Сұрақ: Исламда табиғатты қорғауға қатысты не айтылған?
Жауап: Ислам қағидатына сәйкес адамның амалы, сөйлеген сөзі мен айналасына қатысты жасаған әрбір әрекеті құлшылық саналады. Мұсылман үлгілі азамат болуы арқылы отбасымен, қоғаммен, табиғатпен жақсы мәміле жасауы міндеті. Себебі күлі әлемді жаратқан Алла барлық нәрсеге өлшем қойды: «Оның жанында әр нәрсе өлшеулі» (Рағыд: 8).
Басқаша айтқанда, ислам әрбір нәрсеге ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарауды міндеттейді. Қарапайым ғана мысал келтірейік: қазақ: «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпайды. Әдетте намаз үшін дәрет алатын судың өзін ысырап етпей алу керек. Кез келген мешіт дәретханасында «Суды ысырап етпеңіз» деп жазып қояды. Сондықтан ислам тек мал-мүлікті жаратуда немесе тамақ ішіп-жеуде ғана емес, табиғат байлықтарын пайдалануда да ысырапшыл болмауды әмір қылады.
Төмендегі хадистен исламның табиғатты қорғауға қаншалықты жауапекршілікпен қарайтынын көруге болады: «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін» (Бұһари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ