Сұрақ: Исламнан бұрын Мәдинада ұлтаралық ахуал қандай еді?
Жауап: Ескі аты Ясриб болған Мәдина Хижаз аймағының маңызды қалаларының бірі еді. Бұл жердің жергілікті халқы Бәни Қурайза, Бәни Надыр, Бәни Қайнуқа тайпаларынан және оңтүстік арабстаннан келіп жергілікті тұрғынға айналған Әус және Хазраж деп аталатын араб тайпаларынан тұрды.
Әус және Хазраж тайпалары Ясрибке келген кезде ол жерде бұрыннан тұратын жебірей (яхудилер) тайпалары үстем болатын. Жәбірейліктердің үстемдігіне тәуелді Әус пен Хазраж тайпалары туыстары болып келетін Ғассанилерден жәрдем ала отырып, уақыт өте келе Ясрибте басымдыққа қол жеткізеді. Бұл тынымсыз қақтығыстар мен ұрыстардың нәтижесінде болады.
Кейіннен Әус пен Хазраж тайпалары да өзара араздасып, араларында соғыс оты өршиді. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аудармай тұрғандағы Мәдина халқының әлеуметтік-саяси жағдайы осындай болатын.
Мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін жоғарыда аталған топтарға жергілікті христиандар мен мүшриктерден бөлек муһажирлер (Мекке шаһарынан Мәдинаға көкен мұсылман қауымы) және ансарлықтар (Мәдинаның жергілікті халқы, исламды қабылдаған араб, Әус, Хазраж тайпалары) қосылды.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) Мәдинаға келуімен қоғамдық мәселелерді шешіп және тұрақтылық пен бейбіт өмірді қамтамасыз ету мақсатында «бір қоғам – бір мемлекет» ұстанымы басшылыққа алынды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ