Израиль Газаның орталығындағы босқындар лагерінде орналасқан тұрғын үйге ұшқышсыз ұшатын аппараттың көмегімен соққы жасауы салдарынан палестиналық бір адам мерт болып, екі адам жарақат алды, деп жазады ресейлік ТАСС Al Jazeera телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна келтірген мәліметтерге қарағанда, палестиналық анклавтың оңтүстігінде Хан-Юнис қаласынан шығысқа қарай кетіп бара жатқан гуманитарлық көмек тиелген автоколоннаны әуеден атқылау барысында тағы 9 адам мерт болды. Сонымен қатар зардап шеккендер туралы ақпараттар түскен, алайда олар әлі нақтылануда.
2023 жылдың 7 қазанында радикалдық палестиналық ХАМАС қозғалысы содырларының Газа секторынан Израиль аумағына кірісімен Таяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісе түсті. Себебі содырлар шекаралас аймақтарда адамдарды өлтіріп, кейбірін кепілдіке алған. Оған жауап ретінде Израиль ХАМАС-тың саяси және әскери құрылымдарын жойып, кепілге алынғандарды босату үшін Газада операция бастады.