Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмметтерге мақтанамын» [1] – деген сөздерін жер бетінде Алла Тағалаға құлшылық етіп, ізгілікті ту еткен үмметінің көп болуын қалауы деп ұққан жөн.
Отбасы болудағы мақсат – Хақ дінмен өмір сүру, пайғамбар сүннетін өмірдің үрдісіне айналдыру және жер бетінде бейбіт қоғам қалыптастырып, жаратылысқа бақыт сыйлау.
Үй болудың әдемі үлгісін өткенімізден іздер болсақ, Алла елшісінің (с.ғ.с.) алғашқы жұбайы Хадиша анамызбен шаңырақ көтеру ісі еске келеді. Үйлену жәйін алғашқы болып қозғаған Хадиша анамыз болатын. Иә, жәһилия кезеңінің өзінде арлы әйел мағынасындағы «Таһира» лақабына ие болған Хадишаның ұсынысын Мұхаммедке (с.ғ.с.) жеңгетайлық етіп, жеткізген досы Муниақызы Нәфиса еді. Өзіне адал жар таңдауда батылдық көрсеткен Хадиша анамыз, өмірдегі орнын мүміндердің аналары қатарында болуға лайықты етті [2].
Қазақ дәстүріндегі ата-ананың балаларын кішкентай кезінен текті деп білген достарының балаларымен атастырып қоюы, жеңгейлердің қайын сіңілілерін иманды азаматтарға кездестіріп жеңгетайлық жасауы сынды жоралғылар қазіргі күнде де берері мол екенін қыз баланың ата-анасы, аға-жеңгесі және т.б. туыстары, тіпті, қыз баланың өзі де ескерген жөн.
Әрбір істің себебін істеудің өзі мұсылмандық міндет болып табылады. Бүгінгі таңда отырып қалған қыз балалардың көбеюінің бір себебі қыз және ұл балалардың туысқандары олардың лайықты жарын табуға өткен ата-бабаларымыз сияқты араласып іс қылмауында деуге болар. Тіпті, «жастар өзі біледі, олардың ісіне араласып ертең ажырасып кетсе бізден көреді» деген сынды кертартпа көзқарасты да дұрыс санап, жастардың өзіне лайықты жарын табуды өз ісіміз деп санамайтын болдық. Соның салдарынан көптеген қыздар бас құрай алмай, кәрі қыз атанып жүр.
Әлихан Бөкейханов: «Біздің қазақта бірігіп жүн сабап, киіз басқан, отау жапқан іс дәл Европа кооперативі. Қызметке қызмет күтіп, қатындар аянбай қылады. Суғарып егін салатын Жетісу, Семей облыстарында жиылып тоғам шығарып, суды, егін жайды күрекке бөлген дәл кооперативтің өзі болады. Ру болып, жақын ағайын болып, жігітке қалың мал беріп, қатын әперген, өлгенге ас берген – Европа кооперативі болады. Бірақ, қазақ игілік ісі уақытша, кооператив көп уақытқа, бұл екі істің айырмасы осы ғана. Енді бұл заманда өмір салты өзгерілу жолынан түсіп, қазақтың бұрынғы игілік істері тозуға айналды. Бұл қашан да болса, рәсім аспас, аттап өтпес бел. Әр уақыттың өмір салтына қарай өз игілік ісі болмақ»[3], – дейді.
Демек, қазақтың бір туар тұлғалары кешегі қазақ дәстүріндегі көптің жұмылауымен жігітке қалың мал беріп, үйлендірген істі де игілікке жатқызады әрі бұл заман талаптыра сай дамытылу керектігін де ескертеді.
Ұлды ұясына, қызды қиясына қондыру көптің ісі екендігін дінімізден де, дәстүрімізден де көруге болады. Алайда, біреудің маңдайына бойдақ өту жазылған болса, оған ешкімнің шарасы жоқ. Мұндай кездерде бойдақ ер азаматтар да, күйеуге шықпай қалған қарындастарымыз да өмірінен налып, алға қойған ұлы мақсатынан қол үзіп қалмауы керек.
Сонымен қатар, кейбір жастар Хақ діннің жанашыры болу мақсатында бойындағы қажыр-қайратын ғылым жолында, имандылық бағытта тауысып жүріп үйлену ісі кешеуілдеп жатады. Олардың бұл ерен еңбектерін отбасы құрып, иманды бала тәрбиелеп өсірген бір отбасының игілікті ісінен де бөле қарауға келмейтінін білген жөн.
Самет Оқанұлы,
исламтанушы
[1] Ибн Мәжжа, Никах, 1; Әбу Дәуіт, 1879.
[2]Дамира Өмірзаққызы Ибрагим, Адамзаттың асыл тәжі, 97-бет.
[3] «Қазақ» газеті/ Бас редактор Ә.Нысанбаев. 143 б.