8 Наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесі! Рас, діни мереке емес. Дін тұрғысынан алып қарағанда шариғатқа қайшы келмейді.
Өткен жылы “Нұр-Мүбарак” университетінің ректоры, профессор Мұхаммад әл-Жинди бүкіл жаулықты қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтап, әлемнің бір бөлшегі ретінде Мысыр елінде де халықаралық әйелдер мерекесі аталып өтетініне айтқан болатын.
Аталмыш университеттің студенттерімен кездескен бұрыңғы бас мүфти Серікбай қажы Ораз: «Адамзат өміріндегі үлкен аманатты арқалап жүрген құрметті аналар, әпке-қарындастар cіздердің орындарыңыз жайлы ислам дініндегі деректердің өзі көп мағлұмат береді. Адамзат тарихындағы ардақты 4 анамыздың жәннатпен сүйіншіленуі, пайғамбарды дүниеге әкелген Мәриям анамыздың атымен сүре түсуі, толықтай бір сүренің әйелдерге арналып, мирас, мұрагерлік, т.б. құқықтарын қамтуы сіздердің қоғам өміріндегі орындарыңызды көрсетеді», – деп жүрекжарды лебізін білдірген еді.
Адамдардың бір-бірін құттықтауы, жылы лебіз айтып, әдемі сыйлық ұсынуы – өзара мейірім мен бауырластық сезімін күшейтеді.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Сыйлық – Алла Тағала жіберген жақсы ризық. Берілген сыйлықты қабылдаңдар және орнына одан да жақсырағын беріңдер!» – деген.
Жалпы ислам дінінің келуімен әйелдерге құрмет көрсетіле бастады. Сол қоғамда ешқандай құны болмаған әйелдің дәрежесі көтерілді. Тіпті Құран кәрімдегі «Ниса» сүресі әйелдер деп аталады. Демек, әйелдерге құрмет бір күннің шеңберінде қалмауы тиіс. Нәзік жандылардың қатарында: сіздің анаңыз, апаңыз, әжеңіз, тіпті мәпелеп өсіріп отырған қызыңыз да бар.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «О, Алланың елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» – деп сұрағанда, Ол: «анаңа», – деді. Ол кісі қайта сұрағанда тағы да: «Анаңа», үшінші рет сұрағанда да: «Анаңа»,- деп жауап бергеннен кейін, төртінші мәрте сұрағанда: «Әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа»,- деп жауап берген. Міне, Ислам дінінде анаға деген құрмет осылай бағаланған. Бұл құндылық өз бағасын жоғалтпақ емес.
Отбасына жауапты отағасы ислам дінінің тереңіне бойлаған жөн. Бұл ретте үлгі ретінде Алла елшісін айта аламыз. Отбасы өмірінде ерекше қасиеттерімен үлгі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдерінің материалдық қажеттіліктері, киім-кешектері мен сәндік бұйымдарына ешқандай қысым көрсетпеген.
Сонымен қатар, әрбір әйелі үшін жеке баспана жағдайын қарастырып отырған. Бұл оның әйел ақысына адал болғандығын байқатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кей істерінде әйелдерімен де кеңесіп отырған. Қараңғылық дәуірде адам қатарына қосылмаған әйелдер исламның нұрлы шуағы келуімен «Жәннат – аналардың аяғының астында» деген марапатына ие болып, өзінің лайықты болмысына қайта оралды.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) әйелдерімен қарым-қатынасында әрдайым сыпайылық танытатын. Олардың нәзік жаратылыстарын үнемі естен шығармай, оларды шыныдан жасалған құмыраға теңеген.
Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Хазіреті пайғамбар сапарда жүрген болатын. Әнжәшәһ есімді қара құл түйелерді жетекке алып келе жатқан еді. Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.): «Әй, Әнжәшәһ, шыны мінген жануарларды жайлап айда»,-дейді. Хадистің арабшасындағы «қауарир» сөзі «қарура» сөзінің көпше түрі. Шыныдан жасалған асыл бұйым деген мағынаны білдіреді.
Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) әйелдер әлсіз, нәзік жан болғандықтан әрі дереу ренжігіш келетіндіктен оларды вазаға теңеп ұқсатқан. Олардың қателіктеріне де сабыр мен сыпайылықпен жауап беретін. Сахабаларына да әйелдерге қол жұмсамауды, жәбірлемеуді өсиет ететін. Өзі де әйелдеріне әділдікпен қарап, жорыққа шыққан кезде қасына ертетін әйелін жеребе тастап таңдайтын.
Өмірінің соңғы күндерінде әйелдерінің үйін аралауға шамасы келмей ауруы асқынған кезде хазірет Айшаның үйінде қалу үшін басқа әйелдерінен рұқсат алған. Осылайша, ауыр халде жатқанның өзінде әйелдерінің құқығын аяққа таптамай, артында қалған мұсылман қауымына әйелдерді құрметтеуде өнегелі бір жол ұсынды.
Ең көркем мінез иесі – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар. Адамдардың ақысын, арын биік қойған, Алладан шынайы қорқатын құл еді. Біз пайғамбардан асып кете алмасымыз анық…
Ендеше, әйелдерге құрмет сезімінің қалыптасуы сонау пайғамбар дәуірінен бастау алғанын естен шығармайық.
Қазақта аузы дуалы би-шешендер аз болмаған. Сөйлесе сөз түбіне терең бойлайтын Ескелді би:
«Әйел – үйдегі ырысың,
Ұл – айбарлы қылышың.
Қыз – түздегі өрісің,
Келін – кеңейген тынысың.
Қиямет көрсең де ғұмырдан,
Табаның таймасын тұғырдан» – деп айтып өткен.
«Әйел – үйдің көркі, еркек – түздің көркі» деген сөз мәйегін мәтелге айналдырған халық: «Асыл болса алған жар – ханым емей немене, Жайлы болса мінезі жаның емей немене» деп ой түйген.
Отбасының берекесін, жылуын сақтайтын – әйел. Сол себепті «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп айтылған.
Асыл дініміз ислам бейбітшілік, мейірімділік діні. Күллі адамзатқа сүйіспеншілік сыйлау діннің ажырамас бөлігі іспетті. Қазіргі таңда қоғам мейірімге мұқтаж. Адамдар дүние тіршілігіне алданып, бір-бірінен хәл сұрасудан алыстап кетті.
Ақырғы елші үмметіне: «Бір-бірлеріңізге барып хал-жағдай сұрасып тұрыңыздар. Сыйлық беріңіздер. Өйткені зиярат – сүйіспеншілікты нығайтады, ал сыйлық – жүректі жамандықтардан (өшпенділік,қатігездік, дұшпандықтан) тазартады», – деп өсиет қалдырды, аманат жүктеді.
Бірде Әбу Бәкірдің қызы Әсмә: «Бір күні әлі мүшрік болған анам қасыма келді. Пайғамбардан (с.ғ.с.) «Анам келіп тұр, менімен сөйлескісі келеді, онымен жақсы қатынас жасайын ба?» – деп сұрағанда, пайғамбар: «Иә, оған құрмет көрсет», – деп жауап берген.
Сіздің анаңыз қандай жан болса да, онымен көркем мәміле жасаңыз. Бұл дінімізде бұйырылған амал. Анаңызға, әйеліңізге, қызыңызға бүгін ғана емес, ертең де жылы сөз айтыңыз, сыйлық беріңіз, қуантыңыз.
Жақсылық жасау мен қуаныш сыйлау үшін уақытты, белгілі бір мерекені күту қажет емес деп ойлаймын. Ол әрдайым шынайы ықыласпен жасалса, нұр үстіне нұр болмақ!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ