріп қоюы әбден мүмкін.
Қалай десек те, Алланың даналығында шек жоқ. 14 ғасыр бұрын шөл далада түскен Құранды неғұрлып көп оқып зерттесек, соғұрлым оның жаңа сырлары бізді таң қалдырып кеудеде күні кеше түскендей сезім ұялатады. Құрандағы құмырсқаның мысалынан біз олардың сөйлейтінін, денесінің шыныдан жасалғанын, бір-біріне деген жанашырлығын және де ең маңыздысы егер біз құмырсқаны жаншып кететін болсақ, олар біздің байқаусызда жаншитынымызды білетінін берілген аяттың: «Сүлеймен және оның әскерлері сендерді білместіктен (сезбей) жаншып кетпесін» деген сөзінен нақты байқауға болады. Осы секілді басқада Құранның сырларын ашу үшін әлі де көптеген еңбектер жасауымз керек. Себебі, Алла Құранды бізге жібергенде оның мазмұнында біздер үшін таптырмас пайда бар екенін біліп түсірген. Сондықтан, ардақты сахаба Абдулла ибн Масудтың «Кімде-кім білім ізденгісі келсе Құраннан бастасын» деген сөзін негізге алып, Құран ілімдерін одан әрі жіті зерттеу қазақ қоғамында аса маңызды.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы