Әрине, мынадай шағын әңгімеде мұны толықтай қамту мүмкін емес, бірақ бұлардың кейбірін сахабалардың риуаяттары мен ислам әлемінде танымал ғалымдардың түрлі кітаптарында келтірген оқиғалар арқылы көруімізге болады. Сіздерге танымал хадистермен бірге осындай оқиғалардың бірқатарын ұсынамыз.
Ән-Науас ибн Сумған (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.):
– Қиямет күнінде Құран мен оның жұрты және дүниеде онымен амал қылған адамдар алып келінеді. Сонда Бақара мен Әли Имран сүрелері оларға араша түседі – деп айтқанын есіттім» деген риуаятты жеткізеді (Мүслим).
Ұрыстардың бірінде Алланың елшісінің (с.ғ.с.) сахабасы бір орынға шатырын тігеді. Шатырда жатып, жер астынан адамның:
«Бүкіл билік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші» – деген Құран оқушының дауысын естиді. Ол дереу Алланың елшісіне (с.ғ.с.) келіп:
– Мен жер астынан «Бүкіл билік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші», – деп Құран оқыған адамның дауысын есіттім – дейді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) оған:
– Ол, сол қабір иесінің дауысы. Оның «Мүлік» сүресін оқуының себебі, бұл сүре адамды Алланың азабынан сақтайды – деп жауап береді.
Омар ибн Хаттабтан (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында Алла осы Кітаптың арқасында бір қауымды көтереді, басқа қауымды қор етеді» – деді» деген хадис келген (Мүслим).
Құранның бойындағы осындай қасиеттердің келесісі – жәннат есігі. Ия, расында да Құран өзін дос тұтқан адамды жәннатқа кіргізеді. Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір сахабаны көреді. Ол үнемі бір немесе екі рәкат намазында «Фатиха» сүресінен кейін «Ықлас», яғни «қул һуаллаһу ахадті» оқиды екен. Содан Алланың елшісі (с.ғ.с.) одан:
– Мен сенің әр бір рәкатта «Фатихадан» кейін «Ықлас» сүресін оқуға қатты көңіл бөлетініңді байқадым. Мұның себебі не? – деп сұрайды.
Әлгі сахаба:
–Себебі мен оны жақсы көремін ей, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! – деп жауап береді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Сенің оған деген махаббатың, сені жәннатқа кіргізеді – дейді.
Сонымен қатар Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– «Кім «Ықлас» сүресін түнде он рет оқыса, Алла оған жәннаттан сарай көтереді», – деп айтқан хабары бар.
Бұл тақырыпқа қатысты Әмр ибн Ас (а.р.) былай деген екен: «Құранның әрбір аяты, жәннаттың дәрежелері әрі сендердің үйлеріңдегі шам шырақ».
Айша анамыз болса (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.):
«Құранды жетік оқушы адам құрметті періштелермен бірге болады. Кім оны ежелеп, қиындықпен оқыса оған екі сауап жазылады», – деп айтты» деген риуаятты келтіреді (Бұхари, Мүслим).
Сол себепті сахабалар Құранға өте мұқият қараған. Ислам тарихының беттерінде сахабалар (оларға Алла разы болсын) Құранның он аятын жаттап, кейін соған амал қылар еді. Жаттаған аяттарына амал жасамайынша келесі аятқа өтпегені туралы хабарлар да бар. Олардың әрбі амалы Құранмен бйланысты болғаны мәлім. Мысалы, Алланың елшісі (с.ғ.с.) Әбу Бәкірмен (р.а.) бірге құрайыш мүшриктерінен жасырынып жатқан кезде Әбу Бәкір:
–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Тығылып жатып, көздерім Әбу Жәһілдің көздеріне түсіп кетсе, ол мені анық байқап қояды ма деп қорқамын – дейді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
–Сен Алла Тағаланың: «Ал оларды тура жолға шақырсаңдар, олар естімейді. Олардың саған қарағанын көресің бірақ, олар сені көрмейді» (Ағраф: 198) деген аятына не дейсің? – деп Әбу Бәкірдің уайымын басады.
Құран біреуге шипа берсе басқаға күш береді, үшінші адамның уайымын сейілтеді, келесі адамның қорқынышын кетіреді. Бір сөзбен айтқанда Құран – шапағатшы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
философ.ғ.к., дінтанушы