Бұл орайдағы ең басты қағидат Құранның «Бақара» сүресіндегі «Дінде зорлық жоқ» аяты деуге болады. Осының жалғасы іспетті «Кәфирун» сүресіндегі: «Мен сіздердің табынатындарыңызға табынбаймын, сіздер де менің табынатыныма табынбайсыздар. Сіздердің діндеріңіз өздеріңізге, менің дінім өзіме» деген аяттар да исламдағы дінаралық қатынастардың қандай ұстанымдарға сүйенетінін айғақтайды.
Жалпы ислам көзқарасында әрбір ұлт – өз алдына жеке болмыс, Алланың жаратылыстағы бір хикметі саналады. Сондықтан Құрандағы: «Әй, адамдар! Біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Бір-бірімен таныссын деп сендерді өзара ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» деген аяттардың да дінаралық және ұлтаралық татулыққа септескені айқын.
Иудей және христиан діні өкілдерінің Құранда «Кітап иелері» деп аталатыны белгілі. Олармен бейбіт қатар өмір сүрудің исламда орнықты дәстүрлері қалыптасқан. Мұхаммед пайғамбар мұсылмандарға: «Сендерге кітап иелерін, яғни христиандар мен иудейлерді (еврейлер) аманат етемін» деген өсиет қалдырған. Екінші бір хадисте: «Кімде–кім Кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын» деп ескерткен.
Пайғамбарымыздың: «Мұсылмандармен бір жерде тату-тәтті тұрып жатқан өзге дін өкілін жәбірлеген адамға жұмақтың иісі бұйырмайды. Ал жұмақтың жұпар иісі қырық жылдық қашықтыққа дейін аңқып тұрады» деген хадисі де бар. Сондай-ақ көршілермен мәмілеге қатысты тағы бір хадисте: «Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар. Ол – сенің көршің болғаны үшін» делінеді. Яғни діні бөтен адам болса да, көрші ақысын сақтап, тату өмір сүру, араласу, қажет жағдайда қол ұшын беру қажеттігі меңзеледі.
Мұсылмандар 622 жылы Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін Мұхаммед пайғамбар өзге дін өкілдерімен Мәдина келісіміне қол қойған болатын. VII ғасырда жасалған осы құжатта исламдағы бейбітшілік пен төзімділікті, адам құқығына деген құрметті қамтамасыз еткен, исламның өзге дін өкілдеріне және сенім бостандығына қатысты көзқарасын қамтыған қағидаттар енгізілген.
Мұхаммед пайғамбар өзге дін өкілдерінің ғибадат ғимараттарын қиратпауды, діндарларды өлтірмеуді, оларға қол жұмсамауды, алым-салық алмауды, мал-мүлкіне қол сұқпауды, өзге діндегілердің құдайларына тіл тигізбеуді өсиет еткен. Пайғамбарымыздың тәлімін алған ізбасарлары да мұсылмандардың қол астына кірген елдерде осы ұстаныммен билік жүргізді. Оған ислам тарихындағы дінаралық келісімнің үздік үлгілері куә.
Мысалы, христиан діні өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын билеген халифа Омар 637 жылы арнайы келісімшарт жасап, өзге дін өкілдеріне қауіпсіздік қағазын берген. Бұл құжатта: «Христиандардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулерін ешкім тұрғын үй есебінде қолданбайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді» делінген.
Халифа Омар сонымен қатар кедей әрі жұмыс істеуге қабілетсіз өзге дін өкілдері үшін мемлекеттік қазынадан арнайы қаржы бөліп, жалақы төлеп тұрған.
ХІІІ ғасырда Сирия маңында моңғол әскерімен бітім жасасуға келген мұсылман елшісі тек мұсылмандардың ғана емес, олармен отандас өзге дін өкілдерінің де тұтқыннан толық босатылуын талап еткен. Бұл сөзге таң қалған моңғолдарға мұсылман елшісі өзге дін өкілдерінің мұсылмандар үшін аманат екенін, ал аманатқа қиянат жүрмейтінін мәлімдеп, Мұхаммед пайғамбардың: «Сізге кітап иелерін, яғни христиандар мен иудейлерді аманат етемін» деген хадисін бұлжымас әмір ретінде қабылдайтынын танытқан.
Крест жорықшылары Андалусияны талқандап, оның бейбіт тұрғындарын қырып-жоя бастағанда, жоқ болып кету қаупінен қорыққан жергілікті иудейлер Османлы мемлекетіндегі мұсылмандарды паналаған.
Осы айтылғандардың барлығы дінаралық келісім қағидаттарының жасампаз рухани әлеуетке ие ислам дінінде ертеден берік орныққанын және тарихи дәуірлерде дінаралық сұхбатқа игі әсер еткенін айғақтайды.