Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында Салман Фарси есімді бір сахабаға көп құдайға табынушы бір мүшрік келіп: «Пайғамбарларың (с.ғ.с.) сендерге барлық нәрсені үйреткен екен, тіпті, дәретке қалай отырып, қалай тазалануды да үйреткен болар?» – деп келеке етеді.
Сонда Салман Фарси: «Иә, бәрін үйретті. Тіпті, дәретке отырудың әдептерін де үйретті. Яғни, үлкен не кіші дәретке отырғанда құбылаға қарамауды, оң қолмен нәжісті тазаланбауды, (қазіргі тілмен айтқанда қағаз ретінде) үштен аз тас, тезек, сүйек қолданбауды үйретті», – деп жауап берген екен.
Асыл дініміз адам дене мүшесінің барлық жерін тазалауға қатысты толық үйретеді! Ең алдымен, дәрет сындыру әдебін дәретханаға кіруден бастаған абзал.
- Дәретхана – қажеттілік өтелетін орын және онда адам жалғыз болуы шарт. Сондай-ақ, басқаларға көрінбейтініне көз жеткізген абзал. Бұл туралы Жабирден келген бір хадисте: «Біз Алла елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сапарға аттандық, діттеген жерімізге жеткенге дейін Пайғамбарымыз жұртшылықтың алдында дәретін бұзғанын ешкім көрмеді».
- Қабірде, моншада, қорымдарда, мешітте, көлеңкеде, адамдар демалатын орындарда, жеміс беретін ағаштардың түбіне, тұнық немесе ағын суға, сондай-ақ, біреулер қолдана алатын заттарға дәрет сындыруға Ислам діні тыйым салған.
- Дәретханаға, жалпы лас жерлерге сол аяқпен кіріп, ал қасиетті жерлерге оң аяқпен кіруді бұйырады.
- Дәретханаға кірерде мына дұғаны оқыған абзал: «Бисмиллаһи, Аллаһуммә иннии ағузу бика минәл-хубси уәл-хабаис». (Я, Аллам! Жын-шайтанның кесапаттары мен барша жамандықтардан Өзіңе сыйынамын. Мені олардан сақтай гөр) деп қазақшасын болса да айтып, дәретханаға кірген дұрыс. Өйткені, әжетханалар жындардың мекені екені жайлы риуаяттар бар.
- Дәретханаға Құран мен оның аяттары, Алла Тағаланың есімдері бар сақиналар, тұмарлар және басқа да заттарды алып кіруге тыйым салынған. Сондай-ақ, дәретханада Құран оқуға және мәжбүрлік болмаса тыңдауға тыйым салынады.
- Әжетхананың дәрет сындыратын қабырғасы құбылаға қарамауына назар аударған жөн. Мүмкіндігінше құбылаға қарап немесе арқамен отырмауға барынша тырысу керек.
- Мұсылман еркектер мен әйелдер дәретханаға кірерде басын жауып және сүйретпе аяқ киіммен кіреді. Өйткені, бұлай істеу Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті әрі үмметінен талап еткен амалдар.
Дәретті өтеу әдебі
- Дәретті сындыру кезінде әурет жерлерді барынша ашпай-ақ, қажет болған кезде жалаңаштап, содан кейін сол аяққа сүйене отыру – дәрет сындыру әдебінен.
- Дәрет сындыру кезінде зәрдің шашырамауына мән берген жөн. Тасқа дәрет сындырсаңыз, үстіңізге шашырайды немесе желге қарсы да зәр шығармау керек. Өйткені, шалбарымыздың балағына шашыраса, бұл киім нәжіс болып есептеледі. Мұндай киімді тазаламайынша, намаз оқуға да жарамайды.
- Дәретті сындыру кезінде біреумен амандаспау, әңгімелеспеу немесе сұрағына жауап бермеуге тырысу.
- Үлкен және кіші дәретті отырып сындыру – ең жақсы әдіс. Дәретті тұрып сындыруға тыйым салынбаған, бірақ отырып сындыру дұрысырақ. Имам Ахмад өзінің хадистер жинағында Айшадан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен: «Кімде-кім сендерге Алланың елшісі (с.ғ.с.) кіші дәретін тұрып өтеді деп айтса, оған сенбе». Абдулла ибн Мәсғұдтан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ақиқатында, тұрып дәрет сындырғанға азап бар», – делінген.
- Жыныс мүшелерін тазалау, сүрту кезінде сол қолды пайдаланған жөн. Тазалау барысында жыныс мүшелерді оң қолмен жумаған абзал.
- Үлкен және кіші дәреттен соң мүшені жуу (истинжә) немесе сүртіну (истижмәр) қажет. Истинжә – қолдануға жарамды таза сумен, ал истижмәр – рұқсат етілген қатты заттармен немесе қағазбен сүрту.
Исатай БЕРДАЛИЕВ
Пайдаланған әдебиеттер
- Әбу Давуд Сулейман б. Әл-Әшғари б. Исхақ әс-Сижистани әл-Әзди (ө. 275/889), Әс-Сүнен, «Удуғ» бабы.
- Әбул-Хасан Әли б. Омар б. Ахмад Әд-Дарукутни (ө. 385/995), Әл-Хаким, «Удуғ» бабы.
- Әбу Абдуллах Мухаммад б. Исмайл б. Ибрахим әл-Жуфи әл-Бұхари (ө. 256/870), Жәми у-Сахих, «Тәмиз» бабы.
- Әбу Абдуллаһ Мухаммад б. Язид Маже әл-Казуани (ө. 273/887), Әс-Сүнен, «Удуғул Усра» бабы.