Уағалейкумассалам, Ербол! Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресі, 186-шы аятында: «(Мұхаммед ғ.с.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді», – деп ескертеді. Сондықтан, барлық мұқтаждықтарымыз тек қана Алла тағаладан тікелей сұралады. Десек те, шариғатымызда «тәуәссул» деген ұғым бар. Тәуәссулдің сөздік мағынасы «белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін қандай да бір себеп, құрал қолдану» дегенді білдіреді. Ал шариғатта тәуассул деп: «Дұғаның қабыл болуы үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немесе басқа бір аса тақуа адамның құрметін себепкер етуге айтылады. Мысалы, «Уа, Алла Тағалам! Соңғы Пайғамбар әрі Сенің сүйікті құлың Мұхаммедтің (с.ғ.с) құрметіне менің мына дұға-мінәжаттарымды қабыл ала гөр» деп тілек тілеу секілді . Бұл тақырып аясында бүгінгі еліміздегі білікті де, білімді теолог ғалымдарымыз көптеп терең талдап айтып жүр. Тәуассулдің үш түріне тоқталар болсақ, бірінші Алла тағаланың көркем есімдерін себепкер етіп тәуассул жасауға болады. Құранда: «Ең көркем есімдер Алла тағалаға тән. Ендеше, Оның есімдерімен дұға етіңдер», – делінеді. («әл-Ағраф» сүресі, 80-аят). Екіншісі, басқа бір салиқалы кісіден өзі үшін дұға етуін өтіну түрі. Қазақтағы бата сұрау үрдісі де тәуассулдің осы түріне жатады. Үшіншісі, салиқалы ізгі істерді себепкер етіп дұға жасау. Бұған Пайғамбарымыздың хадисінде кездесетін үңгірге қамалған үш жігіттің оқиғасы куә. Үшеуі үш түрлі жақсылықтарын айтып, әлгі үңгірдің аузына бастырылған тасты Алланың жәрдемімен ашуы. Сіз атаған сайттың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына еш қатысы жоқ. Діни басқарманың www.muftyiat.kz деп аталатын өз ресми сайты бар. Бұған қоса, әрбір обылыстағы Өкілдіктеріміздің басқаруымын жұмыс жасайтын 20 өңірлік ресми сайттарымыз да бар. Бұл женінде муфтият сайтының «Әріптестер» айдарынан таныса аласыз.