– Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезіне делегат ретінде қатысқаныма өте қуаныштымын. Аталмыш съез ғаламдық мәселелерді талқылаудың келелі кеңесіне айналды. Жаһанда болып жатқан күрделі діни мәселелерді талқылаудың ашық алаңына, диалог пен келісімнің ұйтқысына айналып отыр деп есептеймін. Бұл жерде Сіздердің Президенттеріңіз Н.Назарбаевтың салихалы бастамасының маңызын айырықша сезініп отырмыз. Осы ретте өз міндеттемелерін сәтті атқарған съездің мәні мен маңызы алдағы уақытта арта түседі деп сенемін.
– Қытайдағы ислам діні жайында айтып берсеңіз…
– Қытайдағы ислам дінінің 1300 жылдық тарихы бар. Сан қилы тарих тарғалаңында Қытайда таралған ислам діні бүгінде 23 миллион ұстанушысы бар ел ішіндегі маңызды діннің санатына өтті.
– Қытайда қанша ұлт өкілі өздерін мұсылман санайды?
– Қытай Халық Республикасы – 56 ұлттың өкілі өмір сүретін көпұлтты мемлекет. Соның ішінде 10 ұлттың өкілі мұсылмандар сапында.
– Ислам білімінің ошағы болған мешіт-медреселер жеткілікті ме?
– Елімізде 350 мыңнан астам мешіт бар. 10 ислам институты жұмыс істейді.
– Елдеріңізде дінаралық диалог пен діни төзімділік мәселесі қалай?
– Ислам діні Қытайдағы басқа діндермен бейбіт диалог аясында өмір сүріп келеді. Біздің елімізде де ислам, будда діндерін қамтыған бес үлкен дін қатар өмір сүреді. Дінаралық татулық пен діндер арасында диалог мәселесі де қалыптасқан. Сенімі түрлі адамдар жарасымды өмір сүріп келеді.
– Бірнеше күннен бері елордамызда қонақ болдыңыз. “Сырт көз – сыншы” дегендей, не байқадыңыз?
– Қазақ елі де көпұлтты, көпконфессиялы мемелекет екен. Ал, қазақстандықтар болса, ерекше ынтымақты. Ұлттар достығы мен дінаралық түсіністіктің озық үрдісі қалыптасқан. Діндер арасында диалог та үйлесімді жолға қойылыпты. Астанадан көп елдерге үйренуге татитын озық тәжірибелерді байқадым.
– Қытай мұсылмандары қасиетті Рамазан айын қалай өткізеді?
– Әлем мұсылмандары сияқты Қытай мұсылмандары да қасиетті рамазан айына деген рухани һәм материалдық дайындықтарын бастап кеткен. Бауырларымыз рамазан айын қарсы алуға ерекше ынталы. Көптеген мұсылман бауырларымыз ауыз бекітеді. Әр күні кеште мешіттерде жамағатпен тарауих намазы оқылады. Айт мерекесі де өте салтанатты тойланады.
– Қытайда ислам дінін ұстанатын 10 ұлт бар екенін айта кеттіңіз. Ондағы мұсылмандар өмірінде дін мен дәстүр қалай қабысқан?
– Еліміздегі ислам дінін өмір салтына айналдырған 10 ұлттың діни мерекелерді өткізуінің өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Олардың айт мерекелерін тойлауы негізінен ұқсас болғанымен, ұлттық дәстүрлеріне сай, өзгеше рәсімдері, түрлі дастархан мәдениеті, ас мәзірі, бөлек формалары да кездеседі. Сәресі мен ауызашар мәдениеті де ұлттық ерекшеліктерге икемделген. Ет, сүт, көкөністер мен жеміс-жидектер Қытай мұсылмандарының дәстүрлі сәресі мен ауызашар дастархандарының сәні дегенмен де, ұлттық ерекшелікке ие айт мәдениеті қалыптасқан дер едім.
– Сөз соңында Қазақстан мұсылмандарына не айтасыз?
– Рамазан айымен сіздерді құттықтаймын! Қытай мұсылмандары атынан қазақстандық бауырларыма ыстық ықыласпен сәлем жолдаймын! Екі ел арасындағы мұсылмандардың бауырластығы мәңгілік болатынына сенімім кәміл!
– Уақыт бөліп, салиқалы сұхбат бергеніңіз үшін Алла разы болсын!
Сұхбаттасқан Оразбек САПАРХАН