Ислам діні ижтиһатқа жол ашады. Араб тіліндегі «ижтиһад» сөзі – ыждағаттылық, іздену, талап ету дегенді білдіреді.
Исламның мән-мақсатын замана тынысына сай түсіну әр мұсылман үшін өте маңызды. Осыған орай насихат тәсілдерін жаңғыртып, жетілдіру – кезек күттірмейтін міндетті шара. Сүйікті Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Расында, Алла тағала осы үмбетке әр ғасыр сайын дін заңдылықтарын жаңа қырынан жетілдіретін кісіні (ғалымды) жібереді”, – деген.
Ислам діні: “Ыждағаттылыққа құлшынған мұсылман қателессе – бір сауап, дұрыс шешімге келсе – екі сауап жазылады”,- дейді. Қателескен мужтаһидке (ізденушіге) сауап жазылуы исламдағы кеңшілік дәрежесінің биіктігіне дәлел бола алады. Бұған төрт фиқһи (Ислам заңдары, яғни шариғат) мазхабтарының құрылуы айқын дәлел. Ыждағаттылыққа ұмтылуға кез-келген мұсылманның құқығы жоқ. Оған құқылы адамды “мұжтаһид” (ізденуші) дейді. Бірақ, оның өзіндік шарттары бар. Мұндай адамның білімі өте жоғары болуы, араб тілін ана тіліндей жетік меңгеруі, араб сөздерінің синонимдерін, баламаларын білуі керек. Өйткені, Исламның негізі – Құран мен хадистер араб тілінде баяндалған. Сонымен қатар Құран Кәрімді толық жаттап қана қоймай, Құран ғылымын (аяттардың түсу тарихын, нәсіх пен мәнсух аяттарын т.б.) жетік, кеңінен игеруі шарт. Оның ең қиын шарттарының бірі – өте көп (кейбір ғалымдардың айтуынша 100000-нан астам) хадисті Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге дейін жеткен тізбегімен бірге жатқа білуі керек. Өйткені бір мәселеге дәлел келтірген кезде жадында сақталған аят, хадистен бірден мысал айтуы тиіс.
Ершат Оңғаров