Сұрақ: Исламның атын жамылып, жазықсыз адамдарды өлтірген адамның жазасы қалай болмақ?
Жауап: Адамды өлтіру үлкен күнә. Ал енді исламды жамылып, жазықсыз адамдарды өлтірген адамның да Алланың алдындағы есебі айырықша. Оның қылмысы екі еселене түседі десек қателеспейміз. Себебі ол исламды жамылып басқаларды алдады, кейін жазықсыз адамдарды өлтірді. Әрине, бұл дүниеде адам кісі өлтіріп, өзін қоршаған ортаны, қоғам мүшелерін түрлі айлакершілікпен алдап жазадан құтылуы мүмкін, бірақ, ақыретте бұлай жасай алмайды. Себебі, Алла Тағала әрбір істің есебін алады.
«Көктегі және жердегі нәрсенің барлығы – Алланың мүлкі. Жамандық жасағандарға ол қылмыстарына қарай жаза тартқызады да, жақсылық жасағандарға тамаша сый тартады» (Ән-Нәжім: 31).
Ибн Масғуд (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру», – деп айтты» деген риуаятты айтады (Мүслим, Термези, Нисай және Ибн Мәжәһ).
Адамның өмірі мен құқығын қорғау жағдайында мұсылмандар басқалар үшін үлгі болулары керек. Өкінішке орай бүгін де ақпарат құралдарынан көріп отырғынымыз мұның терісі. Исламның мұсылмандарға улгі етіп көрсеткен сабырлығы мен ұстамдылығынан ауытқып, шынайы исламға қатысты жоқ немесе исламды өтірік жабу қылған түрлі топтардың ықпалына түсіп кетіп жатамыз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы