Бұл аятқа ой жүгіртетін болсақ, Жаратушы ер адамның ішінде екі жүрек жаратпағаны және бұл еркектің табиғатында биологиялық тұрғыдан да дұрыс екендігі мәлім. Дегенмен, берілген аяттың мазмұны біздерге басқадай мәселенің қырын ашып тұрғанын бірі білсе, екіншісі біле бермейді.
Әсілінде, Алла Тағала Құранда адамның «жүрегін» сипаттағанда, оны: «تَعْمَى الْقُلُوبُ الَّتِي فِي الصُّدُورِ» – «Шын мәнінде, (адамның) көздері соқыр болмайды, бірақ, (олардың) көкіректеріндегі жүректері соқыр болады» деп ескереді. Себебі, жүрек адам жаратылысында оның «الصُّدُورِ» – «судур (яғни, көкірегінде)» орналасады. Ал, «Ахзаб» сүресіндегі аятқа қарайтын болсақ, онда адамның жүрегі ескерілгенде «جَوْفِ» – «жауф» сөзі яғни, араб тілінде дененің жалпы ішкі бөлігі айтылған. Демек, Құранның әдеті бойынша адамның жүрегі аяттарда «көкіректегі жүрек» деп ескерілетін болса, онда неге Алла Тағала алғашқы аятта жүректі ескерген кезде «жауф» сөзін қолданды деген заңды сұрақ туындайды.
Әрине, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» депұлы Абай айтпақшы, Алла Тағаланың Құранда айтқан әрбір сөзіне зер салар болсақ, онда даналықтың құпия сырлары ашылып отырады екен. Сонымен қатар, Құранда әрбір сөздің өзіндік нақты орналасқан жері бар. Бұл дегеніміз, егер бір сөздің орнын екінші сөзбен алмастыратын босан онда аяттың негізгі мағынасы түбегейлі өзгереді деген сөз. Бұл өз кезегінде Құранның тілдік мұғжизасын одан әрі ашып, Алланың шексіз тіл құдіретіне ие екендігін көрсетеді.
Енді жоғарыдағы сұрақтың жауабына келейік. Алла өзінің қалауымен жүктілік уақытында әйелдің құрсағына перзент жаратар болса, уақыт өтіп ол перзенттің кеудесінде жүрек пайда болады. Осылайша, әйелдің кеудесінде өзінің бір жүрегі болса оның ішкі құрылысында тағы бір жүрек жұмыс жасай бастайды екен.
Ал, аяттағы: «Алла Тағала ер адамның ішкі құрылысында екі жүрек жаратқан емес» деген Алланың сөзі ол ер адам табиғатынан жүкті болуы мүмкін емес және оның кеудесінде бір ғана жүрек болатынын тілге тиек етіп отырғандай.
Сонымен қатар, әйел адам жүкті болған кезде құрсақтағы бала оның кеудесінде емес ішкі құрылысында орналасады. Сондықтан Алла Тағала екінші жүректі ескергенде «جَوْفِ» – «жауф» сөзін қолданған. Себебі, құрсақтағы перзенттің екінші жүрегі ол ананың кеудесінде емес ішкі құрылысында болаты анық.
Десек те, бұл аяттың негізгі түсу себебіне келер болсақ, Әбу Жафар ибн ат-Табаридың тәпсірінде келгендей, ілгеріде Құрайш тайпасында «екі жүректі адам» деген ер кісі болған екен. Оған айналасындағылар ерекше құрмет көрсетіп әрі оның ақылы да екі тарапты ойлайды деп сипаттайтын болған. Арабтардың арасында кең тараған осындай түсініктен халықты арылту мақсатында Алла Тағала ер адамда екі жүрек болмайтынын өз Кітабында осылайша баяндап кеткен екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы