Лондондағы мешітке жаңа имам тағайындалыпты. Имам қалаға бару үшін үнемі бір автобусқа мінеді екен. Бір күні шопыр билеттің артық ақшасын имамға беріп жатып, 20 цент сөлкебайды артық қайтарады. Имам ақшаның артық берілгенін орнына отырғанда ғана байқапты.
Қалтасындағы басы артық ақша есінен шықпай қойған имам іштей: “20 цент – түк емес, әрине, ақша деп те айта алмайсың. Автобустың шопыры мұндай тиын-тебенді санамайтын да шығар. Оның үстіне автобус паркінің бір күндік табысы 20 центке қарап қалатындай аз емес!” деп ойлайды да, артық ақшаны Алла Тағаланың сыйы деп өзіне қалдырмақшы болады.
Автобус мешіттің алдына келіп тоқтайды. Имам есік жаққа жақындай бергенде әуелгі пікірінен айнып, шопырға: “Маған артық ақша беріп қойыпсыз” деп, 20 центті қайтарады. Шопыр имамға күлімсірей қарап: “Сіз мешіттің жаңа имамы боларсыз, солай ма? Негізі көптен бері мешітіңізге кіріп, дініңіз Ислам туралы мағлұмат алу үшін сізге жолықпақшы едім. Ақшаны әдейі артық бердім – не істейтініңізді байқап, сынау үшін…” дейді.
Үлкен жауапкершілік жүгін арқалап, автобустан түскен имамның жүрегі көпке дейін өрекпіп тұрды. Басын көкке көтеріп: “Рахымы күшті я, Раббым! Сәл болмағанда Исламды 20 центке сатып жібере жаздадым!..” дегенде көздерінен мөлтілдеп жас ағыпты…
Қанат ЕСКЕНДІР