Сұрақ: Исламдағы ең жақсы амал қандай?
Жауап: Ислам мұсылман адамды адалдыққа, шындық пен достыққа, әділдікке, мейірім мен жомарттыққа, жақсылық жасауға және сол сияқты т.б. ізгі амалдарға үндейді. Дінде барлық жақсы амал қайырлы саналады. Сол үшін исламда ең жақсы амал түгенше немесе пәленше деп кесімді түрде нақты айту қиын.
Себебі, Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Алланың алдында ең жақсы амал – Алла жолындағы күрес» десе, басқа бір хахдисінде: «Ең жақсы амал – уақытында оқылған намаз», – дейді. Сол сияқты «ең жақсы амал» деп келген басқа да риуаяттар бар.
Бұл хадистерде жауаптардың түрлі болуы, ол сұрақ қоюшының жағдайы ескеріліп айтылуында. Сол үшін «ең қайырлы іс» деген уақытта бұл іс бәрінен де жақсы, қалғаны одан төмен деген мағына шықпайды. Бәлкім сол уақытта болып жатқан жағдайды ескере отырып, қазір әлгі амалдың орындалуы «ең дұрыс шешім» екенін түсіну керектігін білдіреді.
Мысалы, Абдулла ибн Амр мына риуаятты жеткізген: «Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Мен Алладан марапат қалаймын. (Сол үшін) сенімен бірге (Мәдинаға) көшуге және Алла жолында күресуге саған сөз беремін», – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ата-анаңның біреуі болса да тірі ме?» – деп сұрайды. Ол: «Иә», – деп жауап береді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен Алладан сауап қалайсың ба?» – деп сұрайды. Ол тағы: «Иә», – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Әке-шешеңе бар. Соларға жақсылық жаса», – деді» (Бұхари, Мүслім).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ