Мысалы, исламның классик ғалымдарынан Наубахти, шииттік топтарға қатысты жазған еңбегін «Фирақуш-Шиа» (шииттік ағымдар), иғтиқади және саяси топтарды зерттеген Абдулқадыр әл-Бағдади кітабын «әл-Фарқу байнал Фирақ (мәзһабтар арасындағы ерекшеліктер)» деп атаған. Ислам географиясының кеңейе түсуі және басқа дін өкілдерімен бетпе-бет келуі нәтижесінде «милал» және «нихал» деген ұғымдар пайда болды.
Милал «дін» мағынасындағы ұлттың, нихал «көзқарас, ұстаным және діни топ» мағынасындағы нихла деген сөздердің көпше түрдегі формасы. Бұл бойынша «әл-Милал вән-Нихал» атауы мәзһабтар және діндер мағынасында қолданылған болып шығады. Бұған қоса «Хава» (негізсіз көзқарас) деген атаумен тұрақсыз, тиянақсыз ұстанымдағы топтардың аталғаны Ибн Хазмның «әл-Фасл фил милал вал Ахва ван-Нихалымен» Шахристанидің әл-Милал ван-Нихал атты еңбектерінде байқалады. Сенім мен саяси сипаттағы топтар классикалық дереккөздерде көбіне асхабул-мақалат, фирқа, нихла деп, фикһ, яғни құқықтық мектептер мәзһаб деп аталғанымен соңғы уақыттарда барлығын әрі ұғымдық, әрі мазмұндық жағынан қамтыған, мәзһаб сөзі кеңінен қолданылған. Сондықтан біз де мәзһаб дегенімізде осы екі бағыттағы мектептерді білдіретін боламыз.
Құран-Кәрімде тікелей мәзһаб деген айтылмайды. Фирқа, сөздік мағынасында бір аятта айтылған (Тәубе 9/122), нихал және мақалат та Құранда айтылмайды. Хадистерде де мәзһаб сөзі кездеспейді. Хазіреті Мұхаммед пайғамбар өзінің үмметінің арасында болатын бөлінушілікті фирқа сөзімен білдірген. Классикалық әдебиеттерде де осы ұғым кеңінен қолданылған.
Мәселені тереңінен түсініп, тақырыптың байыбына бара білу үшін мәзһабтардың шығуына байланысты басты себептерге тоқталып өту керекпіз. Мұсылмандар, исламның алғашқы жылдарында иман мәселесінде және әлеуметтік өмірде ешбір алауыздыққа түскен жоқ. Өйткені ол кезде қандай да бір мәселе туындаса пайғамбардан сұрап мәселені шешіп отыратын.
Хз. Мұхаммед пайғамбардың өлімінен кейін ортаға шыққан алғашқы жанжал халифалықпен байланысты болды. Пайғамбардың қайтыс болғанын естіген ансарлардың кейбіреуі Бану Саида (дегеннің) шатырында Хазраж тайпасының көсемі Саъд ибн Убадені халифа тағайындамақ болып жинала бастайды. Жағдайдан құлағдар болған мухажирлерден Әбу Бәкір, Омар ибн Хаттаб және Әбу Убайда дереу жиналысқа барады. Мұсылмандардың арасындағы ең алғашқы келіспеушілік, тіпті жанжал осы басқосуда орын алды. Ансарлар халифаның өз араларынан біреуінің болуын қалайды. Өйткені олар исламның қорғаушылары, пайғамбардың көмекшілері еді. Бұл орынға өздерінің исламға жасаған қызметтері тұрғысынан ансарлар әбден лайық еді.
Бұған мухажирлер, халифалыққа өздерінің лайықты екендерін айтып, дәлелдеп бағуға тырысты. Ислам бізден басталды және халифа да бізден, яғни құрайштардан болуы керек дегенді алға тартты. Ал, келесі бір топ халифалықтың Хашим әулетіне тиісті екенін айтты. Бұлар пайғамбарға жақын, соның отбасына қатысы бар адамдар еді. Алидің халифалыққа лайық екенін оның исламды алғашқы қабылдағандардан болғанын және дін жолындағы күрестерін, қызметін, сондай-ақ көпшілік тарапынан ерекше құрметке лайық екенін алға тарта отырып дәлелдеуге тырысты.
Бану Саиданың үйіндегі халифалыққа қатысты дау-дамай ұзаққа созылмады. Әбу Бәкір өзінің парасатты сөздерімен қарсы жақты тоқтамға келтіре білді. Әбу Бәкірдің айтқандары мынау болды: «Біз әмір, сіздер уәзірсіздер. Алланың елшісі имамдардың құрайыштан болатынын айтқан. Алла бізді «әс-Садиқун», сіздерді «әл-Муфлихун» деп (Хашр 59/8-9) «Ей иман етушілер «Алладан қорқыңдар және әс-Садиқундармен бірге болыңдар» (Тәубә 9/119) аяты арқылы сіздердің бізбен бірлік пен тірлік ішінде болуларыңызды бұйырды (Әл-мунақашату байна әл-мутакаллимин биль ахадиис).
Әбу Бәкірдің әсерлі сөздерінен кейін Омар ибн Хаттаб оны халифа ретінде мойындайтындығын және басқалардың да өзін қолдауын талап етуіне байланысты халифалық мәселесі шешілді. Әрине, қарсылары да болды. Мысалы ансарлардың көсемі Саъд ибн Убаде Әбу Бәкірдің халифалығын мойындамастан имамдықтың өздеріне тиісті екендігі пікірінде қалды. Шындығына келгенде ансарлардың билікке ұмтылу әрекеттері бір жағынан орынды болып көрінгенімен аймақтың мәдени, тарихи жағдайларын есепке алар болсақ, жағдайды басқа қырынан көреміз. Өйткені арабтар салт-дәстүрге берік халық. Исламға дейін ол аймақта арабтың Құрайыш тайпасы басқа араб тайпаларынан үстем болды және айтқандары орындалып отырды. Басқа тайпалар да олардың бұл артықшылығын мойындап, қабылдаған. Құрайыштардың халифалыққа отыруы исламның одан әрідегі болашағы үшін маңызды еді.
Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,
дінтанушы