Адамды қандай сезімдер үлкен мәртебелерге жетелеп, биік шыңдарға шығаратынын білесіз бе? Яғни, адам іс-әрекетімен, амалымен ол мәртебелерге лайық болмаса да, дәл осы сезімі арқылы қол жеткізбестей көрінген дәрежелерге дейін асқақтай алады. Мәселен, бір адам Пайғамбарымызбен (с.ғ.с), хазіреті Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилермен бірге Фирдаус жәннатында шалқып отырғысы келеді делік. Кімнің мұндай мәртебеге ие болғысы келмейді.
Алайда, оның амалы мұндай дәрежеге рұқсат бермейді. Ендеше не істемек керек? Қалайша бұл мәртебелерге қол жеткізуге болады?
Оның жауабы – сүю. Иә-иә, ол үшін сүю керек екен. Дәл осы «сүю сезімі» оны қол жеткізбес шыңдарға жетелеп, бағынбас белестерді бағындыруға мүмкіндік береді.
Ислам дінінде қаншама адамға үміт сыйлаған, мүмкін еместі мүмкін қылған қағида бар. Ол – «Адам сүйгенімен бірге» деген қағида. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сөзі көптеген жаралы жүректерге шипа, дертті жүректерге дәру болған.
Бір күні сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әнас бин Мәликпен (р.а.) мешіттен шығып келе жатып, Зулхуәйсира әл-Йәмәни есімді біреуге кезігіп қалады. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көрген ол Қиямет күнінің қашан болатынын сұрайды. Жалпы, адам нені күтіп жүрсе, оған сай дайындық жасайды ғой. Біреуден «елге қашан келесің» деп сұрасақ та, «келсең, сыбағаң дайын, жеп кет» дейміз ғой. Тіпті, үйдегі келіншегің де «отағасы, жұмыстан қашан шығасыз, үйге қай уақытта келесіз?» десе, «тамағын дайындап отырайын» дегені ғой. Сол секілді Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) адам Қияметтің қашан келетінін сұрап тұрса, «демек дайындаған бірдеңесі бар-ау» деп әлгіден Қиямет күніне не дайындағанын сұрайды. Ол да:
-Алла және Оның Елшісіне деген махаббатты, сүйіспеншілікті дайындадым» деп жауап береді. Сол кезде Алла Елшісі (с.ғ.с.):
-Адам сүйгенімен бірге, – деп жауап береді.
Бұл жауап екеудің әңгімесін тыңдап тұрған Әнас бин Мәликті қатты тебірентіп жібереді. Себебі, бұл хадис Әнас бин Мәликке ғана емес, күллі үмбет үшін үлкен бір сүйінші хабар болды. Негізі, бәріміз шамамызға қарамай үлкен мәртебелерді қиялдайтын пендеміз ғой. Аз істеп, көп олжаға кенелгіміз келеді. Аз уақытта үлкен жетістіктерге жеткіміз келеді. Аз амал етіп, Жәннаттың төрінде отырғымыз келеді. Бұл хадис те тура біздің оң жамбасымызға келгендей. Әнас бин Мәлик те Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аузынан бұл сөзді естігенде:
-Мұсылман болғаннан кейін «сен сүйгеніңмен біргесің» деген сөзінен басқа ешнәрсеге мұнша қатты қуанбадық. Мен де Алланы, Оның Пайғамбарын, Әбу Бәкірді, Омарды сүйемін. Олардың амалындай амал етпесем де, олармен бірге болуды үміт етемін, – деп сүюдің қандай құдіретті күш екеніне қуанады.
Тағы бірде бір бәдәуи өзінің жеткіліксіз амалдарын есіне алып, ақыретте сүйікті Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.), ардақты сахабаларымен бірге бола алмайтындығын уайымдап:
-Біреулерді сүйетін, алайда олармен бірге боларлықтай амалы жоқ адам жайлы не айтасыз? – деп толғандырған мәселесін сұрайды. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) қаншама мүминдердің көңіліне үміт сыйлаған мына бір жауапты айтады: «Адам Қиямет күнінде сүйгендерімен бірге болады». Сұрақты қойған бәдәуиге Алла разы болсын.
Жалпы, бұл мүмкін бе? Яғни, осынау бір сезіммен сүйікті жаныңның жанынан табылу, расында да, болуы мүмкін нәрсе ме? Неге мүмкін емес? Алла Тағала бұл жалған дүниенің өзінде біздерге «адам сүйгенімен бірге» сөзінің көріністерін көрсетіп қойған. Бір-бірін сүйген екі ғашықтың шаңырақ көтеріп, бірге болуы да осы сөзіміздің мысалы емей немене? Немесе бір-бірін сүйген достардың да бір-біріне жиі зиярат етіп, аралас-құралас боп тұруы да бұған дәлел емес пе? Ағайын-туыстың да басын бір жерге қосып, тату-тәтті қылатын да араларындағы сүйіспеншілік пен махаббат екеніне кім қарсы уәж айта алады.
Ал сүйіспеншілік жоқ жерде жоғарыдағы айтылған мысалдардың ешқайсысы да жүзеге аспайды. Махаббат пен сүйіспеншілік болмаған жерде екі жарты бір бүтін болу да жоқ, достық та жоқ, ағайыншылық та жоқ. Демек, «адам сүйгенімен бірге» деген хадистің көрінісін бұл дүниеде де көрсетіп қойған Алла Тағала әлбетте мәңгілік бақыттың ошағы болған ақыретте де бұл хадистің ақиқат көрінісін көрсетері сөзсіз.
Ендеше сүйейік, сүйікті болайық. Себебі, сүйген жағдай да ғана сүйгеніңе ұқсау бар, сол секілді болу бар. Алланы сүю дегеніміз – Алланың мінезімен мінездену деген сөз, Пайғамбарды сүю дегеніміз – Пайғамбарға ұқсау деген сөз, салиқалыларды сүю дегеніміз – оларға еліктеу деген сөз. Тек сүюге лайықтыларды дұрыс таңдай білейік.
Салтан САЙРАНҰЛЫ