Күндердің күнінде бір тақуа Ахмет есімді кісі өзінің сауда-саттық кәсібін ашады. Ол жанына жаңа қызметкерлер алып, оларға барынша кәсіпте адал болуларын талап етеді. Сонымен қатар, қандай да бір заттың айыбы болса оны міндетті түрде тұтынушыға айту керектігін ескертеді.
Содан арада бірнеше күн өтіп, сауда жақсы жүре бастайды. Бір күні иудей келіп, бір дана мата алады, алайда, қызметкер матаның айыбын айтуды ұмытып кетеді. Кешкісін Ахмет келіп айыбы бар матаның ескертусіз сатылғанын көріп қызметшіден:
– Сен мұны неге ескертпедің? – деп сұрайды.
– Ол сұрамады, менің де есімнен шығып кетті, – деп қызметші ақталады.
– Енді ол қай бағытқа кетті? – деп Ахмет ыңғайсызданады.
– Таңертең келген керуенмен келіп, сонымен қайта кетті.
Ахмет иудейдің төлеген ақшасын алып, дереу керуеннің соңынан кетеді. Содан үш күн дегенде әлгі керуенді қуып жетеді. Жеткен бойда Ахмет әлгі иудейді тауып:
– Қолыңыздағы матаның айыбы бар еді. Менің қызметкерім оны сізге айтуды ұмытып кетіпті. Мына ақшаңызды қайтып алыңыз, – дейді. Мұны көрген иудей:
– Мынаны қара! Мұндай әділ болуға сонша не түрткі болды? – дейді таңдана. Ахмет еңсесін көтеріп:
– Ислам дінін себеп болды. Себебі, біздің пайғамбар (с.ғ.с.):
«Кімде кім арамза, айлакерлікпен айналысатын болса, ол – бізден емес» – деген. Мұны естіген иудей:
– Мен де сендерге матаның ақысы ретінде жасанды ақша берген едім. Ендеше, ал, міне, 3 мың таза дирхамды. Сенің әділдігіңе тәнті болдым. Бұған қоса «Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі» екендігіне куәлік етемін, – деп ислам дінін қабылдаған екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы