Тәубә сүресінен басқа Құранның барлық сүрелері «Бісмілләмен», яғни «Бисми-Лләһи әр-Рахмани әр-Рахими» (Мейрімді де рахымды Алланың атымен) деген сөзбен басталады. «Тәубә» сүресінің «Бісмілләмен» басталмау себебін ғалымдар әртүрлі түсіндіреді. Ғұламалардың пайымдауынша бұл сүреде мұсылмандардың мазасын қашырған мүшіріктер мен екіжүзділерге қарсы айтылған ескерту болғасын «Бісмілләсыз» басталған, себебі араб халқында тайпалар арасындағы келісімді бұзу үшін хат жібергенде оған «Бісміллә» жазбайтын болған. Ол жөнінде Ибн Аббастан жеткен хадисте: «Бісміллә – бейбітшілікті білдіреді. Ал Бараа (Тәубә) сүресі соны бұзу үшін түсірілген», – делінген. Өйткені, сүреде мұсылмандармен жауласқан мүшріктерге қарсы соғысуға рұқсат етілген. Сондықтан соғысуға рұқсат етілген сүре, мейірімге толы «Бісміллә» сөзімен басталмауы тиіс деп ұйғарылған.
Кейбір ғалымдардың айтуынша Құранда «Бісміллә» сөзі 114 рет келген (ән-Нәмл сүресінде екі «Бісміллә» бар: басында және ортасында Сүлеймен пайғамбардың сөзі ретінде), сондықтан олардың саны сүре санына сай келу үшін «Тәубә» сүресінде «Бісміллә» айтылмаған.