Йемен әкімі Яғлә бин Умәййа (р.а.) Халифа Омарға (р.а.) бір хат жолдайды. Алайда хатың жылы көрсетілмеген еді. Пайғамбарымыздың кезінен бергі хат жазысу тәсілі осындай болатын. Бірақ, бұл жолы хаттың қай айда жазылғаны да көрсетілмеген. Бұл жағдай мұсылмандар үшін кәдімгідей проблема болды.
Басрада да осыған ұқсас жағдай болған. Басра әкімі Әбу Мұса әл-Әшғариге соңғы төлем күні Шағбай айы деп көрсетілген бір түбіртек келеді. Шағбан айы деп көрсетілгенінде проблема жоқ қой, мәселе қай жылдың Шағбан айы? Осы жылдың ба, жоқ әлде өткен жылдың ба, әлде келесі жылдың Шағбаны ма, осы мәселе біраз тартыстарға себеп болып, мұсылмандарды қиын жағдайда қалдырды. Осының нәтижесінде Басра әкімі Әбу Мұса әл-Әшғари Халифа Омарға дереу хат жазды. Хатында:
– Уа, Мүминдердің әміршісі! Сізден бізге уақыты нақты көрсетілмеген хаттар келеді. Хатта мәселен «Шағбан айы» деп көрсетесіз. Алайда біз оны осы жылдың Шағбаны ма, жоқ әлде келесі жылдың Шағбан айы ма, осыны біле алмай біраз дал боламыз, – деп мұсылмандарға да бір күнтізбенің қажет екендігін түсіндіреді.
Мәселенің маңыздылығын ұққан Хазірет Омар мәжіліс құрады. Мәжіліске алдыңғы қатарлы сахабалар қатысады. Жиында Йемен әкімі Яғлә бин Умәййадан келген хатқа қатысты болған проблемаға ұқсас жағдай Басра әкімі Әбу Мұса әл-Әшғариде де туындағаны айтылады. Осылайша Әбу Мұса әл-Әшғаридің көтерген мәселесі күн тәртібіне шығарылады. Бұдан былай ресми бір күнтізбенің бекітілуі шарт деген мәселе көтеріледі. Мәселеге қатысты көзқарастар мен ұсыныстар сұралады. Айтылған пікірлер бағамдалады. Пікір-талас барысында ай күнтізбесін қолдану мәжілістің ортақ шешімі болады. «Ал күнтізбе қашаннан басталуы керек?» деген мәселеге келгенде әркім әртүрлі пікір білдіре бастайды.
Сахабалардың әрқайсысы Ислам мен мұсылмандар үшін маңызды деп білген оқиғаларды күнтізбенің басы ретінде ұсынады. Ұсыныстардың арасында Құран түсе бастаған жылдан бастап, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеден озған күні де бар еді. Хазіреті Әли (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) һижрет еткен жылын ұсынады. Ұсыныстардың ішінде ең ұнамдысы да осы болады. Бұл ұсыныс Хазіреті Омарға да ұнайды. Ақиқатында да, һижрет Ислам және мұсылмандар үшін жаңа бір кезеңнің бастауы еді. Пайғамбарымыздың һижрет жылы болған 622 жылды күнтізбенің басы деп қабылданады.
Ендігі кезек күнтізбенің бірінші айын бекітуге келеді. Жаңа күнтізбе 12 айдың қайсысымен басталуы тиіс деген мәселе ортаға тасталады. Хазіреті Османның ұсынысы бойынша Мұхаррам айы жылдың алғашқы айы болып қабылданады. Пайғамбарымыздың дүниеден озғанынан 6 жылдан кейін бекітілген бұл күнтізбе Пайғамбарымыздың (с.а.у.) һижретін күнтізбенің бастауы ретінде алғандығынан «Һижри күнтізбесі» деп аталады. Хаттардағы күн де осы күнтізбеге қарап жазылатын болды.
Һижри күнтізбенің айлары:
- Мұхаррам
- Сафар
- Рабиғул-Әууәл
- Рабиғул-Ахир (немесе Рабиғус-Сәни)
- Жумадаул-Әууәл
- Жумадаул-Ахир (немесе Рабиус-Сәни)
- Рәжәб
- Шағбан
- Рамадан
- Шәууәл
- Зул-Қағда
- Зул-Хижжа
Сұлтан Керім