Ислам дініне, мұсылмандарға қатысты позитивті имидж қалыптастыру үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр? Ондай жұмыстарды кім жүргізеді немесе кім жүргізуі тиіс?
Ислам – дін ретінде имиджге мұқтаж емес. Оны Алланың заңдары мен қағидалары деп қабылдайтын болсақ, Аллаға қатысты пенде үкім бере алмайды. Оның дінін де пенде асқақтата алмайды. Құранда: «Құранды біз түсірдік, оның қорғайтында бізбіз» (Хижр сүресі, 9) делінеді. Сондықтан Алланың дінін қорғау, оған имидж қабыптастыру пендеге тиесілі шаруа болмаса керек. Алланың дініне тіл тигізіп, оның үкімдерін келеке қылған адамдар болса, олармен де Алла өзі есеп айырысады. Мұндай адамдар қай заманда да болған, бола береді. Өйткені, адамға иман беруші де – Алла. Егер Алла біреуге иман бермеген болса, оған пенденің істері жоқ.
Бірақ, мұсылмандарға қатысты имидж мәселесін мұсылмандардың өздері қалыптастырады. Құранда: «Саған келген жамандық өз нәпсіңнен, ал жақсылық болса Алладан» (Ниса сүресі, 79) делінеді. Демек, шынайы мұсылманшылықтың имиджін қалыптастыру оңай шаруа емес. Қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан дін адамның имиджі бар еді, әлі де жойылды деуге болмайды. Бірақ, қазіргі имидж көңіл қуантарлық дәрежеде емес. Бұған себеп, әлемде жүргізіліп отырған исламофобиялық саясат, саясаттың дінді бүркеніш ретінлде пайдалануы, мұсылмандардың ішінен шығып жатқан саналы, санасыз исламға жат қылықтар мұсылманшылықтың имиджін едуәр құлдыратып жіберді. Тіпті мұсылманшылыққа үрке қарайтын деңгейге жетіп қалдық.
Енді осы түсіріп алған деңгейіміз бен, жоғалтып алған имиджімізді қалыптастыру үшін он есе артық қажыр таныту керек. Мұсылманшылық имиджін қалыптастыруда қарапайым өзін мұсылман санайтын адамнан бастап, діни басқарма өкілдеріне дейін іс-әрекеттерінің мұсылманшылықпен қаншалықты астасып жатқандығын сүзгіден өткізіп барып жасау ыждаһаттылығын таныту маңызды. Ол үшін адамның сыртқы білімі мен ішкі тақуалығы қатар жүруі тиіс. Бабалар туралы еске алғанда мұсылманшылыққа қылдай да қиянат келтірмегендігін көруге болады. Сонда да діндарлардың сынаған ағартушыларымыз болған. Махамбет Өтемісұлы сол үшін: «Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде барда ділде жоқ!» десе, Шәкәрім қажы: «Қиянатың бар болса иманың жоқ, маған десе мың жылдай қыл ғибадат» дейді.
Қазір жағдай тіптен күрделі. Алайда, адам пендешілікпен көп қателікке бой алдырады, күнәлі істерге барады. Құдай кешірімді ғой, кешіреді деп бойын босқа салады. Осының салдарынан мұсылманшылық имиджіне дақ түседі. Сондықтан, өзі мұсылман санаған адам исламның өсиеттерін тилық орындауы мүмкін болмаса да, мұсылман атына дақ келтіретін іс-әрекеттерден аулақ болуы бет-бейне қалыптастырудың алғашқы қадамы болса керек. Ол үшін жалаң дінді еліктеушілікпен емес, саналы түрде өмірге серік ету басты міндет!
Кеңшілік ТЫШХАН
дінтанушы, ф.ғ.к.
“Алланың дінін қорғау, оған имидж қабыптастыру пендеге тиесілі шаруа болмаса керек. Алланың дініне тіл тигізіп, оның үкімдерін келеке қылған адамдар болса, олармен де Алла өзі есеп айырысады. Мұндай адамдар қай заманда да болған, бола береді”.
Дұрыс айтылған!!!
“Проблема исламда емес, адамда” деген сөз бар. Алланың діні мінсіз, пенделерінде кемшілік бар.