Алла Тағала «Ғашия» сүресінің 17-ші аятында түйеге мысал келтіре отырып былай деген: «Олар түйенің қалай жаратылғанына қарамайды ма?». Неге Жаратушы Алла біздерді түйеге қарауға шақырады? Бұның сыры неде? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін біз алдымен түйенің жаратылысына зер салайық.
Түйе өз табиғатынан күндіз не түнде көзі жақсы көру үшін оның арнайы кірпіктері ұзын болып жаратылған. Сонымен қатар, түйенің тыныс алу мүшелері де ерекше. Оның мұрыны арқылы сырттан кірген ыстық ауа сыртқа салқын болып шығады. Бұл түйенің ыстық ауа-райына шыдамды етеді әрі оның ішкі құрылысында ауабаптағыш секілді ағза жұмыс жасайтынын көрсетеді. Ал түйенің терісі өзге жануарларға қарағанда қалың болып келеді. Терінің мұндай қалыңдығы түйені шөлдің аптапты ыстығынан сақтайды екен. Бұған қоса, түйенің ауызында 34 ерекше тісі бар. Мұндай тістер өз кезегінде жантақ секілді инесі бар тікен тектес шөптерді ешқандай қиындықсыз шайнауға септігін тигізеді.
Сондай-ақ, түйе жаратылысы басқа сиыр, жылқы секілді жануарларға қарағанда оның асқазаны тамақты тез қорытпай, біраз сақтап тұруға бейімделген. Судың өзін ішкенде арнайы сілекейі арқылы ылғалдылықты біраз күнге дейін ұстап тұра алатындай етіп сақтай алады. Осының арқасында түйе жануары шөлді жерлерге өте төзімді әрі аштық пен шөлді ұзақ мерзімге дейін көтере алатын ерекше жаратылыс саналады.
Түйенің табаны жұмсақ әрі арнайы қапшықтармен қапталған. Табанның жұмсақ болуы ол оның шөлді құмды оңай басып жүруге көмек теседі, ал арнайы қапшықтар табанды шөл ыстығынан қорғайды екен. Жылқы, сиыр секілді жануарлардың тұяғы қатты болғандықтан олар шөлді құмда ұзақ уақыт жүре алмайды.
Түйе бір күнде 200 литрге дейін су ішеді және ішкен судың ылғалын денеде сақтап, сусыз 1 апта бойын жүру мүмкіндігіне ие. Ең қызығы, түйе денесінен 40% ылғал жоғалса да жүк тасып жүре береді екен, ал басқа үй жануарлары денесінен 12 % ылғал жоғалса өліп қалады. Бұдан бөлек, түйе 300 кг дейінгі жүкті көтеріп 22 шақырымға дейін тоқтаусыз жүре алады. Бұл дегеніміз түйе нағыз табиғат құбылысына бейімделген әрі адамдардың көшіп-қону көлігіне арналған жануар екендігінің белгісі.
Түйе 25-30 жылға дейін өмір сүреді және оның дене құрылысының табиғатқа бейімділігі сонша, ол өзге үй жануарлары секілді көп ауырмайды. Оның денесінен шыққан сүт «С» витаминіне толы болады. Ал, мұндай витамин сәйкесінше түйенің сүті ұзақ бұзылмай сақталып тұруына септігін тигізеді.
Осы секілді ерекше жаратылыс иесі болған түйе жануары Құранда ескерілуі бекер емес-тін. Ертеде арабтардың өзі шөлді далада өмір сүргеннен кейін түйе олар үшін өмірдің ең қажетті тіршілігі саналды. Себебі, түйе, жоғарыда атап кеткендей, шөлге, аштыққа шыдамды, ұзақ сапарға ауыр жүктерді арқалап шыға беретін әрі еті мен сүті де құнарлы болғандықтан арабтардың ажырамас үй түлігі ретінде бағаланған. Сондықтан болар, Алла Тағала қасиетті Құранда түйені мысал еткенде оның өзге жануарлардан ерекше жаратылғаны туралы әрі оның адамзат үшін барлық жағынан пайдасы бар екенін ескерткен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы