Күндердің күнінде бір жігіт ислам ғалымына келіп, былай депті:
– Ұстаз, осы менің отбасын құрғаныма бірнеше жыл болды. Құдайға шүкір, бала-шағам бар. Алайда, соңғы уақытта әйелім өзіме жақпай жүр. Бұрын сұлу көрінуші еді, қазір тіпті басқаша.
– Оның сыры неде? Ол көріксіз болып кетті ме? – деп таңдана сұрайды ғалым.
– Жоқ, сол баяғы қалпында. Көркінде ешқандай өзгеріс жоқ.
– Мүкін ол толып кеткен болар?
– Олай да емес!
– Бәлкім, сен соңғы кезде жаныңнан бөтен келіншек өткенде соған көз тастап, айналадағы аруларға сұқтана қарап жүрген шығарсың?
– Мұныңыз рас, ұстаз. Бұл менде жиі болып тұрады. Ал сіз мұны қайдан білдіңіз?
– Егер адам арам нәрсеге көп көңіл бөлуді бастаса, жеген-ішкені арам болса, барған жері таза болмаса, ондай адам үшін адал нәрсе ұсқынсыз болып көріне бастайды. Оның бойын нәпсі жеңіп, айналасындағы жақсыны ұмытып, тек жаман істерге әуестенеді. Сондықтан, сен осы тұрғыда нәпсіңе ерік беріп қойған іспеттісің. Барлығын қайта баста, – деген екен әлгі ғалым.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы