Мағынасы: «(Ұлы Жаратушының) қарғысқа ұшырап, (жарылқаудан үмітсіз қалған) шайтанның арандатуынан сақтай гөр, деп Аллаға жалбарынып, пана сұраймын» дегенді білдіреді.
Алланың қаһарына ұшырап, жақсылық атаулыдан үмітсіз қалған шайтан адамзатты азғырып, Раббысының әмірлерін орындауына кедергі болып, кесірлік жасайды. Сол себепті, барлығымыз Алладан пана тілейміз. Өйткені, шайтанның қастандығынан пана болатын тек Алла ғана.
«Әл-Истиғаза» Құранның аятына жатпайды. Алайда Алла «Ән-Нахл» сүресінің 98-аятында: «Құранды оқыған кезде алдымен, Алланың мейірімінен әдіре қалған шайтанның азғыруынан сақтай гөр, деп Раббыңнан пана тіле!» деп бұйырған. Құран Кәрім аяттарын оқыған кезде «Ағузу»-дан бастайтынымыз да сондықтан.