– Құдайберді Сабыржанұлы, кеше ғана Мысыр еліндегі жарылыс әлемде талай адамға жаға ұстатты. Лаңкестер бұған не үшін барды? Бұл туралы ойларыңыз қандай?
– Мысырда адамдар құлшылық ниетімен жұма намазына көп жиналған уақытта лаңкестердің сол мешітке бомба тастап, артынша автоматпен оқ жаудыруы эктремистердің ештеңені қасиет тұтпайтын, өте қатігез екендігін көрсетті. Екі-үш жыл бұрын Синай түбегіндегі экстремистік ұйымдардың ДАИШ-ке қосылған хабары тараған болатын. Экстремизм-терроризммен күрес аймақтық емес, жаһандық сипат алып кеткені қашан. Елбасымыз да Астанада өткен бір жиында экстремизм мен терроризмнің қаупіне қатты алаңдап: «Халықаралық терроризм апатты ауқымға жетті. Ол үшін шекара қалмады. Бүгінде әлемнің кез келген нүктесі жойқын соққы объектісіне айнала алады. Үшінші мыңжылдық басталғалы бері терактілер мен қаза болғандар саны он есеге өсті. 2016 жылы 104 елде теракт болды, бұл – әлемнің жартысынан көбі. Яғни география және ауқымдылық тұрғысынан біз шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында тұрмыз деуге болады. Террорға қарсы соғыста…» деген болатын.
– Экстремизм ұғымын осы арада тарқата кетсеңіз?
– Экстремизм – «әсірелікке, зорлық-зомбылыққа үндейтін, дiни өшпендiлiкті жандандырушы және азаматтардың қауіпсіздіктеріне, өміріне, денсаулығына, көзқарасына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер туғызатын кез келген діни тәжірибені» өз мақсатына пайдалануды көздейтін іс-әрекет немесе қалыптан тыс шетін көзқарастар. Дін түсінігіндегі экстремизмді дінге сыймайтын шектен тыс көзқарастар мен іс-әрекеттер құрайды. Мұндай экстремизмның соңы зорлық-зомбылыққа, агрессияға апарады. Экстремизмнің кең және нақты өлшемдеріне баға берген ресейлік сарапшы М.Красновтың ойынша, оған мынадай идеяларды, бағыттарды, доктриналарды таратуға бағытталған әрекеттерді жатқызуға болады: адамдарды таптық, меншіктік, нәсілдік, ұлттық немесе діндік ерекшеліктеріне байланысты бөлу; адам құқығын конституциялық құндылық ретінде жоққа шығару; ашық плюрализм мүмкіндігін, идеяларды еркін тарату және айырбастауды жою; бір идеологияны мемлекеттік ретінде орнату.
– Сонда экстремизмнің пайда болу себебі неде деуге болады?
– Зерттеушілердің түсіндіруінше, экстремизмнің пайда болу себебі әр қоғамда әр түрлі болады және сол қоғамдағы объективтік және субъективтік жағдайға байланысты. Әйтсе де экстремизмнің пайда болуы мен таралуының кез келген қоғам мен мемлекетке тән ортақ жағдайлары бар. Қазіргі кезеңде оның негізгі факторлары ретінде эксперттер мыналарды ұсынады: әлеуметтік экономикалық тоқырау; жергілікті тұрғындардың көп бөлігінің өмір сүру деңгейінің күрт түсуі; мемлекеттік басқару жүйесі мен саяси институттардың деформациясы; олардың қоғамдық дамудың пісіп тұрған мәселелерін шешуге қабілеті жетпеу; саяси режимнің тоталитарлық сипат алуы; биліктегілердің оппозицияны басып тастауы; еркін, жаңаша ойлауды қуғындау; ұлттық қанау; жеке топтардың өз міндеттерін шешуін жеделдетуі; лидерлердің саяси амбициялары және т.б. Бұл негізгі факторлармен қоса ғалымдар экстремизмнің пайда болуы және дамуына әсер ететін қосымша факторларды атап көрсетеді. Оларға халықаралық немесе мемлекеттік жүйеде экстремизм көріністеріне қарсы күрестің осалдығы, тұрғындардың, жеке топтардың саяси және құқықтық мәдениетінің төмендігі, мемлекетаралық қатынастың әлсіреуі, әлеуметтік шиеленістің өсуі және басқалар жатады.
– Біздің елде заң тұрғысынан экстремизмге қандай тосқауыл қойылған?
– Республика басшылығы діни экстремизм және терроризмге қарсы елдегі билік органдарын тегіс жұмылдырып, мемлекеттік деңгейде күрес жүргізіп келеді. Заңдық негіздерге қарар болсақ, 1999 жылдың 13 шілдесінде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды. 2005 жылдың 18 ақпанында «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды. Бұдан бөлек, 2013 жылы Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, сол бағытта қызу жұмыстар жүргізілді.
– Мемлекеттік органдар құзіреттерi шегінде экстремизмнен сақтандыруға бағытталған қандай шараларға міндетті?
– «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы заңның 6-бабына сай мемлекеттiк органдар мынадай алдын алу шараларын iске асырады: діни қызмет саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орган ел аумағында құрылған дiни бiрлестiктер мен миссионерлердiң қызметiне зерделеу мен талдау жүргiзедi, өз құзіретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттық iс-шараларды жүзеге асырады, дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнаманың бұзылуына қатысты мәселелердi қарайды, экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы заңнаманы бұзатын дiни бiрлестiктердiң қызметiне тыйым салу туралы ұсыныстар енгiзедi.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен Асылбек СНАДИН,
Baq.kz