Сүреде иман еткендер мен салиқалы амал жасағандардың ғана ақыретте өкінішке ұрынбайтыны айтылған. Иман етудің өзі жәннатқа кірудің алғы шарты болып саналады. Сондықтан да аятта салиқалы амалдан бұрын иман ету айтылған. Бірақ адам баласы өкінішке ұрынбауы үшін иманымен бірге салиқалы амалдар да жасауы тиіс. Енді салиқалы амал дегеніміз не? Салиқалы амал дегеніміз тек қана намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару, зекет беру, құрбандық шалу ғана емес. Бұлар салиқалы амалдың бір ғана құлшылыққа қатысты бөлшегі. Ал жалпы алғанда салиқалы амал кең мағынаны қамтиды. Оның ішіне Алла ризашылығы үшін жасалған бүкіл іс-әрекеттер, амалдар жатады. Сондықтан да мұсылман ғалымдары оған әртүрлі анықтамалар берген. Мысалы бір анықтамада: «Салиқалы амал дегеніміз Алла тағаланы және Оның елшісін мойындау, бұйырғандарын орындап, тыйым салғандарынан қашу» (әт-Табари, Жамиул-баян), деп айтылса, енді бірі: «Салиқалы амал дегеніміз сауап жазылатын барлық жақсы амалдар» (әл-Қасими, Мәхасинут-тәуил) деген. Әбу Хайян «Алла тағаланың ризашылығына жетелейтін амалдардың барлығы салиқалы амалға жатады» деп анықтама берген. Мұсылман ғұламалардың анықтамаларынан байқағанымыздай іс-әрекет салиқалы амал болу үшін:
- Амал жасаушыда алдымен иман болуы керек;
- Амал Құран мен сүннетке сай жасалуы керек;
- Амал Алла тағаланың ризашылығы үшін жасалуы керек.
Осындай сипатта жасалған кез-келген амал салиқалы амал болып саналады.