Сұрақ: Исламда ижтихад есігі жабылған ба? Егер жабық болса, кәзіргі заманның түйіткілді мәселелеріне қалай жауап беріледі? Бұл ислам дінінің аясын шектеу емес пе?
Жауап: Ижтихад жасауға лайықтылыққа қатысты шарттарды ислам құқық методологиясына қатысты кітаптарда егжей-тегжейлі қарастырылғандықтан оған тоқатылп жатпай, сұраққа тікелей жауап бере кетейік.
Қандайда бір адамның бойында мужтаихидтің шарттары табылса, қай кезде өмір сүргендігіне қарамастан ол мужтахид саналады. Өткені ижтихад белгілі бір уақытпен ғана шетелмейді. «Мына шарттар бойында бар адам мына уақытқа, кезеңге дейін ғана мужтахид, одан кейін мужтахид саналмайды» деген ешқандайда қағида жоқ.
Ижтихадтың бар немесе жоқ екенін белгілейтін өлшем – тиісті шарттардың табылып, табылмауы. Ғылым Алланың бір сыйы саналғандықтан Хақ Тағаланың көптеген бұрынғы кездегі ғұламалар түсіне алмаған кейбір мәселелерді кейінгі ғасырдағылар үшін жеңілдетуі толықтай мүмкін.
Осыған орай Насыруддин ибн әл-Мунзир:«Алланың рақымы өте кең. Ижтихад белгілі бір уақытқа ғана тән деушілер, кең нәрсені тарылтып, өтірік айтқан болады. Қараңғы түндер қаншама ойламаған нәрселерге жүкті…» деген екен.
Кейінгі ғасырларда кейбір ғалымдар хижра жыл санауы бойынша үшінші ғасырдың аяқталуымен «ижтихад есігі жабылды» деп санаған. Мұның себебі – өз өмір сүрген замандарында үкім айту және ижтихад жасау мәселесінде үлкен бейберекетсіздікке куә болулары.
Бейберекетсіздіктің үлкендігі соншалық, мұндай биік мәртебеге мүлде лайық еместер өздерін мужтахид деп жариялап, дәлелдерден үкім шығару ережелерінің көпшілігін былай қойып, азының өзін білмейтіндер пәтуа бере бастаған. Міне сондықтан да ғалымдар Алланың дінін пенделік мақсат-мүдделерін жүзеге асыруды мақсат тұтқан осындай зиянкестерге тосқауыл қою үшін әлгі сөзді айтқан. Өз кезегінде бұл ижтихад жасауға әбден лайық, ижтихад жасауы тиіс және оған толықтай мүмкіндігі бар адамдар үшін ижтихадтың есігі жабық дегенді білдірмейді.
Қазіргі заманда ижтихад мәселесіне келсек, мужтахидтің бойында табылуы тиіс деген шарттарды мұқият зерттеген адам қазіргі таңда оларға қол жеткізудің өте қиын екендігіне көз жеткізеді. Бірақ бұл «ижтихад тоқтады және оның уақыты өткен» деген сөз емес. Ижтихадтың есігі мәңгі ашық және шарттары табылған кезде ол жалғаса береді. Тіпті кейбір ғалымдар «Қандайда бір уақытта адамдар жаңа туындаған мәселелердің үкімін сұрап, білу үшін жүгінетін мужтахид ғалымның табылмауы шариғат тұрғысынан дұрыс емес» деген.
Бұл айтқандарымыз тәуелсіз түрде, абсолютті ижтихад жасау қабілетіне қатысты. Яғни ол Имам Әбу Ханифа, Имам әш-Шафиғи және өзге де мужтахидтер секілді өзіне тән ижтихад және үкім шығару әдіснамалары мен діни дереккөздерден тікелей үкім шығара алу дегенді білдіреді. Бұның тысындағы ижтихад түрлері мәзһабтың ішіндегі ижтихад саналады. «Мәзһаб іші ижтихад» – ол жайлы мәзһаб имаманың көзқарастары кездеспейтін мәселелердің үкімдерін «тахриж» жасау арқылы имамының сөздеріне яки содан келіп жеткен қағидаларға негізделе отырып, шығара білу деген сөз.
«Пәтуада ижтихад» – мәзһаб имамының көзқарасын басқа көзқарастан артық санау немесе имамның шәкірттерінің яки басқа имамдардың көзқарастарын саралай отырып, таңдау жасай білу қабілетіне ие болу. Мұндай ижтихад түрі әр ғасырда әр мазһабта бола келген. Бұл мәселе фиқһ және құқық тарихы тақырыптарында жазылған кітаптарда кең көлемді түсіндірілген.
Осы екі ижтихад жолы арқылы әйгілі төрт мәзһаб имамдарының фиқһқа қатысты көптеген үкімдердің негіздерінің белгіленуі, олардың көзқарастары айтылмаған мәселелерде сол үкімдерге қияс/аналогия жасау арқылы олардың негізгі себептерін табу және сүйенуге болатын көзқарастарды білуге қол жеткізілген. Осылайша сол имамдардың мәзһабтары берік негіздерге орнығып, жан-жақты зерттелген.
Сондай-ақ осы екі ижтихад жолы арқылы үкімдерге қатысты адамдардың түрлі кезеңдердегі қажеттіліктеріне жауап беріліп отырған. Өйткені осы фиқһ мәзһабтарының имамдары адамдарға қажетті деген тақырыптардың көпшілігін қарастырып, үкімдерін түсіндірген.
Тіпті кейбір имамдар өз замандарында әлі орын алмаған мәселелердің өзін теориялық тұрғыдан қарастырып, соған қатысты үкімдерін белгілеп кеткен. Осылайша кейінгі кезеңдерде бұрын талқыланып кеткен мәселелер туындаған жағдайда сол жағдайға қатысты үкімдерді іздестірген кезде ижтихад жасап, қайтадан талқылап жатпай-ақ, дайын күйде жауабын тауып алып отырған.
Ижтихадқа рұқсат етілетін және етілмейтін мәселелер
Шариғаттың барлық мәселелеріне ижтихад жүре бермейді. Кейбір мәселелерде рұқсат, кейбірінде рұқсат жоқ. Бірінші топқа намаз, ораза, қажылық және зекеттің парыздығы, зина, ұрлық, адам өлтіру және арақ ішудің харамдығына қатысты діннің негізгі үкімдері кіреді. Бұл мәселелерде ижтихад жүрмейді әрі пікірталасқа орын жоқ. Сондай-ақ келу жолы әрі үкімдерді білдіру тұрғысынан қатғи (нақты, кесімді) насс бар үкімдер де осы санатқа кіреді.
Мысалы «Ойнастық (зина) жасаған әрбір ер кісі мен әйелге жүз дүре соғыңдар» (Нұр, 2) деген аяттағы зина күнәсіне қатысты жазаның үкімі қатғи, яғни нақты, кесімді. Бұл жерде дүре соғу және санының жүз рет болуына қатысты ижтихадқа орын жоқ.
«Ұрлық жасаған ер мен әйелдің қолдарын кесіңдер!» (Мәида, 38) деген аяттағы ұрлық жасаудың жазасының үкімі, сондай-ақ мұрагерлікке қатысты келген Құран аяттарына қатысты үкімдер де осы санатқа тән. Сол секілді өзге де саны белгілі жазалар мен кәффараттарға қатысты ижтихадқа орын жоқ. Бұл топқа мужтахид ғалымдардың қандай да бір кезеңде жасаған ижмалары да кіреді. Алайда ижманың сүйенген негізі маслаха (қоғамның игілігі, мүддесі) болса, маслаха өзгерген кезде үкім де өзгереді. Сәнәды маслаха болмаса ол үкім өзгермейді және ол мәселеде түрлі пікірлерге орын берілмейді.
Екінші ижтихад жасауға жол ашық үкімдерге дәлелдері ахад жолмен келіп жеткен және үкімді білдіру тұрғысынан занни (болжамды) хадистер жатады.
- Бұл сүннетке қатысты. Өйткені Құран келіп жетуі тұрғысынан толықтай қатғи/кесімді. Мужтахидтер хадистерді сәнәд әрі үкімдерді білдіру тұрғысынан қарастырып, әр түрлі нәтижелерге баруы мүмкін. Біреуі ондай хадисті негізге алса, екіншісі алмауы мүмкін.
- Келіп жетуі тұрғысынан қатғи мағынаны білдіру тұрғысынан занни/болжамды наста ижтихадқа рұқсат. Бұған әр түрлі мағынаға келуі ықтимал сөздер кездесетін аяттар мен мутауатир хадистер де жатады. Мұнда да ижтихадқа рұқсат.
- Ол жайында насс немесе ижма кездеспейтін және діннің ең негізгі үкімдері қатарынан саналмайтын мәселелерде ижтихадқа жол ашық. Мұндай мәселелерге қатысты ғалымдар қияс, масалих ал мурсала, әдет-ғұрып, истисхаб секілді әдістерге жүгініп, шешім шығарады. Сондықтан бұл мәселелерде ижтихадқа жол ашық.
Ижтхад – кез келген адамның шамасы келетін іс емес. Өйткені бұл іс діни дәлелдерді түсіне алу және олардан үкім шығара білу мүмкіндігін беретін арнайы саралап, таразылай алу қабілетін қажет етеді.
Қазіргі таңда күрделі мәселелерге қатысты пәтуаларға жекелеген ғалымдар емес, көпшілік елдердегі арнайы құрылған кеңестер мен пәтуа орталықтары жауап береді. Дұрысы да осы ұстаным болса керек.
Өйткені қазіргі таңда бұрын-соңды кездеспеген, шешімін табуы тиіс өте күрделі мәселелер күн сайын туындауда. Жекелеген ғалымның ол мәселелерге жан-жақты жауап беруі қиынға соққандықтан, әр түрлі саланың мамандарынан құрылған осындай кеңестердің немесе орталықтардың жауаптары шындыққа жақынырақ келу ықтималдығы басым. Сондықтан ижтихад есігі ешбір уақытта жабық бола алмайды.