Омар бин Абдулазиз – ерекше діндарлығымен танылған уммауи әулетінен шыққан халифа. Халифа Омар бин Абдулазиз бір сөзінде:
«Шамаң жетсе ғалым (үйретуші) бол. Ал, бұған шамаң келмесе шәкірт (үйренуші) бол. Оған да шамаң жетпесе, үйретуші мен үйренетін адамдарды жақсы көр. Ондайға да мұршаң жетпесе, оларға ашуланудан аулақ бол»,-деген екен.
Ол бұл сөздерімен шәкірт тәрбиелеу және әр ғылымды тек ұстаздан үйрену мәселесін меңзеген. Сонымен қатар, қоғамның тұрақты дамуы үшін ғылымға және жаңалыққа талпыну ауадай қажет екенін назарға алған.
Омар бин Абдулазиз бір досына: «Балаңа ең үлкен білімді үйрет»,-деп кеңес береді. Досы: «Ең үлкен білім не?»,-деп сұрағанда: «Қанағат және адам баласына зиян тигізбеу»,-деді. Бұл аса маңызды. Ғалымның бұл сөзінен білім аясы кең және ауқымды ұғыну керектігін байқалады. Өйткені, жалаң білім адамды өз қабілетін қалауына құрал еткізеді. Білімге дұрыс бағыт-бағдарды имандылық көрсетеді.
Ол өзінің балаларына:
«Білім алыңдар, ол кедейлікте демеу болады»,-дейді. Сосын сөзін жалғастырып:
«Мен біліммен дүние дәметіңдер деп тұрғаным жоқ, білім адамды қанағатқа жетелейді»,-деп сөзінің төркінін жеткізген.
Руслан ҚАМБАР