Ғұламалар пайғамбарлардың жай адамдар арасынан таңдалғаны туралы ортақ шешімде болғанымен, әйел затынан пайғамбардың шыққаны – шықпағаны жайлы мәселеде біркелкі ымыраға келмеген.
Мәселен, имам Қуртуби, Ибн Хазм және Бәйжури сияқты ғұламалар Мариям ананы, Перғауынның әйелі Әсияны, Хауа ананы, Мұсаның (ғ.с.) анасы Сараны және Ибраһим пайғамбардың жары Хажар ананың пайғамбар болғандығын айтады.[1]
Адам баласына өздері қалаған адамын пайғамбар етіп таңдауына ерік берілмеген. Олар тек келген пайғамбарларға иман ету мен мойынсұнуға ғана жауапты. Ал пайғамбарлардың негізгі міндеті – ақиқатты толық насихаттау. Пайғамбарлардың дін насихаты барысында кездесетін қыруар қиыншылықтарға төтеп беруінің маңызы зор. Мәселен, Адам пайғамбардан Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарға дейінгі бүкіл пайғамбарларға сан алуан күйе жағылып, жала жабылған. Ақиқатқа нанбаған қауым Зәкария, Жақия пайғамбарларды жауыздықпен шейіт етті. Мұндай қиын жағдайларға қарамастан пайғамбарлардың қайсысы болмаса да, өз істеріне берік болып, көркем төзімділік танытқандығына тарих куә.
Алайда алдау-арбау, кемсіту, мұқату, жалғандық, көлгірсу, әділетсіздік пен опасыздық қаңтардың аязындай қағынып тұрған дәуірде пайғамбарлық сияқты нардың нары ғана алып жүре алатын жауапкершілігі өте ауыр міндеттің, әйел затына жүктелуі олардың жаратылысына керағар емес пе? Әрі мұндай қоғамға ақиқатты түсіндіру әйел заты үшін адам айтқысыз азап емес пе?
Хақ тағала ешбір пендесіне шамасы жетпейтін міндет жүктемеген. Оның ішінде, әйел затына мұндай ауыр жауапкершілікті артпаған.
Ханафи мәзһабы бойынша, пайғамбарлар тек ер кісіден ғана келген және олардың тек ер кісі болуы шарт. Өйткені пайғамбарлық – аса ауыр міндет. Пайғамбарлық жүктелген жан қашан да қалың қауіп-қатер мен небір қиыншылықтардың бел ортасында, қылыштың жүзінде жүреді. Пайғамбарлар – адамзат баласын тәрбиелейді. Пайғамбар хақ дінді жаю жолында Аллаһ тағаламен және адамдармен тығыз байланыста болады. Ал нәзік жанды әйел затының бұған шамасы әркез жетпейді. Әйел затының биологиялық жаратылысында етеккір, бала көтеру секілді қиындықтар болады, сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін қырық күн шамасындағы нифас мерзімі тағы бар. Жаңа туған нәрестенің күтімі сияқты әйел заты ғана атқара алатын маңызды істер оның пайғамбарлық міндетіне кедергі болады. Керек десеңіз, бұл жағдайда әйел заты, тіпті, оразасын ұстап, намазын оқып, имамдық міндетін де атқара алмайды.
Ал Құранда: «Сенен бұрын да біз уахи еткен тек қана еркектерді пайғамбар етіп жібердік. Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»[2], «(Мұхаммед с.ғ.с) сенен бұрын да өздеріне уахи етіп, еркектерді ғана елші етіп, жібердік. Егер білмесеңдер, кітап иелерінен сұраңдар»,[3]– деп пайғамбардың тек ер кісіден ғана келгендігі айтылады.
Бұған қоса, жоғарыда айтылған «Қасас» сүресінің 7-аяты мен «Әли Имран» сүресінің 42-аятында «уахи еттік» деген сөздің мәнін тек пайғамбарларға келетін уахи деп ұқпау керек. Яғни, бұл жердегі уахи «аян» ұғымында қолданылған. Ал «аян» адам баласына ортақ. Мәселен, Құранда: «Раббың бал арасына: «Таулардан, ағаштардан және адамдардың салған күркелерінен ұя жасап ал» – деп уахи етті»,[4]– деген аят бар. Бұл аятқа қарасақ бал араға да хабар келген. Бірақ, олардан да пайғамбар шыққан екен» демейміз. Дәл сол секілді хазірет Мұсаның анасы мен Мәриям анаға байланысты уахилар да олардың пайғамбар болғанына дәлел бола алмайды. Ол тек аян ғана.
Алайда әйел затынан пайғамбардың шықпауын, олардың құлшылығы, тақуалығы немесе мінез-құлқы, т.б. жағынан ер адамнан төмен болғандығынан деп ұқпау керек. Құранда: «Шынында, Аллаһтың құзырында ең ардақтыларың тақуалықта алда болғандарың»,[5]-деген аятта адамдардың ең абзалы олардың жынысына байланысты емес екендігі және Аллаһ тағаладан қорқып, Оған құлшылығымен жақын болғандардың жоғары болатынын түсіндіреді.
Иә, Аллаһтан қорқып, өзінің ар-намысын қорғаған біз білетін және білмейтін тақуа әйел заты қаншама десеңізші.
Г. Оралбайқызы
[1] Қуртуби, әл-Жамиу ли-аһкамил-Қуран, 4/83-84, 88; Ибн Хазм, әл-Фасл, 5/121; Бәйжури, Шәрһу Жаухаратут-Таухид, 8
[2] «Әнбия», 21/7; «Юсуф», 12/109
[3] «Нахыл», 16/43
[4] «Нахыл», 16/68
[5] «Хұжурат», 49/13