Сіздің сұрағыңыз тікелей құрамында спирт бар алкогольдік ішімдіктердің нәжіс саналып-саналмауына қатысты. Бұған қатысты мұсылман ғалымдарының арасында 2 түрлі көзқарас бар. Шафиғи, ханбали, мәликилердің және ханафи мәзһабында Имам Мұхаммедтің пікірі бойынша мас қылатын нәрсенің барлығы лас саналғандықтан оларды қолдану – харам. Алайда, ханафи мәзһабында Имам Ағзам мен оның шәкірті Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша жүзім мен құрманың тысындағы нәрселерден жасалған мас қылатын ішімдіктерді ішу харам болғанымен, олар лас саналмайды. Сондықтан, оларды ішу харам саналғанымен, ауыр ластыққа жатпайтындықтан киімге, денеге тисе намазға кедергі келтірмей ді.
Сонымен қатар, сіз атаған парфюмериялық және косметикалық заттардың құрамындағы спирт өзге заттармен араласу арқылы мас қылатын ерекшелігін жоғалтатын болса да, оларды қолдана беруге болады.
Қысқаша мәселені былайша түйіндеуге болады: Егер ханафи мәзһабының тысындағы үш мәзһаб ғалымдарының дәлел-дәйектерін негізге ала отырып, ондай заттарды қолданбаса, өз ықтиярында.
Ал, «Қазіргі таңда спирт тек қана жүзім мен құрмадан емес өзгеше түрлі жолдармен алынады және ол өмірдің көптеген саласында (әсіресе, медицинада) кең қолданысқа еніп кеткендіктен, діндегі жеңілдік дәстүріне сай,маған Имам Ағзам мен Әбу Юсуфтың көзқарасы жеткілікті» деген мұсылманды да ешкім жазғыра алмайды.