Иттей адал жануар жоқ шығар. Жапониядағы акита-ину тұқымына жататын Хатико атты ит хикаясын білмейтін адам жоқ. Десе де, қазақта: «Ұры ит тойса да, тіміскілеуін қоймайды», «иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес», «Ит үреді, керуен көшеді» деп адамның жаманын – ит неме, жаман мінезді кісіні – ит мінез дейтіні тағы бар.
Дегенмен, жеті қазынасының бірі – құмай тазы. Ел аузындағы «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» және «жақсы ит — иесінің көзі, құлағы» деген сөздер иттің адал жануар екенін меңзейді. Сонымен бірге, «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей мақал-мәтелдер әсілі адамның ит нәпсісіне қаратыла айтылғанын білуге болады. Мәшһүр Жүсіп: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақалдағы ерді – иманды адам десе, ит деп дүние мен мансап үшін сатылатын адамның пенделік пиғылын айтады.
Қасиетті Құранда итке қатысты үш жерге баян етіледі. Маида сүресінде аң аулайтын ит туралы: «Олар сенен өздеріне не нәрсенің халал қылынғандығын сұрайды. Сендерге таза нәрселер (дін бойынша халал нәрселер) адал етілді де әрі Алланың өздеріне білдіргенін үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштарды (ит, құмай тазы) Алланың атын айтып аңға салсаңдар, сендер үшін ұстағандарын жеңдер…[1]»,-деп аңшылыққа үйретілген иттің ұстаған аңы мен құсы адал екені баяндалады. Аңшылықпен қатар, ит мал және егін шаруашылығында және ауылды жерде таптырмайтын адал қызметші.
Ал Ағраф сүресінде иттің табиғаты арқылы имансыздың табиғаты суреттеледі. Аятта: «Егер қаласақ, аяттарымыз арқылы әрине оны жоғарлатар едік. Бірақ ол жерге еңкейіп (дүниеге беріліп) нәпсіне ерді. Сонда оның мысалы: Егер оған тап берсең де тілін салақтатып, не оны еркіне жіберсең де тілін салақтататын ит тәрізді. Аяттарымызды өтірікке шығарған елдің мысалы осы…[2]»,-деп қасарысқан адамға Жаратушының бар екенін қанша дәлелдеп бақсаң да бәрі бір екенін айтылуда. Міне, осы аятты нәпсінің иттігі мен ит мінезінің адам басына әкелетін пәлекеті айтылуда.
Ал, Кәһф сүресінде ит адамның адал серігі, түздегі жолдасы ретінде баяндалады. Аятта: «Бұлар көрмей-ақ шамалап: «Олар үшеу, төртіншісі иті» деп, кейбіреулер: «Олар бесеу, алтыншысы ит» деп, тағы басқалары: «Жоқ, олар жетеу, сегізіншісі иті» дейді. «Олардың санын Раббым жақсы біледі…[3]»,-дейді. Иманын сақтап қалу үшін үңгірге паналаған жігіттерге адал серік болғаны үшін жануар екен жануар жайлы Құранда баян етілді.
Діни кітаптарда иттің туа біткен табиғаты бар. Мұсылман баласынан табылса, асыл қасиет болмақ, олар:
Бірінші: Үнемі үрейде жүру. Шынайы мұсылман әр сәтте Раббысының ашуына ілігетін іс-әрекеттен сақ болуы талап етіледі.
Екіншісі: Иттің белгілі бір орны жоқ. Бұл тәуекелшілдікті білдіреді.
Үшінші: Түнде аз ұйықтайды. Мұсылман түннің бір бөлігін құлшылық және ғылыммен шұғылдануға сонымен бірге ой-санасын тазартуға жұмсайды.
Төртінші: Иесінен жәбір көрсе де тастап кетпейді. Жаратушының сынағы пендені Құдайдан алыстатпайды керісінше Алла Тағалаға бұрынғысынан да қатты ұмтыла түседі.
Бесінші: Аз тамақты қанағат етеді. Қанағатшылдық және кішіпейілділік адамның ең асыл қасиеті.
Алтыншы: Таяқ жесе де, шақырса құйрығын бұлғаңдатып қайта келеді. Бұл тақуаның қасиеті.
Жетінші: Бір орыннан кетсе, ол жерге бұрылып қарамайды. Бұл дүниеге жүрегі байланбаған адамның қасиеті.
Әрине, адам тамған тамшыдан да ғибрат алады. Қазақ – жылқы мінезді халық деген сынды мақалдар адам табиғатпен тығыз қарым-қатынаста екенін көрсетумен бірге, қоршаған тіршіліктен тәлім алуын меңзесе керек. Жоғарыдағы ит табиғатынан табылатын қасиеттерден сабыр, адалдық, қанағатшылдық, дүние құмарлықтан алыс болу, кекшіл болмау, кішіпейілділік сияқты мінездерді байқауға болады.
[1] Маид сүресі, 4-аят
[2] Ағраф сүресі, 176-аят
[3] Кәһф сүресі, 22-аят
Руслан ҚАМБАР