Ижманың фиқһ әдіснамасындағы мағынасы – Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние салғаннан кейінгі кезеңдемұсылман мүжтәхид ғалымдарының белгілі бір діни үкімге бірауыздан келісуі (З. Шағбан. Ислам хукук илминин есаслары (Усулул-фиқһ) (түрік тіліне аударған: И.К. Дөнмез). Анкара: ТДУ, 1990, 91-б.).
Фиқһ ілімі негіздері ғалымдары ижма үшін келесі шарттардың болуы қажет деген:
- Бір мәселе бойынша келісімге келгендер мужтәхид болуы керек. Қарапайым халық пен мужтәхид дәрежесіне жете алмаған кісілердің көзқарастары ижмаға әсер ете алмайды. Себебі, олар шариғат үкімдерінің қайнар көздерінің ерекшеліктерін толық меңгермеген. Сондықтан фиқһ негіздері ілімі ғалымдарының көпшілігінің пікірі бойынша егер бір кезеңде мужтәхид ғалымдар болмаса, онда ол кезеңде ижма жасалынбайды. Ал, бірнеше мужтәхид болса, саны маңызды емес, онда олардың пікірлерінің бір жерден шығуы арқылы ижма жасалынады. Алайда, кейбір фиқһ негіздері ілімінің ғалымдарының көзқарасы бойынша ижма жасалыну үшін мужтәхидтердің саны тәуәтур дәрежесіне жетуі керек деген. Кейбір ғалымдар мужтәхид саны ең аз үшеу болуы керек десе, енді біреулері екеу болса жеткілікті деп санаған. Ал, егер мужтәхид біреу-ақ болса, оның көзқарасы ижма бола алмайды.
- Барлық мужтәхидтер бірдей пікірде болуы қажет. Егер көпшілігі бір пікірді ұстанса, ал бірақ кейбіреулері бұған қарсы пікір айтса, онда бұл ижма болып саналмайды. Себебі, қарсы шыққан мужтәхидтың пікірі дұрыс болуы мүмкін. Бұл көпшілік ғалымдардың ижма жайлы көзқарасы. Дегенмен, кейбір ғалымдар бір пікірге келген мужтәхидтердің санының көп болуы ижма үшін жеткілікті деген. Қарсы шыққандардың саны аз болса да ол ижма жасауға әсер етпейді деп түйген. Ал, енді ғалымдардың кейбіреулері мұндай жағдайда ижма жасалынбағанымен, көпшіліктің бір пікірді ұстануын дәлел ретінде қолдануға болады деген.
- Мужтәхидтердің Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үмбеті қатарынан болуы қажет. Алдыңғы пайғамбарлардың үмбеттеріндегі кісілердің бір пікірге келуі ижма ретінде қабылданбайды.
- Ижма – Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болған соң жасалған болуы қажет. Себебі, Аллаһ елшісінің кезінде ижма болмаған. Егер сахабалар бірауыздан бір мәселеге келісіп, Пайғамбарымыз да (с.а.с.) олардың пікіріне қосылса, бұл ижма емес, сүннет арқылы бекіген үкім болып саналады. Себебі, ол Пайғамбарымыздың мақұлдауына, яғни тақрири сүннетке жатады.
- Барлық мужтәхидтің бірауыздан келіскен мәселесі уәжіптік, харамдық, дұрыстық немесе бұрыстық туралы мәселенің шариғат үкімдеріне қатысты болуы керек. Яғни, тілге немесе ақылға негізделген үкімдерге байланысты қағидаларда ғалымдар бірауыздан келісіп жатса да бұл діни тұрғыдан ижма деп аталмайды. Мысалы, ғалымдардың «фә» әрібі немесе «сумма» сөзінің беретін мағыналары немесе әлемнің хадис (мәңгілік емес, кейіннен жаратылғандығы) екендігі жайындағы келісімдері біз айтып отырған ижмаға саналмайды(З. Шағбан. Усулул-фиқһ. 91-92 б.).