Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «JOLTAP» жобасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өмір сүру сапасы негізінен таңдаған мамандық пен жұмысқа байланысты. Дегенмен өкінішке қарай, қала тұрғындарының бәрі бірдей белгілі бір мамандық иесі бола алмады. Біздің міндетіміз – бүгінде нарықтағы қажетті дағдыларды меңгеруге және жұмысқа орналасуға көмектесу.
Қыркүйек айында біз «JOLTAP» әлеуметтік жобасын іске қостық. Жоба мемлекеттік қолдау шаралары, атаулы әлеуметтік көмек, бизнес ашу үшін өтінімдер беру, оқыту, жұмыс іздеу бойынша тегін консультациялар береді.
«JOLTAP» жобасы аясында қала тұрғындары қысқа мерзімді екі бағдарламада тегін білім алады. Бірінші бағдарлама тігінші, наубайшы, сатушы-кассир, қоғамдық тамақтандыру қызметінің әмбебап қызметкері, бариста сияқты 5 жұмысшы мамандығын оқытуға арналған.
Екінші бағдарлама – «Freelance Mumkindik», 7 цифрлық дағды бойынша оқытуды ұсынады: таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс, мобилограф, графикалық дизайнер және веб-дизайнер (сайт әзірлеу).
Оқу сыныптарын аралап, бағдарламаға қатысушылармен әңгімелестім. Жоба аясында қатысушылар теориялық қана емес, практикалық білім де алады. Сол сияқты оларға сертификаттар беріліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.