Ислам әлемдік діндердің арасындағы ең жас дін болып саналады, дегенмен оның жер бетінде таралуы, әлем жұртшылығының қызығушылық танытуы күннен күнге артып келеді. Мейірім мен достықты, кешірім мен жақсылықты насихат ететін бұл дін әсіресе жастар арасында дәріптелуде.
Әдетте біреудің сүйіспеншілігіне бөленген нәрсе басқа біреудің наразылығына ілігеді. Дәл сол сияқты дін исламды қолдаушылардың қатары көбейген сайын оны жаман етіп көрсетуге ұмтылған топтар да пайда болуда. Сөйтіп «діни экстремизм», «діни терроризм», «исламдық экстремизм», «мұсылман террорист» және т.б. құлақшаларды (ярлык) іліп, қоғамда әсіресе, батыс елдерінде исламофобия (исламды жеккөрушілік) қалыптастыруға күш салуда. Әрине, «бейбітшіл экстремизмнің», «бейбітшіл терроризмнің» болмайтыны сияқты дін исламды да экстремизммен біріктіруге болмайды. Өйткені «ислам» сөзінің «салам» төркіні бейбітшілік, бейбіт өмір деген мағыналарды білдіреді.
Исламның әлем жұртышылығын арасында мұндай қарқында тез танылып, жылдам таруының басты әрі негізгі себептерінің бірі – гуманистік функциясы. Негізінде гуманизм сөзі латынның (humanitas) – адам табиғаты сөзінен шыққан. Исламда «адам» проблемасы басты орында. Бұл дін индивидумның (жеке тұлғаның) жан дүниесінің кемелденуін, оның бойына адамгершілік құндылықтарды, жақсы мінезді орнықтыруды және қоғам өмірінің көтурілуін көздейді. Мұнда адам өмірінің құндылығы (жан аманаты), қоғамдағы әрбір азаматтың жеке құқығы (кісі ақысы, көрші ақысы, жолаушы, мейман ақысы және т.б.) жіті қаралып, қорғалған.
Енді сөзімізді растай түсу үшін дін исламның екі қайнарына – Құран мен Сүннетке назар салайық. Құран моральдік-этикалық құндылықтардың қайнар көзі. Құрандағы адамгершілік ұстанымдардың негізгі мазмұны – жақсылық пен жамандықты анық айыра білу. Осылайша, исламда ахлақ (әдеп, мораль) қағидаларын ұстану – әрбір адам үшін міндетті.
Құран адамның танымдық мүмкіндіктері мен рухани сұраныстарын баяндайды. Асылы топырақ, кейін тәнге айналған адам, әлемді және ақиқатты тануына мүмкіндік беретін рухани қасиеттерді иеленеді, әрі Құдайдың әуел бастан ойлаған образына айналады. Кеңес өкіметінде комунистердің жиі айтатын «человек хозяин природы» деген ұраны болатын. Дәл осы сөз Құранда айтылғанын еске сала кеткен жөн болар:
«Сол кезде Раббың періштелерге: «Ақиқатында Мен, жер бетінде халифа (патша) жаратамын», – деген еді» (Бақара: 30). Бірақ, бұл ұғымды коммунистер бұрмалап, «жердің патшасы адам, адам қаласа табиғат күшін де бағындырып алады» деп оны дінге қарсы пайдаланды.
Сонымен, Құрандағы басты мәселе – адам, оның өмірі, мақсаты мен мәні. Құранда мораль, адамгершілік, ахлақ ілімі деген сияқты т.б. құндылықтар баса айтылады. Аятта Құранның назарынан еш нарсе тыс қалмаған деп келеді:
«Кітапта еш нәрсені қалдырып кетпедік» (Әнғам: 38). Сондықтан да Құран ислам бойынша мұсылман үшін үстелдің үстіне тұруы тиіс тәрбие кітабы.
Исламның гуманистік функциясын тағы да аша түсетін ұғым ол «кемел адам» (инсанун кәмилун) тұжырымдамасы. Адамның кемелдігі оның әділдігі мен ниетінің шынайылығы және құдайшылдығымен есептелді. Кемел адамның жолы – мейірімді жүректі пенденің жолы.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау болса бүкіл дене сау, ал егер ол бұзылса онда бүкіл дене бұзылады. Əлбетте ол – жүрек емес пе?!» деп айтқан (Бұқари, Мүслім).
Хадистен көргендей адамды адам ететін, адамды бұзатын да жүрек. Ислам бойынша адамның шынайы болмысы әрі рухани кемелдігі оның тән сұлулығы емес, жан дүниесінің кемелдігі. Ал жан сұлулығы – ахлақты тәрбиелеу, көркем мінезге ие болу, яғни адамның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытып, кемеліне жеткізу болып табылады. Мұның көрсеткіші адамның жүрегі.
Демек, пайғамбар (с.ғ.с.) айтқандай осы жұдырықтай жүректі тәкаппарлық, мен-мендік, көре алмаушылық, қызғаныш, кекшілдік сияқты т.б. түрлі жан дертінен айқтырса ғана адам кемелдене түседі. Ал енді жүрек дерттерінен айықпаса, онда керісінше ауру жүрек адамды парасатсыз мақұлықаттан да төмен деңгейге түсіреді. Сол себепті де ислам адамның жан дүниесіне, оның жүрегінің тазалығына көп көңіл бқліп, адамды кемелдікке шақырады. Хəкім Абайдың мына бір шумақ өлеңі де осы айтып тұр емес пе?
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарыместі «жақсы» демек».
Ақын да жүректі мінез-құлықтың құндылық негіздері туралы көзқарастарында жиі қолданылатын «адам болу», «толық адам», «адамшылық» деген үлкен мағыналық танымдармен тікелей бірлікте қарастырады. Абайдың мұнда айтып отырған «толық адамы», «адам бол!» сияқты сөздері исламдағы «кемел адам» тұжырымдамасы.
Ойымызды қорытар болсақ, исламның негізгі гуманистік функциясы – адамды жетілдіру. Оның өмірін, тұлғалық қалыптасуын, тәрбиесін, отбасын, бала-шағасын, қоғамды, басқалармен қарым қатынасын және т.б. мәселелерді жақсарту. Басқаша айтқанда адамның күнделікті тіршілік өмірін жаңа деңгейге көтеру. Дін исламның тағы да гуманистік функияларының бірі – адамды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарады. Егер жақсылық істесе, қайырымдылық қылса, сабырлық танытып, кешірсе, құдайы қонақты күтсе, ата-ананың разылығын алса, отбасын бақытты қылса, кісі ақысын жемесе, саудада әділ болса – ол үшін бұл дүниеде бақыт, ақыретте марапат (жәннат). Осылай жақсылыққа жігерлендіреді. Егер керісінше залым болса, әлсізді ренжітсе, ата-ананы наразы қылса, көршімен дұшпан, ашулы, қызғаншақ, қылмыс жасап, кісі өлтірсе онда бұл дүниеде бақытсыз, ал ақыретте жазасын тартады (тозақ). Адам баласын жамандық жасаудан сақ болуға шақырады.
Ислам он төрт ғасырдан астам уақыт осындай өзінің гуманистік идеясымен, әмбебаптығы, күнделікті өмірде қолданылу қарапайымдылығы және заман мен мекенге байланысты бейімделу ептілігімен өміршең болуын жалғастып келеді.
Жалғас Сандыбаев