– Аға, қазір «дінге бет бұрдық» деп адасып жүргендер аз емес. Намазға жығылдым деп ата-анасын кәпірге шығарып, адал жарына талақ айтып, ағайыннан арасын үзіп жүргендер өздерін шынайы мұсылман санайды. Осындай жағдайлар орын алмас үшін жастарға дінді қалай түсіндіру керек. Алдымен жастарға нені ұғындыру керек?
– Бисмилләһир-Рахманир-рахим!
Бұл жағдай қазіргі уақытта шынымен қиындау әрі түйіні тарқатылмай тұрған мәселелердің қатарында тұрғаны анық. Адасқан бауырларымызды райынан қайтуға тәрбие берумен қоса, олардың теріс бағыт-бағдар алынып жатқан мәлімет көздерін мүлде жабу, жат пиғылды ағымдармен байланысын әсте болдырмау ләзім.
Сосын бұндай кері іс жалғасын таба бермеуі үшін хақ дініміздің өзіміз ұстанатын тура бағытын мектептерде бастауыштан тартып, университеттерге дейін жүйелі, жоспарлы түрде, арнаулы сабақ ретінде (ұстазды имамдардан сайлап) өтіп, болашақ жастарымызды дін мәселесінде тура жолға өзіміз бағыттап, оларды діннен толық білімді етуіміз шарт. Дәл осы істі негізі Тәуелсіздіктің ертеңінен-ақ қолға алуымыз керек болатын. Ол болмады. Әлі де болса шүғыл түрде қолға алуға тиіспіз. Сөйтсек, ендігі ұрпағымызды бұл рухани індеттен аман сақтап қала аламыз. Олай етпеген жағдайда бұл жамандық жалғасын таба береді.
– Діндегі кейбір пікір қайшылықтар, мұсылман болу мен арабқа еліктеудің арасын айыра алмай жатуымыз, ұлттық дәстүрді теріске шығару нені аңғартады? Өзін «әлімсақтан» мұсылман санайтын қазақ діндегі түпкі тамырынан ажырап қалған жоқ па?
– Бұл мәселе де діннен сауатсыздығымыздан туындап отыр. Дін басқа, араб басқа нәрсе. Дін – Алла Тағаланың араб ұлтына ғана емес, күллі Адам (ғ.с) ата баласына (барлық ұлтқа) түсірген хақ ақиқаты, тура жолы. Ал, араб – біз сияқты ұлттардың бірі ғана. Хаһ дін және оның ғылыми негізі саналатын қасиетті Құран сол ұлттан (арабтан) шыққан күллі адамзаттың Пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с.), сол ұлттың тілінде түскені рас. Бірақ, ол «дін – арабтың діні» дегенді білдірмейді. Адамнан кім, ұлттан қай ұлт ұстанса соның немесе күллі адамзатының жалғыз, хақ діні.
Ал, киімдегі «сүннет» мәселесіне келсек, біздің қазақтың кешегі дейін киіп келген ұлттық киімі тұтастай сүннеттік киім еді. Қазақ өзінің кешегі ұлттық киімін кисе, әуелі ұлттық салтына көшіп бір, дініндегі сүннет амалын орындап екі пайдаға қол жеткізген болар еді.
Ал, кейбір кері ағымға ессіз бой ұрғандардың салтымызға түбегейлі қарсы болуы – олардың адасқандықтарының басты бір белгісі. Негізінде, халқымыздың салт-дәстүрі, ішінара, кей ескіден қалған ырым-жырымдарды есептемегенде, толықтай қасиетті дініміздің шариғатынан алынған. Қазақ салт-дәстүрімен ғана емес, күллі таным-түйсігімен, рухани болмыс-бітімімен, сана-сезімімен, сенімімен исламмен жарасым тауып кеткен халық. Бұл жағынан келгенде қазақты Ислам дінінен, Ислам дінін қазақ халқынан айырып алу мүмкін емес. Халқымыздың кешегі Кеңестік құдайсыздық жүйенің қанды шеңгелінен аман қалуының өзі оның ұлттық ішкі жан-ділінің Хақ Тағала діні Исламмен әбден үйлесіп, үндесіп, біреулесіп кеткенінің, Ислам діні оның күллі өмірінің өзі болғанының айқын дәлелі екені еш құпия іс емес.
Дегенмен, сол кешегі бір ғасырлық дініміз бен салт-дәстүрімізден күштеп қол үздірудің неше түрлі құйтұрқы әрекеттерінің салдарынан діндегі сенімімізге селкеу түсіп, дәстүр-салтымыздан, өмір сүру жүйемізден әжептәуір мөлшерде алыстап, ауытқып, тіпті көптеген игілікті мәдени мұраларымыз бен рухани түсінік-хәлдерден көз жазып, айырылып қалғанымыз да рас. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кездің өзінде дін мәселесін ұлт руханиятының, өмірінің ең негізгі өзекті ісі, ішкі рухани алтын арқауы екенін мүлде сезінбей, ерек ескермей қалғанымыз, тіпті, қазірге дейін, ширек ғасыр тәуелсіз ел болып отырғанымызға қарамастан дұрыс жолға қоя алмай, толық тұтынуға өзіміз салғырт қарап отырғанымыз соның салдары…
– Сіз ақынсыз. Ал, «ақынның әулиелігі» дегенді қалай түсінесіз?
– Алла тағала қасиетті Құранда Адам (ғ.с) ата баласын күллі жаратылыстың ішіндегі ең төресі (асылы), дүниеге халифа (орынбасар) етіп жаратқанын айтады. Демек, адам – асыл жаратылыс. Тіпті, былай қарасаңыз, күллі болмысты, екі әлемді де осы Адам (ғ.с) баласы үшін жаратқан сияқты сезіледі. Солай! Күллі жаратылыстың мәні. Сондықтан да, оған сансыз нығметтер берілген. Соның бірі – ақыл болса, тағы бірі – талант. Ақыл күллі адамда бар болғаны сияқты, талант та күллі адамда бар қасиет, меніңше. Ақылдың бір адамда көбірек болатыны сияқты, талант та бір адамда басымырақ болады. Осы нәрсені енді адамдағы ақындық қасиеттен қарайтын болсақ, ақындық та барлық адамда бар. Бірақ, біреудегі ақындық ең төменгі, біреудегісі ең жоғарғы деңгейде болады. Ал, әулиелік болса, ол құлдың Құдайын тануда тақуалық арқылы жететін Хақ тағалаға достық биігі. Енді біреу әрі ақын, әрі тақуа болып жатса, ол – басқа мәселе. Ал, жәй ақындық пен әулиеліктің еш қатысы жоқ. Ол бар болғаны ақындық қасиеті өзгелерден көбірек берілген ақын ғана.
Демек, әулиелік басқа, ақындық басқа қасиеттер.
Егер ақындық қасиет пен әулиелік қасиет бір нәрсе болатын болса Құдай Тағаламыз арнаулы ақындар үшін түсірген қасиетті Құрандағы «Шұғара» (ақындар) сүресінде ақынның әулиелігі жәйлі сөзсіз бір қабар берер еді ғой. Керісінше «Ақындарға азғындар ереді» Осы сүре, 224 аят) деді…
– Осы орайда дінді насихаттаудағы әдебиеттің рөлін айта кетсеңіз.
– Хақ Тағаламыздың сөздері (қасиетті Құран), үкімдері сөзбен жетті. Демек, сөздің адам өміріндегі рөлі күллі ықпалдың алдында. Сыр, ұғым атаулыны сөзбен білеміз. Ал, халық ретінде біз сөзмер, сөз қуған, сөзжегі, сөзге тоқтаған халықпыз. Сөздің ішінде әдебиеттің орны тіптен ерек. Хақ Тағаланың хақ дінін жұртқа жеткізуде ақиқатты таныған сөз иелерінің, соның ішінде, әсіресе, иманды ақындардың қосқан үлесі ұшан. Оны біз «шығыстың жеті жұлдызынан», қала берді Баласағұннан, Шәлкиіздерден, Абайлардан, тіпті, кешегі Мұқағалидан, бүгінгі Құл-Керім, Дәулетбектерден, Бауыржандардан білеміз. Олардың әрқайсысы Хақ Тағаланың дінін, ақиқат жарығын жалпақ жұртқа насихаттап келді. Қысқасы, әдебиеттің хан дінімізді насихаттаудағы рөлі шексіз. Солай бола береді де…
– Кейде дін мамандарының тарапынан «ақындарға азғындар ереді», «ақындарды жын иектейді» деген пікірлер айтылып жатады. Бұған не айтасыз?
– Жоғарыда айтып өттім, «ақындарға азғындар ереді» деген сөз – Алла Тағаланың аяты. Міне, осы Ұлы Хақ Тағаланың кәламында (аятында) келген, артынан азғындарды ертетін ақындар өздерін жын иектеген, өздері де азғын ақындар екені даусыз. Ондайлар Хақ Тағаласын танымайды. Өзін құдай санайды. Ойына келгенді айтады, жазады. Онысын өзінің кереметі әрі шындық деп біледі. Хақ Тағаланың Өзіне, дініне қарсы болады. Ондай халдегі ақынды жын иектемегенде не иектеуі мүмкін?! Жоғарыдағы Құран аятының жалғасында: «Олардың сай-салада қаңғырып жүргенін көрмедің бе? (225). Олар істемеген істі істедік деп көпіреді (226)» – делінген. Міне, бұл сипат өзін жын иектеген адамның кейпияты емегенде не? Ондай азғын ақындардың ақырының не болатыны, қайда баратыны жайлы осы сүренің 227-аятының соңында: «…Ал зұлымдық істегендер қандай орынға қайтарылатындығын әлі-ақ білетін болады» делінген.
Сонда, «ақындық мүлде жолайтын іс емес екен» деп түсінуіміз мүмкін ғой бұдан. Жоқ, олай емес. Аталмыш сүренің осы 227- аятының басында Алла Тағаламыз: «Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер және зұлымдық көрсе де артынан (өлеңмен) кек алғандар бір басқа. (227)» дейді. Бұған жоғарыдағы (адамзат тарихындағы) шығыстық жұлдыздар, Яссауиларымыз, Бұхарларымыз, Абайларымыз, міне, осы Алла Тағаласына иман келтіріп (Құдайына сеніп), Оны көп зікір (еске алу) етіп, дінге, халыққа пайдалы имани жырлар жазып, ізгі іс істеп, өлеңмен құдайсыздықтан кек алған ақындар болатын.
Демек, біз (ақын-жазушылар) қолымызға Тәңірі Өзі нәсіп етіп берген қасиетті қаламды дәретпен ұстап, Құдайды, Оның хақ ақиқатын, иләһи анықты, анық шындықты ғана жазуымыз керек. Сонда ғана хақ Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның: «Мұсылман адам тағымен де, тілімен де Алланың жолында күреседі. Жаратқан Иемнің атына ант, сендер (ақындар) ататын оқтың үші өткір» деген анықтамасына сай, қас биіктегі,Хақ Тағала жолындағы, расшыл, құдайлылардан боламыз! ИншАлла!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕК,
KazIslam.kz